Аймақтар • 30 Мамыр, 2024

Бірлікпен біткен іс

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы біздің Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты сәуірдің 27-сінен кейін ғана басталды. Оған дейін қаланың Есіл жақ беттегі шағын аудандарын су басып, жергілікті билік пен тұрғындарды, құтқарушылар мен полицияны, әскерилер мен волонтерлерді – бәрін қатты әбігерге салды.

Бірлікпен біткен іс

Тек су қайта бастаған сәттен этно-мәдени орталықтардың өкілдері, волонтерлер, «Ассамблея жастары», саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, мекемелер мен ұйымдардың жұмыскерлері – бәрі Петропавл қаласының алаңдарын күл-қоқыстан тазартып, қыстан қалған қалдықтарды үйіп, жүк машиналарымен сыртқа тасыды. Көшелер тәртіпке келіп, алаңдар абаттандырылып, аулалар сырланып, ескі, қураған бұтақтар кесіліп, барлық дүние жаңарып қалды. Бұл «Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» бастамасы аясындағы шаруалар еді.

Соның ішінде үйлерін су тасқыны басып қалған шағын аудандардағы тазалық жұмыстары қызу жүргізілді. Мұнда сумен ағып келген қоқыстың ұшы-қиыры жоқ еді. Міне, сол аудандарда апта сайын сенбіліктер үзіліссіз болып тұрды. Атап айтқанда, Тері зауыты ­ауданында – 3, Заречный кентінде – 2, Ойқалада – 3, Қызылжар ауданының шекарасында орналасқан Тепличный кентінде – 1 және Речпорт аймағында 1 реттен сенбілік өткізілді. Облыс ­аудандарынан алынған ақпараттарға қа­ра­ғанда, Қызылжар ауданының су бас­қан 18 аулында, Есіл ауданының 2 ау­лында, Тайынша ауданының 8 аулында, Ғ.Мүсі­репов ауданының 2 аулында, Шал ақын ауданының 4 аулында халық сенбілікке шығып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазартумен бірге ағаш егіп, көшелерді көркейтуге атсалысты.

Қызылжардың су баспаған аудандарында да сенбіліктер өткізілді. Соның ішінде «Тұңғыш Президент паркінде», Тухачевский көшесінде, Дзержинский бұрылысында болған сенбіліктерге 400-дей адам қатысты. Мұндағы жастар арасында студенттер мен волонтерлер, әскери қызметкерлер де көп болды.

Сенбіліктер кезінде жастардың бір-біріне деген әзіл-қалжыңы мен достық қарым-қатынастары оларды бір-біріне жақындастыра түсті. «Біз біргеміз» акциясының аясында өткізілген сенбіліктерге облыстың ­15 мыңдай адамы қатысып, 2 мыңнан артық ағаш көшеттері отырғызылды. Осы сенбіліктерде 30 мың тонна қоқыс 700-дей техниканы пайдаланып, қала мен елді мекендердің сыртына тасылды. Сондай-ақ 7 мыңнан аса ағаштың түбі әктеліп, таза күйге енгізілді. Бұған қоса «Мөлдір бұлақ» бастамасын қолдаған тұрғындар ауа райының әлі салқын екеніне қарамай ауылдардың маңындағы су тоғандарын, көлдерді тазалауға да белсене атсалысқан.

«Біз біргеміз» акциясының мақсаты су тасқынының зардаптарын жою, әртүрлі этнос өкілдерінің бірлігін нығайту, өзара көмек пен достықты насихаттау болса, соның бәрі біздің облыста айқын көрініс тапты. Сенбіліктер өтіп жатқан жерлерге далалық пештер орнатылып, көк түтін көлбей ұшып, қазандарда ұлттық дәмдер пісіріліп, исі мұрынды жаратын дәмді тағамдардың дайындалып жатқаны да жұмыс істеп жүрген халықтың көңіл хошын арттыра түсті. Оның үстіне жергілікті өнерпаздардың күшімен әсем әндер мен көңілді күйлер де төгіліп жатты. Мұндай жерлерде жұмыс істеуге жастардың да ынтасы арта түскені көрініп тұрды.

Біз болған Мамлют ауданының орталығында да осындай жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр екен. Бұл – Петропавл қаласынан 40 шақырымдай жерде орналасқан елді мекен. Тұрғын саны көп болмаса да, бұл да қаланың санатында. Барлық мекеме-ұйымның алдын, көшені, ауланы тазалап, сырлап жатқан халық жүр. Қала әкімі Еркін Самарханұлы да сенбілікке шыққан. «Бүгін тұрғындардың барлығы қаланы тазартуға зор ынтамен шықты. Қаланың тазалығы алдымен өздеріне керек екенін халық түсіне бастаған сияқты», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы