Жәдігер • 10 Маусым, 2024

Ақынның ерекше портреті

57 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абайтанудағы ерекше дүниелердің бірі – ақынның қолдан салған суреті. Бүгінгі күнге дейін хакім тұлғасын айғақ­тайтын 1896 жылы және 1903 жылы түсірілген нақты екі фотосуреті сақталған. Бұған қоса оның көзі тірісінде 1887 жылы қарын­дашпен салынған портретін айтуға болады. Оның авторы – әуесқой суретші П.Д.Лобановский.

Ақынның ерекше портреті

Павел Дмитриевич Ресей патша үкіметінен саяси қуғын-сүргін көріп, 1884 жылы тамыз айында Семей қала­сына жер аударылып келіп, жазасын өтейді. Алғашқыда Өскемен уезінде айдауда жүреді. Семейге келгеннен кейін саяси істі бол­ғандармен танысып, Абай (Ибра­­гим) Құнанбайұлы туралы біледі. Айналасындағы туыс-жа­­­қындарының бейнесін қағаз­ға тү­сіріп жүрген суретші ақын­мен таныс­тықтан кейін оның портретін салуға кіріседі.

1887 жылы салынған портретте «Ибрагим Құнанбаев – Семей уезі, Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жет­кілікті мөлшерде әйгілі адам. Өз халқының әдет-ғұрпының білгірі. Қазақтар арасында үлкен ықпал иесі. Қырық бес жаста» деген жазу бедерленген.

«Семей уезіндегі адамдардың типтері» деп аталатын арнайы серия жеті суреттен тұрады. Осы се­рия­ға кіретін Абайдың қырық екі жасындағы бейнесі Абай музейінің асыл қорындағы елеулі экспонаттар тізімінде.

 

Абай облысы