Спорт • 28 Мамыр, 2024

«Джиро д’Италияда» бағы жанбады

17 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігі аяқталды. Үш аптадан аса уақытқа созылатын дүбірлі дода Италияның Турин провинциясындағы Венария-Реале қаласынан бастау алып, ежелгі шаһар Римде өз мәресіне жетті. Сол аралықта әлемнің әр қиырынан жиналған ең үздік велошабандоздар 3382,8 шақырымды жүріп өтті.

«Джиро д’Италияда» бағы жанбады

«Джиро д’Италия» додасының 115 жылдық тарихы бар. Атал­ған жарыстың тұсауы сонау 1909 жылы кесілді. Содан бері байрақты бәсеке 104 мәрте ұйым­дастырылды. Тұсаукесер турнирде жергілікті спортшы Луиджи Ганна топ жарды. Ең көп олжаға кенелген вело­шабандоздардың тізімін ита­лиялық Альфредо Бинда мен Анджело Фауста Коппи және бельгиялық Эдуард Меркс бастап тұр. Бұл саңлақтардың әрқайсысы жалпы есепте бес-бес реттен бас жүлдені олжалады. Апеннин түбегінің тарландары ХХ ғасырдың алғашқы жартысы мен бел ортасында атой салса, Бельгияның беткеұстары 60–70 жылдары алдына жан салмады.

Қазақстанда негізі қалан­ған «Астана» велоклубының мүшелері «Джиро д’Италияда» үш мәрте дараланды. Тарқатып айтсақ, 2008 жылы Альберто Кон­тадор қарсылас шыдатпаса, 2013 және 2016 жылдары Винценцо Нибалиге тең келер ешкім табылмады. Одан бөлек, кезеңдік сайыстарда топ жарған сайыпқырандар да бар.

Былтырғы жарыста 33 жас­тағы Словенияның саңлағы При­мож Роглич («Jumbo-Vista») же­ңімпаз атанды. Екінші орынды ұлыбританиялық Герайнт Хауэлл Томас («Ineos Grenadiers») иеленсе, португалиялық Жуан Педру Алмейда («UAE Team Emirates») үздік үштікті түйіндеді. Жалпы есепте «Астананың» арландары жақсы нәтиже көрсете алмады. Бір қуантарлығы, елімізде жасақталған команда са­пындағы ұлыбританиялық спринтер Марк Кавендиш ең соңғы 21 кезеңде мәре сызығын бірінші болып қиып өтті.

Биыл «Джиро д’Италия» көпкүндігінде «Астананың» намысын Алексей Луценко, Симоне Веласко, Хенок Мулюбырхан, Крис­тиан Скарони, Вадим Прон­ский, Лоренцо Фортунато, Давиде Баллерини, Макс Кантер сынды велошабандоздар қорғады. Солардың арасынан  үздік көр­сеткішке Фортунато қол жеткізді. 28 жастағы италиялық легионер жалпы есепте 12-орынды иеленді. Өзге спортшылардың көрсеткіштері одан да төмен. Ал биылғы дода Словенияның сайып­қыраны Тадей Погачардың («UAE Team Emirates») жеңісімен аяқталды. Жеңімпаздың уақыты – 79:14:03. Колумбиялық Даниэль Фелипе Мартинес («BORA – hansgrohe») пен ұлыбританиялық Герайнт Томас («INEOS Gre­nadiers») екінші және үшінші орын­дарды өзара бөлісті.