Бұл орайда шипажай аумағында ғана емес, бүкіл ауданда қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтау мақсатында сенбілік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Ең бастысы, тұрғындар тазалыққа денсаулық кепілі ретінде қарайды. Сенбілікке қала және ауылдық округі әкімдіктері, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және ауыл тұрғындары атсалысып жүр. Жуырда республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды тазалау, шөп ору, мекеме аулаларындағы ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстау арқылы да игі іске үлес қосып жүрген тұрғындар тазалық жанаршылықтан басталатынын, экологиялық мәдениет осындай іс арқылы қалыптасатынын айтады.
Ал Арыс қаласында Арбат демалыс аумағында орындықтарды сырлау, бұзылғандарын ретке келтіру, ағаштарды суарып, арамшөптерін шабу жұмысы жүргізілді. «Теміржолшылар» саябағы аумағынан қоқыс жиналып, полигонға шығарылды. Сәуірде басталған тазалық науқаны Сайрам ауданында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аудан аумағында өткізілген 70-тен астам сенбілікке жалпы 135 000 адам және 267 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 5 012 тонна күл-қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон аумақтарына шығарылды. Сенбілік барысында 753 шақырым облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер, 52 шақырым аяқжол, 98 шақырым ирригациялық жүйелері мен арық-атыздар күл-қоқыстардан тазаланды. Бұдан бөлек, 16 саябақ пен сквер, 33 аялдама, 42 спорт және балалар алаңшалары мен 12 стрит-воркауттар сырланып, қалпына келтірілді. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жасыл аймақ» КММ тарапынан берілген 23 200 түп көшет жол жиектеріне, өзен жағалауына, демалыс аумақтарына отырғызылды. Сонымен қатар демеушілер есебінен берілген 2000 ағаш және гүл көшеттері егілді.
Түркістан облысы