Үкімет • 07 Маусым, 2024

Масс-медиа туралы заң – әділ қоғамның айнасы

43 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар медиа саласына және жаңартылатын энергияға қатысты заңдарды, сондай-ақ балық аулау субсидиялары жөніндегі келісімді қарады.

Масс-медиа туралы заң –  әділ қоғамның айнасы

Қазақша контент әзірлеушілерді қолдау қажет

Отырыс барысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Палата төрағасы атап өткендей, бұл заңдар масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітілді.

«Оқиғаларды объективті түрде жариялау және таратылатын ақ­параттың анықтығы – заңда көр­сетіл­ген негізгі қағидаттардың бірі. Жаңа нормалар арқылы БАҚ қыз­метін ұйымдастыру шарттары, жур­налис­тердің кепілдіктері, олардың азамат­тармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәр­тебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құ­қық­тарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақ­станның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Ұсынылған жаңа нормалардың қатарында қаржыландыру тетіктеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеуге, БАҚ сұрау­ларын қарау мерзімдерін қысқартуға және тағы басқа мәселелерге қатысты новеллалар бар.

Палата спикері кеше қазақ тілінде контент жасап жүрген креативті индустрия өкілдерінің форумында осы мәселе кеңінен талқыланғанын айтып, оларды қолдау маңызды міндет екенін тілге тиек етті.

«Кеше креативті индустрия өкілдерінің форумына қатыстық. Сол жерде қазақ тілінде балаларға арналған контент жасап жүрген мамандар біраз проблеманы көтерді. Оның ішінде қаржыландыру, маркетинг, ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәсе­лелер бар. Осыған байланысты бүгін қаралып жатқан заң аясында бала­ларға арнап қазақша контенттер жасайтын жастарды, ұжымдарды қолдау тетіктерін де назарға алуы­мыз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау бір реттік емес, жүйелі түрде болуға тиіс. Сенат алдағы уақытта осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырады», деді ол.

 

Жаңартылатын энергияны пайдалану ұлғаяды

Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартыла­тын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң осы бағыттағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көлемін одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ электр энергетикасы саласын қосымша қолдауға бағытталған. Осыған байланысты заңда жаңартылатын энергия технологияларын пайдалануды ынталандыру және өңірлік электр желілерін дамыту үшін бірқатар құқықтық тетіктері қарастырылған.

Сондай-ақ депутаттар «Дүние­жүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Құжат заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін балық аулауға ықпал ететін субсидия беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған. Отырыста атап өтілгендей, ДСҰ-ның барлық мүшесі үшін міндетті Хаттаманың қабылдануы көпжақты сауда байланысы бар ел ретінде еліміздің имиджіне оң әсерін тигізеді.

 

Сақтандыру саласындағы зәруліктер

Палата отырысында бірқатар сенатор депутаттық сауалдарын жолдады. Андрей Лукин Үкіметті сақтандыру ком­панияларының қызметіне бақы­лауды күшейтуге шақырды. Депу­таттың айтуынша, қазіргі ең төменгі сақтандыру мөлшерлемесі жұмыс берушілер үшін, әсіресе ауылдық жерлерде қаржылық ауыртпалық туды­рып отыр.

Елімізде 2005 жылдан бастап қызметкерлерді міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келеді. Ол еңбек міндеттерін орындау кезінде оларды жазатайым оқиғадан сақтандыру­ды тір­кеу мақсатында талап етіледі. Алай­да бұл салада бірқатар проблема да бар.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі сақтандыру мөлшері тиісті жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерін құрайды. «Қолданыстағы сақтандыру жүйесі еңбекке қабілетінен 30-дан 100%-ға дейін айырылған жағдайда ғана төлем беруді көздейді. Қалған жағдайда міндетті сақтандыру шарты жасалған және тиісінше орындалған жағдайда да қызметкердің жоғалтқан жалақысы мен денсаулығының бұзылуына байланысты шығындарды өтеу тікелей жұмыс берушіге жүктеледі. Егер қызметкердің қайтыс болуы немесе кәсіптік еңбекке қабілеттігінен айырылу дәрежесі 30% және одан жоғары болуына байланысты сақтандыру төлемі залалды толық өтеуге жеткіліксіз болса, ал жоғалтқан табыс мөлшері 10 айлық жалақыдан асатын болса, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуге міндетті», деді сенатор.

