Кино • 05 Маусым, 2024

Жамбыл туралы жаңа фильм

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жамбыл. Жаңа дәуір». Бас шаһар төрінде тұлға туралы тағы бір тамаша туындының тұсауы кесілді. Атауы айтып тұрғандай, жыр алыбы жайындағы жаңа фильм ақын ғұмырының соңғы 9 жылынан сыр шертеді.

Жамбыл туралы жаңа фильм

Себебі бұл кезеңде Жамбыл Жабаев есімі бүкіл кеңес одағына дүркірей та­­нылған болатын. Десе де ақын өмі­рінің кейбір тұстары әлі күнге дейін бей­мә­лімдеу болып келгені және рас. Міне, жаңа туынды дәл осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салыпты. Соның бір мысалы, Жамбыл Жабаев тоқсанға келген­де Қазақстан өнерпаздарының екінші сле­тіне қатысып, ақындар арасында бас жүлде алады. Оның Сұраншы батыр туралы дас­танын Қалмақан Әбдіқады­ров қолма-қол жазып алып, газетке баса­ды. Осы оқиға­дан соң кеңес идеоло­гтері Жамбылдың абы­ройы мен танымалдылығын пайда­лану­ға кіріседі. Жамбыл тұлғасымен то­лық­тай айналыса бастайды. Оның көпте­ген өлеңін кеңес саясатына теліп бұр­малайды. Алайда Жамбыл бұған дейін де қазақ арасында зор абырой мен кең танымалдылыққа ие болатын. Ол өзі­нің өлең­­дерін бұрмалаушылармен келі­сімге келгісі жоқ еді. Бірақ кеңес билігі қол­дағы бар тетіктерді пайдалана отырып, оның асау басын ноқтаға сыйдыруға тырысады. Фильм желісі суырыпсалма ақынның өмірінің осы тұсына көбірек мән береді. Сонымен қатар туынды авторлары архивтен табылған тың деректерге де сүйенген. Арасында 1936 жылы ақын өнерін насихаттауға атсалысқан мәскеулік маман Иосиф Гильманның немересінде сақталған құнды дәйектер бар.

Тарихи байопик Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қол­дауымен түсірілген. Сценарист әрі қоюшы-режиссер – Жандос Құсайынов. Оның айтуынша, туындыға кіріспес бұрын архивтер ақтарылған. Ол үшін тіпті Мәскеудегі мұрағаттар зерттелген. Себебі картинаны бастаған бойда бар жауапкершілік те, мақсат та – өмір жолы қайшылыққа толы тұлғаның болмысын барынша ашу болған.

«Жамбыл атамыз туралы көптеген кітап жазылған, фильм түсіріл­ген. Бірақ ол кездегі шығармалардың көпшілігі ұлттық қажеттілігімізді немесе тарихи шындықтан гөрі сол кездегі жүйенің қа­жеттілігін қанағаттандырудан әрі аса алмады ғой. Сондықтан қазіргі жастар сол кездегі әлеуметтік жағдайды білу үшін һәм кейбір тарихи мәселелерге, тұлғалар­ға әділ баға беру үшін осындай фильм­дер­ді көруі керек деп есептеймін», деп атап өтті Жандос Құсайынов.

Фильм режиссерінің сөзінше, Жамбыл Жабаев есіміне байланысты айтылатын, шындыққа сәйкес келе бер­­мейтін неше түр­лі аңыз-оқиғалар, әңгі­мелер көбейіп кет­кеніне қынжы­лыс айтулы картинаның өмір­ге келуіне бірден-бір себеп болған екен.

«Мен ұлы ақынның шынайы обра­зын халыққа көрсеткім келді. Сол дәуірге терең бойлай отырып, нақты әрі шы­на­йы фактілерге қол жеткізу үшін та­ри­­хи-мұ­рағаттық құжаттарды ақтарып, ­ақын туралы жазылған бірнеше тауын­ды­­ны оқып шықтым. Нәтижесінде, деректі фильммен шектелмей, толықкөлемді та­рихи-көркем туынды түсіруге бекін­дім. Фильмде Жамбылдың өміріне үлкен әсер еткен оқиғалар баянда­лады. Атап айтсақ, ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газеттер мен журнал­дарда басыла бастауы, Ораз Жандосов­, Бауыржан Момыш­ұлы, Сәкен Сейфуллин сынды қазақтың атақты қо­ғам қайраткерлері­мен кездесуі және тағы да басқа тарихи деректер негізге алынды», дейді режиссер. Фильмде басты рөл­ді Қазақстанның халық әртісі Досжан Жан­ботаев, Жам­был­дың жастық шағын Астана қаласы Жастар театрының талантты актері Асыл­бек Әйтіш сомдады. Сонымен қатар Алмас Шаяхметов, Сырым Қашқабаев, Анна Старченко, Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин сияқты танымал актер­лер өнері де жаңа туындының көр­кемдік һәм мазмұндық сапасына сәтті қызмет еткен.

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін елі­міздің кинотеатрларынан 6 маусым­нан бастап тамашалауға болады.