Балалар • 01 Маусым, 2024

Биікке ұмтылған балдырғандар

81 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа дүниені тануға деген құштарлық, кіршіксіз қиял бала күнге тән. Сол қызығушылықты дамытып, талантын шыңдау – ата-ананың қолында. Бұл туралы Мұхтар Шаханов «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады» десе, Жүсіпбек Аймауытұлы «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге», дейді. Елімізде осыны түсінетін ата-ана да, бала да көп. Биікке ұмтылатын балдырғандарымыз бала арманымызды жоғалтпауға көмектеседі.

Биікке ұмтылған балдырғандар

Кішкентай математик

Ислам Көпбай Түркістан облысы Шардара ауданы Егізқұм шағын ауы­лын­да тұрады. Жасы бесте. Ауылдан шыққан алғыр бала әлеуметтік желі қолданушыларын мате­матикалық қабілетімен таң­ғалдырып жүр. Оны жер­лестері «Жас данышпан» дейді. Әлі мектепке бармаса да, екітаңбалы тіпті үштаңбалы сандарды тез қосып, алады. Көбейту кестесін де толық біледі. Күрделі есептерді ойланбай шығарып, ережелерді жатқа соғады. Анасының айтуынша, Ислам әрқашан сандарға қызығушылық танытқан. Оған ешкім арнайы уақыт бөліп, үйретпепті. Мектепте оқитын әпкелерінің қасында отырып-ақ ұққан.

– Менің үлкен қыздарым сабақ оқып жатқанда, Ислам қастарында отырады. Әрқашан кітаптарын алып, үңіледі. Бір күні ол екітаңбалы сандарға қарап, оңай алып-қоса жөнелді. Бәріміз таңғалдық. Себебі ол кезде небәрі үш жаста еді. Телефонда да үнемі математикалық есептер ойнайды. Біздің атамыз математик болған. Бәлкім, дарыған шығар, – деді анасы Гүлнар Қонарбаева.

 

Үш жасар шабандоз

в

Аттың құлағында ойнайтын Ернұр Қанаттың жасы үште. Ол Жетісу облысы, Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында тұрады. Әкесі Ернұрды бір жасынан бастап атқа мінгенде, мінгестіріп алады екен. Ең қызығы, ол екі жасынан бастап есекке мініп үйреніпті. Үш жасқа толмай жатып атқа өзі мінетін болыпты. Таңғаласың. Үйдегілерінің айтуынша, мінезі ауыр, жаны атқа құмар.

– Төрт балам бар. Бәрі де атты жақсы көреді. Ат жоқ болса, бір атты кезек күтіп мінеді. Аттан құлаған кездері де болды. Ішінде Ернұр алған бетінен қайтпайды. Аттан талай құлады, құласа да жылап тұрып, қайта жабысып мініп алады. Тауда да құлады. Ат ауылға қашып келген. Сонда Ернұр «атты алып кел» деп сол таудың етегінде жылап күтіп тұрды. Беті қайтқан шығар деп едім, жоқ қайтпады, – деді әкесі Алмас Мұратбеков.

Ернұрдың анасы Мархабат балалары үшін алаңдамайтынын айтты. Ернұрдың атасы мен нағашы атасы да атқа құмар екен. «Күйеуім тұлпар баптайды. Төрт ұлым сондықтан болар, атты ерекше жақсы көреді. Ең кенже ұлым бір жаста, оның өзі атқа жабысады. Өз басым аттан құлап, мертігеді деп қорықпаймын, өйткені әкесіне сенемін», дейді Ернұрдың анасы.

 

Ағылшын тілінің алғыры

с

Бес жасар отандасымыз «TikTok» қолданушыларын өзі­нің мінсіз ағылшын тілімен таң­ғалдырып, әлеуметтік желіде танымал болды. Бес жастағы Рәбияның ағылшын тілінде еркін сөйлеген бейнежазбасын анасы әлеуметтік желіге жариялаған. Анасы – ағылшын тілі мұғалімі. Отбасында тағы екі ұл бар, үлкен ұлы 12 жаста, кішісі 8 жаста. Анасының  айтуынша, барлық баласы ағылшын тілін, қазақ және орыс тілдерімен қатар мең­гер­ген.

– Мен Ұлыбритания мен Италияда үш жылдан астам өмір сүрдім. Содан кейін кішкентай балаларға ағылшын тілін үйрету әдістерін зерттей бастадым. Рәбия тілі шыққаннан бастап  ағылшын тілінде сөйлей бастады. Үйде қазақ және ағылшын тілдерінде қарым-қатынас жасаймыз. Біз – атасы мен әжесімен бірге тұратын, қазақ тілінде сөйлейтін қазақы отбасымыз. Балаларымның бәрі қазақ мектебіне барады, – деді қыздың анасы.

 

180 туды жатқа біледі

м

Ерген Дүйсенбек әлемнің 180 елі­нің мемлекеттік туын жатқа біледі. Астана қаласындағы мектеп­тер­дің бірінде оқиды. 7 жасар дарын иесі Оқу-ағарту министрлігінде болып, министр Ғани Бейсембаевпен де кездескен. Кездесуге Ерген тулар жинағын әкеліп, білім­­­ділігін көрсетті. Ол осы елдердің бар­лығына баруды ар­мандайды екен.

– Мен әлемнің барлық мем­ле­ке­тінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің елдің Туы. Есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлем­ге танытып, көкке көтергім келе­ді, – деген еді Ерген.

Ергеннің анасының айтуынша, бала­ның туларға деген қызығушылығы 2-3 жасында пайда болған. Солай әлем елдерінің туларын жинай бастаған. Елтаңбаларға да қызығушылығы артып, туған күніне ата-анасынан еліміздің Елтаңбасын сыйлауды сұрапты.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ергенмен сөйлесіп, мадақтама қағазы мен естелік сыйлық берген. Министр Ергеннің ата-анасына ақылды әрі тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегені үшін алғысын да айтқан.

– Баланы тәрбиелеуге, оның қабілеттерін қол­дау­ға, дамытуға көңіл бөлу өте маңызды. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік та­лант­ты бала­лар­­­ды қол­дау­ға және олар­дың одан әрі да­муы­­­­на жағ­­­дай жа­сау­­ға жан-жақты жұ­мыс ат­қа­рып жатыр. Ер­ген­ге зор ден­­­с­ау­лық пен оқу­да табыс ті­лей­­­­мін, – деген еді ол.