Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Баспанасыз жетімдер қолдаусыз қалмайды

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жыл бастала салысымен жетім балалар тұрғын үй мәселесін көтеріп, Мемлекет басшысына тікелей жүгінуіне мәжбүр болғаны есімізде. Президент пен Алматы қаласының әкіміне бейнеөтініш жолдаған Алматы облыстық №1 балалар үйінің түлектері Алматы облысының әкімдігінде тұрғын үй алуға кезегінде тұрған, яғни Алматы қаласының тұрғын үй кезегіндегі тізімде жоқ екен.

Баспанасыз жетімдер қолдаусыз қалмайды

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 71-бабының 1-тармағына сәйкес тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу азаматтардың тұрақты тұратын жері бойынша жүргізілетіні белгілі. Сондықтан өтініш иелерінің тұрғын үй беруге қатысты мәселесін шешіп беру Алматы облысы әкімдігі­нің құзыретіне кіретіні аян. Дегенмен тұл жетімдерді, жалғызілікті отбасыларды баспаналы етудің тетіктерін жетілдіре түсу жүктелген Отбасы банктің қоғамдық кеңесінің отырысында осы мәселе үнемі талқыланып қана қоймай, нақты қадам жасалып жатқаны қуантады.

Мәселен, осы аптада­ тұр­­ғын үйге кезекте тұр­ған­ алма­тылықтарға пәтер кілті табысталса, оның ішін­де ке­зекте тұрған жетім бала­лар­дың 16%-ның бас­пана мәсе­лесі шешілді. Бұған қоса Алма­тыда жалға берілетін пәтерлердің кілті тапсырылды. Бұл пәтерлер халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде кезекте тұрған азаматтарға қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінген.

Талайлардың тағдырын өзгертіп, қоныстойына жет­кіз­ген салтанатты кілт тапсыру рәсімінде Алматы әкімдігі ХӘОТ санаттағы адамдарды, атап айтқанда, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудара бастағаны айтылды. 2022 жылы Алматы қаласының коммуналдық тұрғын үй қоры­нан жетім балаларға 14 пәтер табысталса, 2023 жылы 55 пәтер берілген екен.

«Биыл ХӘОТ санаты үшін 2 мың адамға жалға берілетін пәтер беру жоспарланып отыр. Оның 400-і – жетім бала. Бұл – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жеке бастама­сы. Мұқтаждар үшін жалға берілетін пәтерлердің 20%-ы­ жетім балаларға бөлінеді. Бүгін біз Шұғыла шағын ауданындағы Alem City-2 тұрғын үй кешенінде орналасқан үш үйдегі ХӘОТ санатына жататын 124 кезекте тұрғандарға пәтер кілтін тапсырдық. 124 пәтердің 49-ы – бір бөлмелі, 75-і – екі бөлмелі», деді Алматы қалалық коммуналдық инфра­құ­рылымды дамыту басқарма­сы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Басқарма өкілінің айтуынша, жаңа пәтер иелері ай с­айын ­баспананы жалдау ақысын төлеп отыруы керек. Наурызбай ауда­нында бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны – 10 мың теңге, екі бөлмелі пәтер – 15 мыңға жуық, үш бөлмелі пәтер – шамамен 20 мың теңге. Сондай-ақ коммуналдық қызметті уақтылы төлеу қажет. Бағдарлама шарты бойынша азаматтарға пәтерді жалға беруге, қайта жоспарлауға тыйым салынады.

Осындай пәтерге қол жет­кізген зейнеткер Үміт Құр­ман­әлиева қала билігіне риясыз алғысын ақтара отырып: «Бұл күн – мен үшін нағыз мереке. Ұзақ жылдар бойы кезекте тұрдым, бірақ ешқашан үмітімді үзбедім», дейді.

Орайы келіп тұрғанда, мем­лекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді бөлу кезінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық қордан тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде 20%-ы бөлінетінін еске сала кетейік.

 

АЛМАТЫ