Салық • 08 Маусым, 2024

Жаңа Салық кодексінің басты бағыттары

52 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте «Amanat» партиясы фракциясының жиынында депутаттар Үкімет мүшелерінің жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша есебін тыңдады. Депутаттар бұл ел экономикасына, әрбір кәсіпкерге және салық төлеушіге тікелей қатысы бар ең күрделі және жан-жақты талқыланатын заң жобасы екенін атап өтті.

Жаңа Салық кодексінің басты бағыттары

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеуді екі жыл бұрын тапсырғанын айтты. Президент салық саясаты әділ, ашық, тұрақты және барлығына бірдей түсінікті болуы керек екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

«Бүгінде қоғам жаңа Салық заңнамасынан үлкен үміт күтеді. Жаңа заң жобасы қазіргі салық сая­сатына қатысты барлық мәселені шешіп, Президент жариялаған жаңа экономикалық саясаттың негізін қалауға тиіс. Салық жеңіл­діктері тек фискалдық мақсат­тар­ды көздемеуі және жекелеген салаларға лоббизм жасамауы керек. Олар болашаққа бағытталып, ел экономикасының ұзақмерзімді дамуымен өзара байланысты болу­ға тиіс», деді ол.

Е.Қошанов қазіргі Салық кодексінде орта бизнесті дамытуға тиісті жағдай жасалмай отырғанын жеткізді. Керісінше, ондағы талаптар салық заңнамасын бұзып, тіпті оны айналып өтуге итермелейді.

«Орта бизнес сапалы эконо­миканы дамытудың нағыз қоз­ғаушы күші болуы керек. Бұл – халықаралық тәжірибе. Бәрі­міз білетіндей, орта тап қан­шалықты күшті болса, экономика соншалықты тұрақты және мықты болады. Сондықтан біз орта бизнестің дамуы үшін реттеуші және салықтық жағдай жасауымыз керек», деп атап өтті партия төрағасы.

Е.Қошанов салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етудің бас­ты құралы ретінде цифрландыру мәселесіне ерекше назар аудар­ды. Салықтық әкімшілендіру­дің сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету үшін цифрландыру жұмысы толыққанды жүргізілуге тиіс.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттарға жаңа Салық саясатының негізгі бағыт­тары туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы салықтар санын кем дегенде 20%-ға қысқар­ту міндетін қойды. Осыған бай­ланысты бірыңғай жер салы­ғын салықтың жеке түрі ретінде жою, сондай-ақ алымдардың 6 түрін және мемлекеттік баждардың 5 түрін қысқарту ұсынылады. Бұ­ған қоса, азаматтардың зейнетақы төлем­де­рін жеке табыс салығынан босату, сондай-ақ «сән-салтанатқа», оның ішінде жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілеріне салынатын салық мөлшерін арттыру жоспарлануда.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық есептілігін қысқарту бойынша ұсынылған шараларға тоқталды. Бизнес субъектілері декларациялар мен салық есептерін уақтылы өткізбегені үшін жауапқа тартылмайды. Егер салық міндеттемелері 1 млн теңгеден кем болса, мүлік пен жерге салынатын, сондай-ақ заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша есеп беруді алып тастау ұсынылады.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Татьяна Савельева жаңа Салық кодексінің жобасын Пар­ламентке енгізу 2023 жылғы жел­тоқсаннан осы жылдың тамыз айы­на ауыстырылғанын еске салды.

«Мерзімі неғұрлым кейін­ге шегерілген сайын салық төлеу­шілердің, сарапшылар қауым­дастығының, инвестор­лар­дың түсініспеушілігі мен күмәні со­ғұр­лым арта түседі. 2030 жыл­ға дейінгі салық саясатының Тұжырымдамасы әлі қабылданған жоқ. Тиісінше, салықтық ынталандыру тетігін қай тұста қосу, қай тұста қатаңдату керек екені, бұл қадамдар бюджет кірісіне қалай әсер ететіні туралы нақты көзқарас жоқ», деді ол.

Үкімет өкілдері депутаттардың жаңа Салық кодексіне және қазіргі салық саясатындағы мәселелерді шешуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Үкіметке жаңа Салық кодексі бо­йынша жұмысты жеделдету қажет екенін және құжат мерзімінде Мәжіліске енгізілуге тиіс екенін атап өтті. Бұл жұмысқа депутаттар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қосылуға тиіс. Бұл жұмыс Бюджет кодексінің жобасымен қатар қарастырылуы керек. Осы мәселе бойынша Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның жеке отырысы өтеді.

Соңғы жаңалықтар

Күзгі қомырған

Мирас • Кеше

Иткөйлек

Оқиға • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Жастар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан» • Кеше