Білім • 31 Мамыр, 2024

Қаныш Сәтбаев атындағы ХІІ аймақтық олимпиадасының қорытындысы жарияланды

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысы Баянауыл кентінде 2024 жылғы 27-30 мамыр аралығында жас зияткерлер химия, биология, физика, математика, география және информатика пәндері бойынша сайысқа түсті, деп хабарлайды Egemen.kz «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру орталығына сілтеме жасап.

Қаныш Сәтбаев атындағы ХІІ аймақтық олимпиадасының қорытындысы жарияланды

Сайыс көрнекті ғалым және ғылымды ұйымдастырушы, өз заманының ең ірі ойшылы және табиғаттанушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125-жылдық мерейтойы аясында өткізілді.

Олимпиада математикалық, жаратылыстану-ғылыми және бағдарламалау бойынша 3 бағыт және математика, физика, биология, химия, география, информатика пәндерінен пәнаралық кешенді болып табылады.

Іс-шара мақсаты – оқушыларды жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындау жүйесін жетілдіру және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен бағдарламалау бойынша олимпиадалық резерв құру.

Олимпиадаға Қазақстанның 8 облысынан (Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс-Қазақстан), Астана, Алматы, қалаларынан, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Павлодар облысы білім беру мекемелерінің 7-8 сыныптарынан 95 оқушысы қатысты.

Олимпиада екі күн бойы 2 турда өткізілді.

І тур – 3 бағыттың бірін таңдау бойынша жеке жазбаша түрде:

- математикалық (математика, физика, химия пәндерінен кіріктірілген тапсырмалар);

- жаратылыстану-ғылыми (химия, биология, география пәндерінен кіріктірілген тапсырмалар);

- бағдарламалау (Pascal, С++, Python тілдердің бірінде есеп шешу).

ІІ тур – жазбаша және ауызша түрде (теория және практика) 6 пәннің бірі таңдау бойынша, математика, физика, химия, биология, география - ауызша,  информатика - жазбаша. 2-турдың практикалық тапсырмаларының шешімдері қазылар алқасының мүшелеріне ауызша тапсырылады.

Екі тур нәтижелері бойынша шығарылған Олимпиада қорытындысында 61 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарыменҚұрмет грамоталарымен марапатталды, оның ішінде І орын – 8, ІІ орын – 13, ІІІ орын30, Кұрмет грамота 10.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтары табысталды.

Олимпиада қатысушыларына академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайына және Баянауылдың ұлттық табиғи саябағына қызықты экскурсия ұйымдастырылды.