Депутат сондай-ақ ауылдық жер­дегі жұмыс берушінің қаржы жүк­те­месіне еңбек қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мен жұмыс жағда­йын жақ­сарту қамтылғанына алаңдау­шылық білдірді. Сақтандыру компания­лары жазатайым оқиға кезінде шығын­дардың аз ғана бөлігін өтейді. Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке сақтандыру саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар шараны қарастыруды ұсынды.

«Ауылдық жерлердегі жұмыс берушілерге сақтандыру сыйлықақы­сының сомасын мөлшерлес қайта қараумен 6 айға сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігін қарастыру керек. Ауылдық жердегі жұмыс беру­ші төлейтін сақтандыру сый­лықақысының ең төменгі мөлшерін ең аз жалақы көрсеткіші бойынша 1-ден 0,5-ке дейін төмендету керек. Сақтандырудың тиімділігін арттыру шараларын әзірлеу туралы мәселені қарастыру керек. Атап айтқанда, сақ­тан­дыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейту және олардың операцияларының ашықтығын қамта­масыз ету керек», деді Андрей Лукин.

 

Білім беруде саннан сапаға көшкен жөн

Сенатор Алтынбек Нұхұлы мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламасының жүктемесі шамадан тыс екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Депутаттың пікірінше, Орта білім беру сапасын арттыру тұжырымдамасына осы бағыттағы халықаралық тәжірибені ескере отырып өзгерістер енгізу керек.

Мектептерде тым көп пән оқыты­лады, ал оқулықтар оқушыға түсінуге қиын ғылыми тілде жазылады. Сена­тордың айтуынша, білім сапасы жағынан алға кеткен Жапония, Оңтүс­тік Корея, Финляндия және Канада сияқты елдерде 7-8-сыныпта нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал бізде 15 пән, ал 9-сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп. Сонымен қатар химия, биология және география сияқты оқу пәндері шетелдің мектебінде бір «Ғылым» пәніне біріктіріліп, өте аз уақыт оқытылады. Осыған қарамас­тан, кейінгі 15 жылдағы халықара­лық PISA зерттеуінің қорытындысы бо­йынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары болып отыр. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді.

«Қазақстанда мектеп оқушы­ларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта жазылған. Ал озық елдің тағы бірі Ұлыбританияда – керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыс­тырылып оқытылады. Басқаша айт­қанда, оқушының алдағы өмірінде прагматикалық тұрғыдан қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді, яғни оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәти­жеге бағдарланған білім беріледі. Орта білім беру саласында сапалы білім беру үшін оқушыларға заман та­лабы­на сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің тұжырымдамасына сәй­кесін­ше өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз», деді Алтынбек Нұхұлы.

Сенат отырысында сонымен қатар депутат Мұрат Қадырбек Кентау қала­сының экологиялық проблемаларына тоқталды. Ол экологиялық қауіп­ті аймақтарда тұратын азамат­тар­ға үстемақы төлеу мәселесін көтерді.

Сенатор Нурия Ниязова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы көпсалалы аурухананың өзекті проблемаларына Үкіметтің назарын аударды. Аталған нысан ангиографиялық жүйе орнатуды қажет етеді. Бұл жабдық қан айналымы жүйесінің ауруларын сапалы емдеу және инсульт салдарынан болатын өлімді азайту үшін керек.

Арман Өтеғұлов өз сауалында отандық теміржол саласындағы негізгі проб­лемаларға, оның ішінде ин­фра­құ­рылымның тозуы, вагон­дар­дың тап­шылығы, үдерістерді авто­мат­­танды­рудың төмен деңгейі, билет­тер­дің жетіспеушілігі және олар­дың жо­ға­ры құны сияқты түйткілдерге тоқталды.

Ал Айнұр Арғынбекова радио­фармацевтикалық дәрілік препараттарды тіркеу және лицензиялау үдерісін­дегі шектеулер елімізде ядро­лық ме­дицинаның дамуына кедергі кел­ті­ре­тінін тілге тиек етті. Осыған бай­ла­нысты сенатор процедураны жеңілдету үшін ұлттық нормативтерді еуропалық стандарттарға бейімдеуді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар