Өнер • 31 Мамыр, 2024

Болашақ актер

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғазиз – керекулік өнерсүйер қауымға танымал бала. Ж.Аймауытов театрындағы кәсіби актерлер ұжымына сіңіп, бүгінде киелі сахнада түрлі рөлдерді сомдап жүр. Жалпы саны онға жуық қойылымға қатысып, кейбір жауап­ты образдарды да сәтті алып шықты.

Болашақ актер

Халықаралық балаларды қор­­ғау күні қарсаңында өнерпаз жас­өспірімді әңгімеге тарттық.

Ғазиз Атығаевтың жасы 10-да, биыл Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 5-сыныбын тәмамдады. Айтуынша, театр­дағы алғашқы рөлін не­бә­рі 6 жасында, «Бір түп алма ағашындағы» Мақсаттың кіш­кене шағын сомдаған. Кейін театр сахнасында қойылған «Ана – Жер-Ана», «Әбілмансұр-Сабалақ-Абылай», «Тасжүрек», «Ұждан», «Кербез келіндер» қойылымдарында балалардың рөлдерінде көрдік.

«Үйде төрт баланың үшін­шісімін, жалғыз ұлмын. Анам осы театрда еңбек етеді, кіш­ке­не кезімнен онымен бірге жұ­мысына жиі ке­ліп, актер ағай-апай­лардың да­йын­дықтарын та­машалағанды жақсы көретінмін. Бірде маған «Бір түп алма аға­шы­ның» қоюшы ре­жиссері кішкентай Мақсаттың рөлін ойнап көрші деді. Айтқандарын жа­сап едім, ағайға ұнаған сияқ­ты. Сөйтіп, сахна­ға шығарды. Ке­йін басқа да рөл­дер­ді ойнадым. Да­йындық ба­ры­сын­да талай қы­зық­ болып тұ­ра­ды. Жақында «ІІІ Ричард» спек­так­лінде Йорк және Кларенсті сомдап, дайындық кезінде тосын жағдай болды. Бір ағайдың ойын барысында үстел үстіндегі ыдысты лақтыратын жері бар. Соны сермеп қалғанда көзімнің алдынан зу етіп өте шықты. Мені барлығы еркелетеді, өскенде бізден асқан актер боласың деп арқамнан қағып жатады. Маған сахнаға шығып, түрлі рөлді сомдаған ұнайды», деп театрдағы әсерімен бөлісті жас талант.

Былтыр Ж.Аймауытов атын­да­ғы облыстық қазақ-музы­ка театры Мәскеуде өткен халық­аралық фестивальға қатыс­қан­да Ғазиз труппамен бірге сапарлап, «Ұждан» әпсанасында бала рөлін сомдады. Мәскеуде Жүсіпбек Аймауытов жерленген зиратқа барғанын, онда жерленген Алаш арыстарының басына гүл шоғын қойғанын жеткізді.

«Кішкентай кезімде «Ша­ңырақ» орталығында үйір­меге қатысып, ертегі кейіпкерлерін сомдайтынмын. Одан соң анаммен ақылдасып, Құрманғазы атындағы музыка мектебінде виолончель сыныбына оқуға түстім. Мектептен тыс уақытта сонда барамын. Ал өткен жылы Павлодар қаласында түсі­ріл­ген «Игра с нулевой ставкой» фильмін­де эпизодта ойнадым», дейді ол. Жуықта Пав­ло­дарға Алматыдан М.Әуезов театры келгенде театр труп­пасында бала жетпей, Мансұр өзге балалармен бірге бірнеше қойылымға қатысыпты. Әдетте кинодан ғана көретін жұл­дыздармен бір сахнада ойнап, олардан үлкен сабақ ал­ғанын айтады.

Ғазиз бос уақытында Аңсар, Мансұр, Мұзафар, Ақылжан есімді достарымен доп теуіп, футбол ойнаса, демалыс күн­дері әкесімен «Ертіс» футбол клубының ойындарын тамашалайды. Театрдағы актерлік өнерін әрі қарай шыңдап, болашақта актерлік оқуға түссем деген үлкен мақсаты да бар. Әңгіме соңында қазақ киноларын, соның ішінде тари­хи картиналарды сүйіп көре­тінін айтты. Өскенде сондай тарихи киноларға түссем, қазақ­тың белгілі хан-батырларын сом­дасам деген асқақ арманы да бар.

 

ПАВЛОДАР