Президент • 04 Маусым, 2024

Президент Мысыр Сенатының спикерін қабылдады

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Парламенті Сенатының спикеріне ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға жасаған сапары екіжақты парламентаралық байланысты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Президент Мысыр Сенатының спикерін қабылдады

Фото: akorda.kz

«Біз араб мемлекеттері арасынан, ең алдымен, Мысырмен дипломатиялық қатынас орнаттық. Бүгінде Мысыр – Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі басты серіктестерінің бірі. Сындарлы саяси диалог жолға қойылды. Көптеген екіжақты шарт пен келісім жасалды. Осы қарқынды бәсеңдетпей, ынтымақтастықты нығайта түсу үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сауда-экономикалық байланыстар екіжақты қарым-қатынастарымыздың басты негізі болуға тиіс. Бұған қос мемлекеттің әлеуеті толық жетеді», деді Президент.

Өз кезегінде Әбделуахаб Әбделразеқ Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.

«Біз екі ел арасындағы қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бұл алға қойған мақсаттарымызды тиімді жүзеге асыру үшін жасалған дұрыс қадам деп есептеймін. Мысырлықтардың Қазақстанға деген құрметі мен ықыласы ерекше. Екі елді біріктіретін ортақ дүниелер көп. Жуық арада қос тарапқа да тиімді шаралар қабылданатынына сенімдімін», деді Мысыр Сенатының спикері.

Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы парламенттік дипломатияны дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Мысыр компанияларын көлік-транзит, туризм, цифрландыру салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Сондай-ақ Сұлтан Бейбарыс мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи тұлғаның есімін ел жадында жаңғыртуға зор үлес қосқаны үшін Мысыр үкіметіне ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек, кездесуде екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы қарым-қатынасы мен жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге жылы лебізі мен сәлемін жолдады.