Қоғам • 11 Маусым, 2024

Атырауға Қытайдан гуманитарлық көмек келді

26 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 маусымда Қытайдың шығыс жағалауындағы ірі Ляньюньган портынан Атырауға гуманитарлық жүк келді, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауға Қытайдан гуманитарлық көмек келді

Фото: shutterstock

Төтенше жағдайларды жою жөніндегі аймақтық штабтың хабарлауынша, Ляньюньган портының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Чжао Вэй Қытай мен Қазақстанның ұзақ достық тарихы бар өркениетті мемлекеттер екенін атап өтті.

«Ляньюньган мен Атырау бір-бірінен алшақ болғанымен, бұл халықтар арасындағы байланысқа кедергі келтірмейді. Белгілі бір себептермен гуманитарлық көмегіміз сәл кешігіп келді. Бірақ бұл біздің елге деген қамқорлық көрсетуімізге кедергі болмады. Бүгін мен Ляньюньган порты атынан гуманитарлық көмекті Атырау қаласының әлеуметтік даму қорына аударып жатырмын», деп жедел штаб Қытай өкілінің сөзін келтіреді.

Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына Ляньюньган қаласынан шатырлар, төсек-орын жабдықтары, қолғаптар, резеңке етіктер, күректер мен ылғал сіңіретін құралдар жеткізілді.

Штаб Ляньюньгандағы қытай-қазақстандық логистикалық база Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын белсенді түрде арттырып отырғанын, бұл екі халық арасындағы ынтымақтастық пен өзара көмекті нығайтуға ықпал ететінін еске салды.