Аймақтар • 07 Маусым, 2024

Қос өреннің өмірін қиды

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда жантүршігерлік жол-көлік апаты болды. Павлодар-Ақсу автожолында скутер тізгіндеген қос жасөспірім «КамАЗ» көлігіне соғылып, көз жұмды.

Қос өреннің өмірін қиды

Фото: t.me/tipavlo

Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов хабарлағандай, Павлодар-Ақсу автожолында 15 жастағы екі жасөспірім мінген скутер «КамАЗ»-ға соғылған.

«Апат салдарынан техника рулінде отырған бала сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал екіншісі жедел жәрдем көлігімен Павлодар қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілген. Алайда алған жарақаты ауыр болып, ауруханада көз жұмды», деп мәлімдеді полициядан. Облыстық жедел жәрдем стан­сасының өкілдері көлік апаты жолдың Қарабай ауылы аума­ғында болғанын айтады.

Екі жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылып, олар оқиға орнына 9 минутта жеткен. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері екі жасөспірімнің де өмірін сақтап қала алмады.

Аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жол-көлік апатының себеп-салдары жіті тексеріліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Жалпы, жыл басынан Ертіс-Баян өңірінде жол апатынан 3 бала қаза тапқан. Тағы 41 жасөспірім апат салдарынан жарақат алған. Ал балалардың қатысуымен жалпы саны 36 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Тәртіп сақшылары жазғы демалыс кезеңінде ересектерден балалардың қауіпсіздігін тұрақты назарда ұстауды сұрап отыр. Оқиғалардың 70 пайызында жаяу жүргіншілер кінәлі болады екен. Соңғы уақытта рулінде жасөспірімдер отырған мотоциклдердің, скутерлердің қатысуымен келеңсіз оқиғалар жиілеп кеткен.

«Балалар өз эмоцияларын басқара алмайды, драйвқа көбірек сүйенеді, жылдамдық режімін сақтай алмайды. Ал мұның соңы ауыр зардаптарға әкеледі», дейді полицейлер.

 

Павлодар облысы