Қаржы • 06 Маусым, 2024

Қаржы секторы құбылып тұр

88 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақстанның қаржы секторы: Стратегиялық сын-қатерлерге – 25 жыл» атты қаржыгерлер форумында саланы дамытудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктері талқыланды.

Қаржы секторы құбылып тұр

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қар­жы секторында бір­қатар маңызды заңнамалық бас­тама жүзеге асырылып жат­қанын, олардың мақсаты кедер­гілерді жою, заңнаманы ырық­тан­дыру және бәсекелестікті арттыру екенін атап өтті. Қолайлы нормативтік-құқықтық ортаны құ­руға, ұлттық және қаржылық инфра­құрылымды дамытуға және қар­жылық технологияларды қол­дауға ерекше назар ауда­­­­ры­латыны, қаржы нарығында жасанды интеллектінің дамуын реттеу мен ынталандырудың оңтайлы стратегиясын әзірлеп жатқанымыз да бас банкирдің назарынан тыс қалмады.

Спикерлер мемлекет пен қар­жы секторы арасындағы бай­ланыс­қа, қалтарыста қалған проб­ле­маларға назар аударды. Олар­дың айтуынша, қаржы ұйым­дарының операциялық қыз­метіне мемлекеттің шамадан тыс араласуы және пропорционалды емес салық жүктемесі болашақта елі­міздің шетелдік капитал үшін инвес­тициялық тартым­ды­лығы­ның төмендеуіне әкелуі мүм­кін.

Биыл мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Осының аясында тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту, бизнесті ашу және жүргізу рәсімдерін ырықтандыру, жаңа банк­тер ашу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша шараларды жүзеге асыру жоспарланған еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін жаңа банктер ашу мүмкіндіктерін кеңейту және халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін банк қызметтерінің қолже­тім­ділігін арттыру бағытындағы шаралар қабылдауға тиіс. Форумға қатысқан Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайы­мы Елена Бахмутова жаңа Жар­лықтан екі бағытты бөліп көр­се­туге болады дейді. Біріншісі – жеке кәсіпкерліктің еркіндігі қағидатын толық жүзеге асыру және мемлекеттің нарықтық қаты­настарға заңсыз араласуына жол бермеу. Екіншісі – квази­мемлекеттік сектор субъектілері үшін жасанды түрде жасалған артық­шылықтарды жою.

Бахмутова айтып өткендей, бұл құжат «мемлекеттік органдар мен қаржылық реттеуші органдардың кірістерін қаржы секторы мен оның қатысушыларына қатысты белгіленген басымдықтарға сәйкес­тен­діру қажет пе?» деген мәселеге нүкте қоймаса, саны бар, сапасы жоқ көп Жарлықтың бірі болып қалуы да әбден мүмкін.

Кәсіпкер Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, экономикадағы өзгеріс­тер­дің шығар-шықпас жаны бар.

«Бұл бағыт – біздің көзқара­сы­мызға қайшы. Бірақ соған қара­мастан Үкімет те, Ұлттық банк те эко­номиканы циклдік түрде қол­дау­ды жалғастырып келеді. Мұн­дай жағдайда экономиканы да, банктерді де әртараптандыруға мүмкіндік аз. Халықтың 3 пайызы ғана пайдалы қазба секторында жұмыс істейді. Біздегі жұмыссыздық мәселесі жабық тақырып болғандықтан, орта тап өкілдерін қалыптастыра алмай отырмыз. Бұл кәсіби мамандар армиясын қалыптастыруымызға кедергі болады. Менің ойымша, біздің нарық инфантильді көзқарастың құрсауында жатыр. Экономикалық белсенді топ емес, сәбилерге дейін өз ойын ашық айта алмайды, қалауының не екенін де білдіре алмайды. Бұл мәселелерді реттемей жатып, кәсіпқой менедж­ментті жетілдіру туралы әңгіме айту ерте. Жұмысшылар немесе эко­­но­микалық белсенді сегмент емес, оларды басқарып отыр­ған басшы­лардың кәсіби білік­тілігіне назар аудару керек», дейді Е.Әбдіразахов.

«Қазақстан Даму банкі» АҚ тәуел­сіз директоры Әнуар Сәй­де­нов­­тің айтуынша, қаржы сек­торы халық пен бизнеске қаржы құ­рал­дары мен қызметтеріне кеңі­рек қолжетімділікті қамтама­сыз ету тұр­ғысынан қарастырылып, бизнес пен банк арасына сына қағып тасталған.

«Нарық өлшемі бойынша банктерді бизнесті қолдауға мін­деттеу – теріс көзқарас. Себебі банк те бизнестің бір түрі. Банк бизнесі – өзінің операциялық ерек­шеліктеріне қарамастан, басқалар сияқты кәсіпкерліктің бір түрі. Айырмашылығы басқа адамдардың ақшасымен жұмыс істейді. Нор­ма­тив­тік тұрғыдан алғанда, режімдерді ырықтандырудың нұсқаулар кә­сіп­кер­лерге де, банктерге де қатысты болуы керек. Банк секторы қиын кезеңдер мен дағдарыстарды бас­тан өткерді, толыққанды айығып шықты деуге әлі ерте. Біздің банк жүйесіне реттеудің ең заманауи әдіс-тәсілі енгізіліп жатыр. Бұл ол­қылық, теңгерімсіздік банктік бизнестің бизнес ретінде реттелуіне әкеліп соғады. Көптеген талаптар бұл тең­ге­рімді бұзады», дейді сарапшы.

Баяндамашының айтуынша, отандық банк жүйесі ТМД елдері мен әлемдегі ең озық жүйелердің бірі ретінде танылды.

«Банктер қосымша капиталдандыру талаптарына жауап бере алатын еркін өтімділікке ие болуы керек. Корпоративтік басқару қағи­даттарының бұзылуы 2008-2009 жылдардағы проблемаларға әкеліп соқты», дейді спикер.

«Halyk bank» басшысы Үміт Шаяхметованың айтуынша, ше­тел­дік банктер қаржы нары­ғын­дағы жағдайға әсер ете алмайды. Ішкі нарықтағы 21 банк­тің 12-сінде шетелдіктердің үлес бар. Ол сондай-ақ қаржы инсти­тут­та­ры­ның қызметіне қатысты менталитет пен диалогті қайта қарай­тын кез кел­ге­нін де ескертіп өтті. Баян­да­ма­шы на­зар аударған тағы бір мәсе­ле – банктердің несиесі.

«Арзан мөлшерлемені нарық заңы қалыптастыра алады, ал нақ­ты секторда сенімді қарыз алушыларды табу қиын. Жаңғырту, кеңейту, салу және жаңарту жобаларына өтінімдер азайып барады. Несиенің көбі сауданы қаржыландыруға немесе айналым капиталына жұмсалады. Дегенмен ауыл шаруашылығы, агробизнес және инфрақұрылымдық жобалар сияқты қосымша көңіл бөлуді және қаржыландыруды қажет ететін салалар бар. Елдегі ин­вестициялық ахуал мәз емес. Инвесторлар мен бизнесмендер салық заңнамасының және монополияға қарсы реттеудің тұрақтылығына сенбейді. Бірнеше апта бұрын Өзбекстанда форумда болдым. Маған бірнеше шетелдік инвестор келіп, Үкіметпен жұмыс істеу, Қазақстанның монополияға қарсы және салық заңдарын түсіну қиындап бара жатқанын айтты», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