25 Сәуір, 2015

Қазақстанда сайлау алдындағы «Тыныштық күні» жарияланды

353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

26-03-15-vybory-1

АСТАНА. 25 сәуір. Бүгін 00.00-де 26 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын кандидаттардың үгіт-насихат науқаны аяқталды. Осыған орай «Тыныштық күні» жарияланды. Бұл тралы «ҚазАқпарат» хабарлады. «Бүгін кандидаттарға да, оларды қолдаушы азаматтарға да қандай да бір үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады», - делінген хабарламада. Кандидаттарға сайлауалды науқанын жүргізуге тыйым салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң нормасымен (27-бап, 2-тармақ) және «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына әзірлік және оны өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» ҚР ОСК қаулысымен белгіленген. Орталық сайлау комиссиясның қаулысында сайлауалды үгітін жүргізу тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап, сайлау алдындағы күні жергілікті уақытпен ноль сағатта аяқталатыны (2015 жылғы 26 наурызда басталып, 2015 жылғы 25 сәуірде сағат 00.00-де аяқталады) айтылған. Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына небәрі 1 күн ғана қалды. 26 сәуірде таңертең сағат 7.00-ден бастап Қазақстан азаматтары өздері қалаған кандидатқа дауыс бере бастайды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілдері елдегі барлық сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайын екендігін мәлімдеді. 2015 жылғы 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. 18 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісі Мемлекет басшысына ҚХА Кеңесінің бастамасын қолдау туралы өтініш білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 25 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуіріне тағайындалды. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды  ұсыну республикалық қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдары және азаматтар өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылды. Ол сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні - 2015 жылғы  26 ақпаннан басталды және 2015 жылғы 15 наурызда  аяқталды. Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде барлығы 27 үміткер тіркелді. Қазіргі таңда Қазақстан Президенті сайлауына 3 кандидат үмітті: «Нұр Отан» партиясының атынан Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы,  Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан Мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов және өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Құсайынов Әбілғазы Қалиақпарұлы. Сайлау қарсаңындағы, сондай-ақ сайлау күні құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушыларының назарын келесі заңнама нормаларына аударамыз. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңның 27-бабының 2-тармағына сәйкес, үгiт-насихат сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша, яғни, 2015 жылғы 25 сәуірдегі сағат 00.00-де аяқталды. Осы заңның 32-бабына сәйкес сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейдi. Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады (Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы). Сондай-ақ Конституциялық заңның 39-бабының 2-тармағына сай дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы тәртiпке жауапты болады және Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез-келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге құқылы. Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады. Сайлау бюллетеньдерін учаскелік сайлау комиссияларына аумақтық сайлау комиссияларымен сайлауға кемінде бiр күн қалғанда - 2015 жылғы 24 сәуірден кешіктірмей жеткізіледі. Дауыс беру учаскелік сайлау комиссияларында сайлау күні, 2015 жылғы 26 сәуірде жергілікті уақыт бойынша  07-00-ден 20-00 сағатқа дейін өткізіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің 1026 байқаушысы бақылайды. Орталық сайлау комиссиясы 858 байқаушыны аккредиттеді. Олардың 293-і - ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының, 410-ы - ТМД миссиясының және 10-ы - ШЫҰ миссиясының, 15-і - Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің, 11-і - Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының, 3-еуі - Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері және 37 шет мемлекеттен 116 байқаушы бар. Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде 37 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдарының 168 өкілі аккредиттелген. Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының қорытындылары сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн мерзімнен, яғни 2015 жылғы 3 мамырдан кешіктірмей анықталады. Сайланған Қазақстан Республикасының Президентін тіркеу сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзім ішінде  2015 жылғы 3 мамырдан кешіктірмей жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қорытындылары туралы  хабар бұқаралық ақпарат құралдарында Сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей, яғни 2015 жылғы 6 мамырдан кешіктірмей жарияланады. Құрыш Нұрымбет.