Театр • 07 Маусым, 2024

Сахнада – «Қара орамал»

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Зұлмат жылдардың зобалаңы. Алаш жұртына төнген азап. XX ғасырдағы қасірет. Қанды қасап. Қабырғасына қан қатқан Қарағанды лагері. Ақтаңдақ ақиқат. Алаш жырының ардакүреңі атанған ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Біздің бұл жолғы айтпағымыз сол поэма-реквием негізінде дайындалған қойылымды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенттері сахнаға сәтті алып шықты.

Сахнада – «Қара орамал»

Университеттің «Шат­тық» әуес­қой жас­тар театры сах­на­ла­ған жаңа қойы­лымнан көрер­мен зо­балаң жылдардың қасі­ре­тін көре алды. Әуесқой театр­­ ­деме­сеңіз, сахнаға аласапыран қасіреттің төнгенін алып шығуын, жалындаған студент жас­­тардың жанарынан сол ке­зең­ге енгенін көрген көпшілік қошеметпен бағалады. Ақынның поэмадағы «Қарағанды лагері», «Қарлаг қақпасы», «Мамочкина моласы», «Қызжылаған», «Гене­рал­дың қызы», «Тас пен ас», «Гар­моншы» сынды әр бөлімін әсер­мен жеткізе білді. Мұнда қойылымның ре­жис­­сері әрі же­тек­шісі ретінде еңбек еткен С.Сейфуллин атын­дағы Қарағанды облыс­тық ака­де­миялық қазақ драма театрының актері Ахай Жұмамұратовтың кәсіби шебер­лігін, кәделі еңбегін айта кет­кеніміз жөн.

«Университеттің басқарма төрағасы-ректоры Нұрлан Орын­басарұлы «Қара орамал» поэ­масын сахнаға алып шықсаң қай­теді?» деп ұсыныс білдірген еді. Тарихи дүниелерге өзімнің де қызығушылығым жоғары. Содан поэманы қайтадан оқып шығып, мән-маңызына тереңдей түстім. Қойылымға қатысатын әр студентке де түсініп оқыңдар деп талап қойдым. Шығарманы бірге тал­қыладық. Содан соң күн­де­лікті талдап, оқыған дүние­лерімізге оқиға қоса бас­тадық. Одан кейін Қарлаг туралы деректер іздеп, қойылым желісін соларға сүйеніп, сәй­кестендіріп құрастырып көрдік. Спектакль барысында қазақ даласында Қарлагтың құ­рыл­уы, қазақтың аяғына тұсау салынуы сияқты көріністер орын алды», дейді режиссер.

Режиссердің тағы бір шебер­лігі, спектакльге сол дәуірде туған әуендерді пайдаланған. Атап айтсақ, «Кісен ашқан», «Қоңыр» күйлері, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні сол заманның күбірін жеткізді.

Сәкен театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Айдын Салбан қойылымның әсер­лі шыққанын, студент актер­лердің өздеріне бекітілген бей­не­лерді шынайы жеткізгенін айтты.

«Көп жерде кәсіпқой театр, ­әуесқой театр деп бөліп қарас­ты­рып жатады. Жалпы, сахнада өмір көрсетіледі. Осы ретте өмірдің кәсіпқойы мен әуесқойы бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл жерде де өмір жатыр. Демек жастардың шығармашылық ұжымын театр деп атауға болады. Енді ғана тәй-тәй басайын деп тұрған жас театрға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Қойылым әсерлі болды. Өзіндік әдемі формасын тапқан. Әсіресе студенттердің алпыс екі тамырын идіріп, жүйке талшықтарын шымырлатып тұрып жан дүние­сі­мен рөлді сомдауы – үл­кен қуаныш. Театр тілімен айтқанда, ешқандай фальш жоқ. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетері сөзсіз, жүрекке жетті. Театр­ларыңыз көп жасасын!», деп өнерлі өрендерге ризашылығын жеткізді.

Бұған дейін ректор Нұрлан Дулатбековтің мұрындық болуы­мен поэма әлемнің 16 тілі­не ауда­рылып, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды универ­си­теті баспасының баспаханасында жарық көрген еді.

«Адамзаттың арда емген

асылдары,

арығаны,

атылып,

асылғаны...

Қарағанды лагері – қара орамал

Жиырмасыншы

ғасырдың басындағы», – деп аяқталады әйгілі шығарма.

Рас, сол дәуірдің қанды қыр­ғыны, қасірет-қайғысы ақын­ның қалам қасиетімен тағы бір тарихқа айналды. Бұл – опа мен жапа шеккендердің рухына жасалған ұлы тағзым. Ал поэманы спектакльге айналдыру – тарихи шығармаға көрсетілген үлкен құрмет.

 

Қарағанды облысы