Теннис • 04 Маусым, 2024

Свитолинаға сан соқтырды

14 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Париждегі теннисшілердің «Ролан Гаррос» турнирінің төр­тінші айналымында Қазақ­станның бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы Украи­наның мықтысы Элина Сви­толинамен шеберлік байқасты.

Свитолинаға сан соқтырды

WTA тізімінде 19-сатыға жайғасқан Сви­толинаға сан соқтыру Рыбакинаға еш қиындық туғызған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын ғана US open (2019 жылы) мен Уимблдонның (2019, 2023) жартылай финалында ойнап, WTA турнирлерінде 18 мәрте топ жар­ған әйгілі украиналық ойыншы жерле­сі­мізге жарытып қарсылық та көрсете ал­мады. Небәрі 1 сағат 10 минутке со­зыл­ған сайыс  6:4, 6:3 есебімен аяқталды.

Ширек финалда Елена Рыбакина Жасмин Паолинимен кездеседі.

28 жастағы Италия теннисшісі бұл күндері үздіктер рейтингінде 15-орынды иеленген. Былтырғы «Ролан Гарроста» ол дәл осы межеде сүрінген еді. Биыл Паолини аустралиялық Дарья Савилл, америкалық Хейли Баптист, канадалық Бьянка Андреску және ресейлік Элина Аванисяннан айласын асырды. Бұған дейін екеуі үш мәрте күш сынасты. Екі ретінде Елена басым түссе, бір рет Жасмин жеңіске жетті. Сондай-ақ биылғы жылдың ақпан айында олар Дубайдағы доданың ширек финалында кездесуге тиіс еді. Алайда денсаулығы сыр беруіне байланысты отандасымыз кортқа шықпады.