Аймақтар • 01 Маусым, 2024

Достық аллеясы салынады

103 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік – даму­дың негізі» атты ІІІ сессиясының жұмысы қорытындыланды. Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев ел бірлігін насихаттап жүрген азаматтарға алғысын жеткізді. Келер жылы күзде облыс орталығында Достық аллеясы бой көтереді. Сондай-ақ Достық үйіне ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізілмек.

Достық аллеясы салынады

Суреттерді түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

ҚХА-ның алдағы 30 жылды­ғы аясында өңірде түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі осы – келелі кездесу. Оған этномәдени және қоғам­дық бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүше­лері мен жастар қанаты қатысып, қазақ халқына деген құрметін жеткізді. Сессия шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаз­дық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Славян қозғалысы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Наталья Белик, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалының жетек­шісі Турган Заитов, облыс­тық корей этномәдени бірлес­тігі төрағасының орынбасары Владимир Ли пікір бөлісті.

Спикерлер ҚХА-ның қоғам­дағы бірлік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттырудағы рөліне ерекше тоқталып, облыстық Ассамблея жүзеге асырып жат­қан бірқатар волонтерлік жоба туралы айтып берді. Өз кезегінде Наталья Белик Достық үйінде облыс әкімінің тапсырмасымен ҚХА мүшелерінің өтініші ескеріліп, штат бірлігі бөлінгенін, соның нәтижесінде қазақ тілінің тегін курстары ашылғанына алғыс білдірді. Енді оқу кабинеті лингафондық жабдықтар­мен қамтамасыз етілсе деген тілегін жеткізді. Бейбіт Исабаев бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.

аы

Жиын барысында этномәдени және қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен ҚХА мүшелеріне су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына белсенді көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында ел Президенті этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары өкілдерінің су тасқынына қарсы күреске және зардап шеккендерге көмек көрсетуге қосқан үлесін ерекше атап өткенін еске салды.

Өңір әкімі баспасөз қыз­­ме­ті­­­нің мәліметінше, этнос өкілдері­­нің «Жүректен – жүрекке» акция­сы мен «Қайы­рымдық керуені» ­жобасы аясында Жетісу облысынан су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы сомасы 99 млн теңгеге 260 тонна азық-түлік, киім-кешек және бірінші кезектегі қажетті заттар жіберілген. Сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі күні аясында алғаш рет өткізілген қайырымдылық жәрмеңкесінде «Жастар» саябағында оқушылар мен студенттердің қолдан жа­салған бұйымдары, қолөнері мен авторлық суреттері 2 млн 715 мың теңгеге сатылды. Соны­мен бірге облыс тұрғын­дары­нан «Демеу» қайырымды­лық қорының шотына 170 млн 600 мың теңге жіберілді. «Alacem» цемент зауыты 1 мың тонна цемент жолдады.

Облыс әкімі сөзінде Ассам­блея жұ­мысында ру­ха­ниятты дамытуға, отба­сы­лық құн­ды­лықтарды насихаттауға үлкен мән беріліп келе жатқанын атап өтті.

«Президент балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Біздің басты міндетіміз – балаларға психологиялық және басқа да бағыттарда көмек көрсету, буллингтің, кәмелет­ке толмағандарға қатысты зорлық-зом­бы­лықтың алдын алу. Осыған байланысты облыста «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды, ол өткен жылдан бас­тап Талдықорған қаласында, ал биылғы қаңтардан бастап Панфилов ауданында жүзеге асырылып келеді. Полиция департаментінің деректеріне қарағанда, бүгінгі күні облыс орталығының мектептерінде бала­лар тарапынан және оларға қатысты құқық бұзушылықтар саны 24-тен 8-ге төмендеген, яғни сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3 есе азайды. Осыған байланыс­ты сіздерді осы жобаға белсенді қатысуға, өскелең ұрпақтың тәрбие­сіне, балалардың қарым-қатынасын­дағы зорлық-зом­былықты жоюға үлес қосу­ға шақырамын. Біз өз тарапымыздан 1 қыркүйектен бастап Текелі қаласы мен 8 ауданның орта­лықтарындағы мектептерде осы жобаны жүргізуді жоспарлап отырмыз», деді Б.Исабаев.

Сол сияқты ол 2025 жылы Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның құрылғанына 30 жыл толатынын, мерейтойлық іс-шараның құрметіне кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін айтып, облыстық ҚХА мүшелеріне ұсынысын жеткізді. Достық үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілетінін, оны қыркүйек­ке дейін аяқтау жос­парланып отырғанын айтты.

«Ұлттық кос­тюмдерге қа­тыс­­ты өтініштеріңіз де назар­дан­ тыс қалған жоқ. Оған 20 млн теңге бөлінді, мердігер анықталды, жұмыс басталды. Сонымен қатар күзде «Жастар» саябағында Достық аллеясы пайда болады, орнын белгіледік, қыркүйек-қазан айларында қыл­қан жапырақты ағаштар отырғызамыз», деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығына, басқа да жа­уапты тұл­ғалар мен ұйымдарға сарапшыларды, этномедиаторларды, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, қоғамда этностық алауыздыққа жол бермеу атмосферасын қалыптастыру шараларына ерекше назар аударуды тапсырды. Әсіресе шалғай аудандарда достық пен этносаралық келісімнің маңыздылығы туралы белсенді ақпараттық жұмысты жалғастыру қажет, сондай-ақ тұтастай алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қарқынды жұмыс істеу керек.

«Біздің бірлігіміз бір-бірі­мізге құр­метпен қараудан қалыптасады. Бір-біріміздің тілімізді, мәдениетімізді мең­гере отырып, біз рухани байып,­ берекеміз күшейіп, дүние­та­ны­мымызды кеңейте түсеміз. Бә­рі­міз елімізде салтанат құрған бейбітшілік пен келісімді сақ­тауымыз керек. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық саясат саласындағы рөлі бұдан былай да арта түсетінін білдіреді.

Осы орайда сіз бен бізге осы­ миссияны орындауда және Мем­­лекет басшысының тапсыр­ма­ларын іске асыруда үлкен жауап­кершілік артылады», деп түйін­деді сөзін Б.Исабаев.

Сессия соңында өңірдегі қоғам­дық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қос­қан азаматтар марапатталды. Об­лыс­тық орыс этномәдени қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Лари­са Котельниковаға Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Алғысхаты берілді. Этномәдени және қоғамдық бірлестіктер­дің бірқатар өкіліне облыс әкімі­нің Алғысхаты табыс етілді. Сессия басталар алдында Тілдер сарайының залында облыс­тық ҚХА мүшелері өсірген өнім­­­­­дерінің, жасаған қолөнер бұйым­­дарының, спорт­тық же­тіс­­тік­т­ерінің шағын көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, облыстық ҚХА-ның қазіргі құрамында 22 этномәдени бірлестік, 124 Ана­лар кеңесі, 121 Ақса­қал­дар кеңесі бар. Достық үйінде медиа­ция кабинеті, аудан, қала әкімдіктері­нің жанындағы 15 медиативтік алаң, ғылыми-сараптамалық топ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі ҚХА кафедрасы, жетекші журналис­тер мен сарапшылар клубы, «Жастар Ассамблеясы» жастар қозғалысының облыстық өкілдігі жұмыс істейді.

 

Жетісу облысы