25 Сәуір, 2015

Ардагер, заңгер Айтжан аға

441 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Фото-1.JPG-1Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – елдік пен ерліктің, батылдық пен қаһармандықтың және халқымыздың бірлігі мен қайсар рухының мерекесі. Бұл мереке – Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған, теңдессіз ерліктер жасаған жауынгерлер мен офицерлердің айбыны мен тылдағы Жеңісті жақындатқан ерен еңбектің мәңгі өшпейтін белгісі болып қала бермек! Біздің аталарымыз бен апа­ла­рымыздың және аға буын­ның батырлықтары мен жанқияр­лықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауын­герлері үшін мақтан тұтарлық үлгі және бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Сондықтан да, Ұлы Жеңіс мерекесі – сан мың­даған ұрпақ үшін ортақ мереке және жас ұрпақ үшін өшпес өнеге! Бұл Жеңісті бірінші болып соғыстың алғы шептерінде қай­сарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Солардың қатарында, осы мақалаға арқау болып отырған – қазір жасы тоқсан­нан асқан, соғыс және еңбек ардагері, заң саласында 37 жыл, соның ішінде сот жүйесінде 32 жыл мүлтіксіз қызмет атқарған, Қазақстанның құрметті судьясы Айтжан Бекназаров та бар. Ардагер ағамыз Айтжан Тас­сейітұлы 1922 жылы 28 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би (бұрынғы Леңгер) ауданы Шутөбе ауылында дүниеге келген. 1934-1937 жылдары Алматы қаласында Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы қыз­метін атқарған атасы Елтай Ерназаровтың тәрбиесінде болған. 1940 жылы Төле би ауданындағы Көксәйек орта мектебінің 9 сыныбын бітіргеннен кейін, сол жылы Шымкентте ашылған бір жылдық мұғалімдер курсын тәмамдап, Төле би ауданы 1-Май ауылындағы орта мектепте тарих-география пәнінің мұғалімі болған. 1941 жылы Отан соғысы бас­талған соң желтоқсан айында әскерге шақырылып, Тараз қала­сында жасақталған 105-қазақ ұлт­тық атты әскер дивизиясында штаб байланысшысы болған. 1942 жылы тамыз айында атты әскер таратылып артиллерия полк­тері жасақталуына байланыс­ты, 152-гау­бица артиллериялық полкінің бесінші батареясының аға барлаушысы болып тағайындалған. Иваново облысындағы, Горохо­вецкий лагерінде екі ай жедел жаттығудан кейін, 1942 жылы қазан айында Сталинград майданына жөнелтілген. Ардагер аға құрамында болған полк 1942 жылы 19 қарашада Сталинградтағы фашистік Герма­ния әскерін қоршауға алу мақса­тындағы соғыс қимылдарына қатысқан. Осыдан соң бұл полк үшінші Украина майданында жау­дан елді азат етуге қатысқан. 1943 жылы соғыстың қызған тұсында, бір сүйем жер үшін жан алып, жан берісіп жатқан кезде, Днепр өзенінен өтіп, оның арғы жағындағы «плацдарм» алу шайқасында көрсеткен ерлігі үшін, ол «За отвагу» медалімен марапатталған. 1945 жылы нау­рыз айында «За боевые заслуги» медалімен, кейінірек II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Айтекең 1945 жылы 8 мамырда Австрияның Грац қаласында соғысты жеңіспен аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралады. Туған жері Төле би ауданына келген соң колхозшы болып жұмыс істейді. А.Бекназаров 1947 жылы қыр­күйекте Алматыдағы 2 жыл­дық заң мектебіне түсіп, оны 1948 жылы желтоқсан айында мер­зімінен бұрын бітіреді. Қар­тайған әке-шешесінің жалғыз баласы болғандықтан, Көкшетау облыстық сотына мүшелікке барудан өз еркімен бас тартып, Шым­кентте адвокат қызметін атқарады. Содан кейін 1951 жылы 14 қаңтарда бұрынғы Ильич қазіргі Мақтаарал аудандық сотына судья болып сайланады. Айтекең өзінің ақыл-парасатының, біліктілігі мен алғырлығының арқасында жай судьядан аудандық соттың төрағасына дейін өскен және осы ауданда төрағалық қызметті 1964 жылдан 1982 жылдың маусым айына дейін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан. Айт­жан Тассейітұлы аудан­да әділ судья болып, абыроймен елге қыз­мет етіп, кері кет­кен­ді бері тартып, қоғамдық жұ­мыс­тарға да араласып, елдің бір­лігі мен ынтымағын сақтауға көп үлесін қосқанын Мырзашөл хал­қы жақсы біледі және мақтан тұтады. Осы ерен еңбегін ескеріп, Айтжан Бекназаровқа Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атағы берілген. Бұл дегеніңіз, 300 мыңнан астам халқы бар үлкен бір ауданның Айтжан Тассейітұлына және сотқа деген құрметі деуге болады. Қорыта айтсам, Айтекең 37 жыл заң саласында қызмет істеп, со­ның 32 жылын Мақтаарал аудан­­дық сотында өткерген. Айтжан ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылық жұмыстармен айналысып, «Сұра­пыл жылдар», «Ақиқат және әдеп», «Елтай елінің бір ұлы еді» жә­не «Тарихтағы ұлы тұлғалар» атты кітаптарын жазып шығарды. А.Бекназаровтың «Сұрапыл жылдар» кітабында келтірілген деректерден қазақ халқының сол жойқын соғыс жылдары бір-біріне қайырымды, тілеулес болғандығын оқығанда жүрегің елжірейді. Айтжан Тассейітұлының сот саласына сіңірген ерен еңбектері ескеріліп, Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерекесіне орай «Үш би» төсбелгісімен марапатталған болатын. Айтекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сот жүйесінен қол үзбей, судьялармен қарым-қатынаста болып, қоғамдық ұйым­дардың жұмысына белсене араласып, облыстағы түрлі жиындар мен іс-шараларға қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ өмі­рінің тарихы мен халқымыздың біртуар тұлғалары жөнінде және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы елдің тыныс-тіршілігі туралы өзі­нің ой-пікірлерін білдіріп жүреді. Қазіргі кезде зейнеткерлік демалыста жүргеніне қарамастан, сот саласымен тығыз жұмыс жасап, жас судьялармен кездесулер өткізіп, оларға ақыл-кеңесін айтып отырады. Сонымен бірге, сот саласының мәртебесін көтеруге атсалысып, басылым беттерінде мақалалар жариялап тұрады. Бүгінде біздің азаматтық мін­детіміз – болашақ ұрпақты Ота­нын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отан­сүйгіштікке тәрбиелеу. Осы орайда, біз, Ұлы Отан соғысының арда­гері Айтжан Тассейітұлын және тыл ардагерлері Августа Евстафьева, Жамал Шойбекова, Нина Кириченко, Жидегүл Ния­з­алиева тағы басқаларды об­лыс­тық және аудандық сот­тар­дың тарапынан өткізілетін түрлі мерекелік іс-шаралар мен кездесулерге, өзге де жиындарға шақырып, сый-құрмет көрсетіп тұрамыз. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның құрметті судьясы А.Бекназаровтың өскелең ұр­пақ­тармен кездесулері алдағы уақытта да жалғаса бермек. Об­лыс­тық соттың мұражайында ардагерге арналған стенд бар. Ол жерге автордың 4 кітабы мен тағы басқа да құжаттары қойыл­ған. Нұрсерік ШӘРІПОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.