Туризм • 11 Маусым, 2024

Алакөлге асыққан адам көп

64 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Алакөл жағалауы – демалушыларға таптырмас орынға айналды. Көл суына тәнтілер мұнда қызмет көрсету деңгейінің төмендігіне де көз жұма қарайды. Биыл сол қателіктерді түзету мақсатында Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов Ақши аулында орналасқан «Alakol Resort» демалыс орнында кәсіпкерлермен кездесіп, аталған мәселелерді талқылады.

Алакөлге асыққан адам көп

Фото: urjar.kz

Жиында көл жағалауын бекіту, электр жарығы, су, қоқыс, кәріз жүйесіне тазарту қондырғысын орнату, ауылдың ішкі көшелері, су көлігі, байланыс жүйесі секілді кейбір төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары баяндалды. Әр сала басшылары туризмді дамытуда кенжелеп жатқан мәселелер бойынша есеп беріп, атқарылған ауқымды жұмыстарды таныстырды. Атап айтсақ, қажетті инфрақұрылым тарту бағыты бойынша бүгінгі таңда Алакөл ауданы әкімдігі тарапынан «Бескөл – Ақши» ауылдарының аралығына жоғары кернеулі 110 кВт-тық, желілерді тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, бюджеттік өтінім жолданған. Сонымен қатар, Ақтоғай – Көктұма бағытында жоғары кернеулі 220 кВт-тық электр желісін салу жұмысының жоба-сметалық құжатын әзірлеу жалғасуда.

Тұрғындарды толғандырған Алакөл жаға­лауындағы электр энергиясы мәселесін шешу мақсатында Ақши ауылын­да орналасқан қосалқы стансаға 2 дана 6300 кВт және 6 дана трансформатор орнатылып, пайдалануға берілген. Ақши аулы мен көл жағалауын электр­мен қамтамасыз ету, электр энергиясының өткізу қабілетін жоғарылату жұмыстары жос­пар бойынша жүргізілуде.

Бүгінде көл жағалауындағы 77 демалыс орны орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Тағы да 23 демалыс орны орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуға өтініш білдірген. Демалыс орындары мен демалушыларға қолайлы жағдай туғызып, су жүйесімен толық әрі дұрыс қамтамасыз ету мақсатында «Алакөл су» жұмысты бас­тап кеткен. Ал Ақши аулындағы көл жағалауына 17 орынға автотұрақ салынып, арнайы жол белгілері орнатылған.

«Табиғаты талайды тамсандырған Алакөл көлінің ортасында Үлкен, Кіші Аралтөбе, Белқұдық және басқа да аралдар орналасқан. Климаты — күрт континенталды. Таңертең күн шуағымен көлдің түсі нәзік көгілдір болады, ал кешке қарай көк түске айналады. Егер бұл аймақта жел тұрып, дауыл соқса Алакөлдің суы ластанып, қара түске боялады. Алакөл — малтатас және қиыршық таспен тегістелген қара жағажайы бар әлемдегі жалғыз көл», дейді Ақши аулының тұрғыны Асан Өтеуов.

Ырғайты ауылдық округіне қарасты көл жағалауындағы санитарлық тазалық жұмысына жауапты мердігер «ALA COMPANY» ЖК және «Береке» ЖК 13 шақырым жерге 130 дана қоқыс жәшігін орнатса, мердігер «Аla company» ЖК қоқыс қалдықтарын арнайы орынға тасымалдау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ Ақши аулындағы 3 шақырымда орналасқан қоқыс полигонын «Қыраубаева» ЖК-не сенімгерлік басқаруға және ақылы қызмет көрсетуге берілген. Олар бұл міндеттемені тыңғылықты атқаруда.

Биыл Ақши мен Көктұма туристік аймағында жаңадан 8 туристік нысан іске қосылып, демалыс орнын 310-ға жеткізу көзделуде. Ойға алған жоспар толық орындалғанда Алакөлге келетін турист саны 1 млн 600 мың адамнан асады.

Суының құпиясы бөлек Алакөлге асыққан халық жетерлік. Табиғаты ерек, тылсым күші өзіне тартатын бұл мекенде демалуға отандас­тарымыздан бұрын, шетелдіктер жиі келетін болған.

 

Жетісу облысы