Парламент • 05 Маусым, 2024

Онлайн-казино ұйымдастырушылары 2 жылға бас бостандығынан айырылады

56 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Онлайн-казино ұйымдастырушылары 2 жылға бас бостандығынан айырылады

Фото: parlam.kz

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында ойын бизнесі мен лудоманиямен күресті қоғамдағы өзекті мәсеселердің бірі ретінде атап өтті. 

«Өздеріңіз білетіндей, бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Оның көтеріліп, заң жобасы ретінде әзірленіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанына 2 жылдың жүзі толды. Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғамдық диалог алаңдарында да, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екендігін көрсетеді. Бұған Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма берді», деді ол.

Депутаттың айтуынша, аталған заң жобасы қоғамға тікелей әсер етеді.

Заң жобасында мына мәселелер қарастырылған:

Бірінші. Құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге шектеу қойылған адамдардың тізімі анықталды. Құмар ойындарға тыйым салудың максималды мерзімі бір жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. Ең бастысы, тыйым салуды мерзімінен бұрын тоқтату мүмкін болмайды. Сонымен қатар басты жеңістердің бірі — борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғаларды шектеу. Олардың қатарына шамамен 3,5 миллион адам кіреді. Біз оларды букмекерлік кеңселер мен казинолардың әлеуетті клиенттері деп білеміз.

Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Шектеу сонда шамамен 280 мың адамға қатысты болады. Олар үшін ешқандай ескерту болмайды. Ставка қойған адам бірден жұмыстан босатылады. 

«Петиция ұйымдастырған қоғам белсенділерінің бірі Дидар Смағұловқа рақмет. Аз ғана күннің ішінде петиция 30 мың дауыс жинады. Бұл арқылы көпшіліктің қолдауын көріп отырмыз», деді депутат.

Екінші. Құмар ойынға тәуелділер энергетикалық сусындарға әуес. Энергетикалық сусын ішіп, түнімен ойын ойнайтындар бар. ҚМА мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар құмар ойындарын ойнайды. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болып отыр. Оны тіпті 10 жастағы бала да еркін сатып ала алады. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатып алуға тыйым салынды.

Үшінші. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленді және динамикалық есепке қоймай, яғни медициналық құпияны сақтай отырып, ойыншыларды консультациялық бақылау енгізілді. 

Төртінші.  Байланыс операторларына құмар ойындарының жарнамасы бар хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылды.

Бесінші. Букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы мүмкіндігінше шектеледі.

«Бұл ретте мен блогерлерге букмекерлік кеңселерді жарнамалау және насихаттау енді заңсыз екенін ескерткім келеді. Ол үшін 200 мың теңгеден бастап айыппұл көзделген», деді Е.Бейсенбаев. 

Алтыншы. Шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ тотализаторлардың және онлайн-казинолардың интернет-ресурстарына толық тыйым салынды. Онлайн-казино ұйымдастырушылары енді 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жалпы заңда жүзден астам жаңа нормалар қабылданды.

«Заң жобасының қабылдануына ақша мен әкімшілік ресурстардан айырылмаған күшті лоббистік топтар қарсы болды. Олар тіпті 90-шы жылдардағы әдістермен әрекет етті: олар жабық кездесулерге шақырды, ақпараттық шабуылдар жасады. Бұл лоббистер ең жоғары кеңселерге оңай әрі кездейсоқ кіріп, билік дәліздерінде кең қадамдармен жүре алды. Бұл заң жобасының қабылдануының негізгі драйвері Мемлекет басшысы болды. Оның лудомониямен күрес бойынша берік ұстанымының арқасында лоббистерді жеңе алдық», деді депутат.