Су тасқыны • 01 Маусым, 2024

Тасқын су жазыққа жайыла бастады

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Индер мен Махамбет ауданында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп, жазық далаға жайылып жатыр. Кеше түскі мезгілде Индербор кентінің тұсында 1 сантиметрге азайып, 9 метр 47 сантиметрді құрады. Ал Махамбет ауданында 10 метр 14 сантиметр болды.

Тасқын су жазыққа жайыла бастады

Суретті түсірген – Әзілхан УАХИТОВ

Мұнайлы шаһар Аты­рау­да өзен арнасы 28 мамырдан бері көте­рілген жоқ. Жайық өзенінің деңгейі үш күн қатарынан 6 метр деңгейінде сақталып тұр. Бұл – қауіпті шектен 50 сантиметрге көп. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Шариевтың пі­кірінше, бұл – әлі шарықтау шегі емес. Өйткені мол су Жайық өзе­нінің шаһар аумағындағы бөлі­­гіне әлі келіп жатыр.

«Махамбет ауданынан бері аққан су Жайық өзенінің Атырау қаласына дейінгі бөлігін толтырып, Соколок және Сарыөзек каналдарына құйылып жатыр. Қазір су каналдардың арнасына сыймай тұр. Әзірге Атырау қаласында су тас­қыны басталатын уақытты нақ­ты болжай алмаймыз. Су дең­гейі­нің көтерілуіне байланыс­ты Атырау қаласының маңындағы 1–5-учаскелер қауіпті аумақта қалып отыр. Сол себептен өзен жағалауындағы елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік жүргізу қолға алынды. Қазір су айдынының жағалауындағы қорғаныс бөгеті шифермен қосымша бекітіліп жатыр. Жаға­­­да­ғы дамбы биіктетіліп, каналдар тереңдетілді. Ағыны қатты тасқын су Атырау қала­сы­ның солтүстік бөлігінде орналасқан барлық елді мекенге қауіп бар», дейді Р.Шариев.

Сол себептен Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтар бақылауға алынып отыр. Әсіресе Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтерінде өзен жағалауындағы бөгетке күні-түні кезекшілік ұйымдастырылған. Өйткені аталған округтердегі шаруа қожалықтарының иелігіндегі жер телімі тасқын судың астында қалған.

«Атырау қаласының аумағында 265 шаруа қожалығы тіркелген. Қазір 37 шаруа қожалығының 3 120 гектар жерін су басты. Оның ішінде 18 шаруа қожалығы Соко­лок каналының маңында мал өсіреді. Ал 19 шаруа қожалығы Алмалы мен Еркінқала ауылдық округтерінде егін шаруашылығын қолға алған еді. Жер телімін су басқан шаруа қожалықтарындағы мал қауіпсіз аумаққа көшірілді. Шаруа қожалықтарында адам шығыны мен тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ. Алайда «Алтын сазан» демалыс орны мен «Адай» дүкені зардап шекті. Әкімдік тарапынан қиын жағдайда қалған шаруа қожалықтарына техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар, бөгет салу және малға қажетті жем-шөп түрінде көмек көрсетіліп отыр», деді Н.Ермұханов.

Әкім орынбасарының айтуын­ша, қала маңындағы су басу қаупі басым Қайыршақты, Еркін­қала, Алмалы ауылдық ок­руг­­те­рінде 180 шаруа қожа­лығы орна­ласқан. Ауыл шаруа­шы­лы­ғына келген шығынды өтеу мақ­сатында қалалық комиссия­ны құру жоспарланып отыр. Комис­сия­ның қорытындысымен шаруа қожалықтарының иелеріне өтемақы төлеу көзделген.

Облыстық жедел штабтың мәлі­метіне сүйенсек, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жаға­лауы 113 учаскеге бөлініп, бөгет тұрғызу жұмысы жүргізілді. Әлі де 24 гидробекетте судың деңгейі бақылауға алынды. Сәуір – мамыр айларында облыстың су басу қаупі жоғары елді мекен­де­рін­де биіктігі 8–11 метр болатын 523 шақырым бөгет соғылды.

Соның ішінде 8,6 шақырым бөгеті Алмалы аулында салынған. Осы ауылдағы үйлестіруші Нұржауған Төлеуованың дерегіне сүйенсек, Жайық өзенінің тасқын суы Алмалы аулын үш жағынан қоршап тұр. Округте тіркелген ­8 шаруа қожалығын ауылмен байланыстыратын жолды су шайған. Бұл шаруаларға қиындық келтіріп тұр. Сол себептен уақытша салынған айналма жолды, бөгеттің кейбір тұсын жыру қолға алынған.

Бірнеше күннен бері Атырау қаласына Жайық өзенінің қос жағалауымен келетін екі жолдың маңы тасқын суға толды. Енді Атырау қаласынан Мақат ауда­нын­дағы Доссор бағытына қаты­найтын жолдағы көпірдің астын кеңейту қажеттігі туындады. Өйт­кені қазір аталған жол­дағы көпір Жайық өзенінен Соколок каналына құйылған мол судың өтуіне кедергі келтіріп тұр. Осыған байланысты сол маңдағы 112-учаскедегі жұмыстың үй­лестірушісі Әлібек Семғалиев ар­найы комиссияға көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс айтты.

«Жолда үстіндегі көпірдің асты­мен мол судың өтуі қиындады. Сол себепті су жазыққа жайылып жа­тыр. Қазіргі кезде су Атырау қала­сының маңындағы Бірлік елді ме­кені мен Жұлдыз-1, Жұлдыз-2 ша­ғын аудандарының тұрғындары бірі­гіп салған бөгетке тіреліп тұр. Осы­ған байланысты комиссияның қарауына көпірдің астын кеңейту туралы ұсыныс бердік. Комиссия оң шешім шығарса, Доссорға қатынайтын жолдағы көпірдің асты кеңейтіледі. Осылайша, су­дың кедергісіз өтуіне мүмкіндік жа­са­лады. Әзірге елді мекендер­ге төнетін қауіп жоқ. Соған қара­мас­­тан бөгеттің осал тұстарын ны­ғай­ту жұмысын бастадық», дейді Ә.Семғалиев.

Оның айтуынша, аталған учас­кеде 15 адам 8 арнайы техникамен бөгетті нығайтуды жалғастырып жатыр. Өйткені ағысы қатты тас­қын су бөгетті жарып кетуі ғажап емес.

Өңірде тасқын судың құрбаны бол­ғандар бар. Мәселен, Индер ау­да­нында 28 мамырда бір топ жас­өспірім Жайықтың жазыққа жа­­йылған суына шомылуға бар­ған. Өкінішке қарай, 15 жастағы жасөспірім қапияда суға батып, көз жұмған.

Сол күні Махамбет ауданында Ақжайық аулында тұра­тын 26 жастағы жігіт өріске мал ай­дап шығып, хабар-ошарсыз кетті. Төтенше жағдайлар депар­таментінің жедел құтқару жасағы, жергілік атқарушы орган­ның қызметкерлері жоғалған жігітті бір күн іздеді. Жазықтағы тасқын судан мүрдесін тапты.

 

Атырау облысы