25 Сәуір, 2015

Павлодарда 5 жасынан көзге түскен боксшы қыз шықты (видео)

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
25-04-2015-evnika 01АСТАНА. 25 сәуір. Осыдан үш жыл бұрын ғаламторда «Қазақстаннан шыққан ең жылдам қыз» атты бейнеролик жарияланғаны белгілі. Шамамен 3 миллион рет қаралған видеода 5 жасар павлодарлық Эвника Садвакасова бокс спорты бойынша шеберлігін көрсетеді. Арада үш жыл өткен кезде талантты қыздың әкесі кезекті бейнероликті жариялады. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады. Жаңа бейнероликте де Эвника бұрынғыдай жоғары деңгейде техникалық шеберлігін паш етеді. Әкесі Руслан Садвакасовтың айтуынша, қызының техникасы мен соққысына мамандар жоғары баға берген. Тіпті кейбір кәсіпқой боксшылардың өзін жолда қалдырады екен. «Эвника соққы техникасын үйрететін жаттығу спаррингтеріне қатыспаса да, шеберлігі аса жоғары деңгейде. Мен барлық балаларыма бокстың қыр-сырын үйретіп, осы спортқа баулыдым. Бірақ менің жаттықтырушылық әдісім бойынша олар 15 жасқа дейін шаршы алаңға шықпайды. Әйтпесе, баланың психикасына зақым келеді. Мәселен, Анжа есімді қызым тек есейген кезде ғана жарыстарға қатыса бастады. Айтпақшы, ол Ресейде ересектер арасында өткен кунг-фудан халықаралық турнирде үшінші орын алды. Бұған ерекше назар аударып отырған себебім, Анжа оған дейін тіпті жаттығу спаррингтеріне де қатыспаған еді. Мектепте қатарластары қыздарымды ешқашан ренжітпейді. Өйткені, олардың қандай деңгейдегі шебер спортшы екенін бәрі біледі», – дейді қыздарын спортқа баулыған әке. Бір қызығы, Русланның балаларының есімдері өте ерекше. Мәселен, қыздарының есімдері: Аделаида, Хатшэпсут, Селявира және Анжа. Сондай-ақ, Айнзи Макасий есімді ұлы бар. Өзінің айтуынша, қыздарына ежелгі құдайлардың есімдерін берген. Ал ұлының есімі жапон халқының құрметіне қойылған. «Балаларымның құжаттарын рәсімдеу үшін АХАЖ-ға барғанымда, ол жердегілер күлген еді. Бірақ тиісті құжаттардың барлығын реттеп алдым. Менің бұл әрекетімді әйелім Ания да қолдады», – дейді Руслан. Айта кетейік, Ания – акробатикадан Қазақстан чемпионы. Ал Руслан – бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Олардың қыздарында өздерінің құпия қарулары бар екен. Нақты айтар болсақ, әкелері бірегей жаттығу эспандерін ойлап тапқан. Аталған жаттығу құралы адамның бұлшық етінің реакциясын өте жоғары деңгейде жетілдіреді. «Біз ол құралды эвник деп атадық. Онымен жаттыққан кезде соққының жылдамдығы адамның рефлексімен бір деңгейде жетіледі. Ол жаттығу құралын бүгінде АҚШ, Австралия және Батыс Еуропадан адамдар арнайы келіп сатып алады», – дейді балаларының өмірін спортпен өрген Руслан Садвакасов. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: «Экспресс К».