Саясат • 29 Мамыр, 2024

Ұлт құндылығының қоғамдық қуаты

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астананың Достық үйінде «Прогрессивті ұлттың іргелі құндылықтары» атты отырыс өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген басқосуына ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтарының мүшелері қатысты.

Ұлт құндылығының қоғамдық қуаты

Іс-шара этносаясат сала­сындағы жетекші сарапшы­лардың басын біріктірді. Отырысты ҚХА Ғылыми-сарап­шылық кеңесінің төрағасы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты (ҚЭЗИ) директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова жүргізді.

Жиында «Білім беру жүйесін­дегі негізгі құндылықтар» тақы­рыбында Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ) Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова баяндама жасады. Спикер білім беру саласындағы құндылықтар бағдарын қалып­тастырудың заманауи тәсілдеріне тоқталды.

Сондай-ақ ол Жастар тәрбиесі бағдарламасына қатысты ойын ортаға салды. Атап айтсақ, Ис­ландия сияқты жастар тәр­биесінде жетістікке жеткен елдер практикасын зерттеп, қажеттісін бағдарламаға енгізуді, бала тәрбиесіндегі негізгі мәселелерді, соның ішінде, жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылық себептерін анықтайтын мемлекеттік масштабта орта мектеп балалары арасында кешенді сауалнама жүргізуді, сол сауалнама нәти­желерінің негізінде кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.

– Әрине, қазір тыйымдар заманы емес, бірақ жастар надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, сотқар, бұзақы болса, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар. Яғни жоғары оқу орнының миссиясы тек жоғары білім беріп, маман ретінде дайындау емес, тұлғаны қалыптастыру болуға тиіс. Мұн­дай миссия MNU-да, соның ішін­де ұлттық құндылықтар, мем­лекет­тік тіл, заң үстемдігі, ака­­демия­лық адалдық, қайы­рым­ды­­лық, еріктілік пен мейірім­ділік, отан­сүйгіштік пен ұлт­жан­ды­лық, тарих пен мәдениет, әске­ри борыш, халыққа қалт­қысыз қызмет ету – жастар ісі стратегиясы мен CSI (Сreativity  service intelligence) жүйесі қолға алынады. Яғни диплом алу үшін өнер, шығармашылық, спорт, креа­тивті ойлау, интел­лек­туал­­дық даму, қызметі міндет­ті бағ­дар­лама қатарына еніп, 2 семестр шеңберінде 2 бағыт­ты алуды жүктейді. Жүйе студенттердің сала­лық қауым­­дастықтарына мүше болу арқы­лы жүзеге асады. MNU-дағы бұл жүйе Халық­ара­лық бакалав­риат (IB) бағдар­ламасы шеңберін­дегі міндетті CAS жүйесіне негіз­делген, деді Айнұр Кәрібозова.

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Сондықтан іргелі құндылықтарды болашақ буын санасына сіңіру маңызды. Осы ретте «Жастар» ҒЗО дирек­торы Айсұлу Ерниязова «Тәуел­сіз Қазақстан ұрпағының құнды­лық бағыттары» баяндамасын­да қатысушылардың назарын елдегі жастар қауымының басым­дық­тары мен идеалдарына аударды.

– Кез келген салада бір істі бас­тамас бұрын ғылыми негізін анықтап алған абзал. Тек сол кезде жұмыс нәтижесін беріп, өзгерістер болады. Бүгінде елі­міздегі жастар үшін басым құн­дылықтар қатарында отбасы – 72,6%, достық – 32,3%, денсаулық – 29,9% құрайды. Бұл ретте қала мен ауыл жастарын бөліп жар­ма­д­ық. Өйткені жас буынның құн­ды­лықтар жүйесінде отбасы бірінші орында. Бұған қоса «Сіздің ойыңызша қазіргі мәде­ниеттің қай бағыттары жастар­дың қызығушылықтарын тудырады?» деген сауалымызға  жастардың 37,8%-ы Netflix, HBO және басқалардың өндірісінен шыққан фильмдер мен сериалдар көреміз деп жауап қатты. Ал 22,4%-ы Оңтүстік Корея дорама­ларын көретінін жасырмады. Міне, осылайша 10 жылдан астам уақыт біз жастарға неше түрлі бағыт­та сауалдама жүргізіп, қосым­ша зерттеулер жасап, «Қазақ­стан жастары» ұлттық баяндама­сын әзірлеп жүрміз. Биыл да жастар­дың құндылықтарын айқындай­тын бо­ламыз, – деді  Айсұлу Ерниязова.

Сондай-ақ жиында «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жоспарланып отырған анто­логияның мазмұнымен таныс­­тырды. Бұл еңбекте Қазақ­стан­дағы этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институты ретіндегі ҚХА-ның қалыптасуы мен даму тарихы және қызметі туралы баяндалады.

Бұған қоса Ғылым және жоға­ры білім министрлігі Ғылым коми­тетінің «Тәуелсіздік жыл­дарындағы Қазақстанның Оңтүс­тік өңіріндегі этносаралық қатынастардың ерекшеліктері» гранттық жобасы шеңберінде этносаралық қатынастар саласында белгілі ғалымдардың авторлық ұжымының қатысуымен дайын­далған «Этнополитология» оқу құ­ралы талқыланды. Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері еңбектерді бағалап, басып шыға­ру­ға ұсыныс жасады.