Спорт • 28 Мамыр, 2024

Жолдама саны 54-ке жетті

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Стенд атудың скит түрі бойынша жаңартылған әлемдік рейтингте Әсем Орынбай бірінші орынға көтерілді. Осы нәтиженің арқасында қазақтың құралайды көзге атқан мерген қызы Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.

Жолдама саны  54-ке жетті

Қазіргі кезде Олим­пия ойындарына қа­тысатын спортшы­ла­рымыздың саны 54-ке жетті. Әсем Орынбайдан бөлек, төрт­жылдықтың басты додасына елі­міздің тағы екі стенд атушысы аттанатынын да естеріңізге сала кетейік. Бұған дейін ондай құр­метке Мария Дмитриенко (трап) мен Эдуард Ещенко (скит) бөленген еді.

Дәл сондай мүмкіндік спорт­тық гимнасшы Аида Бауыр­жанова да болды. Әйелдер арасында Ташкентте өткен Азия чемпионатында ол еркін жаттығу бойынша табысты өнер көрсетіп, қола медальды иеленді. Бұған дейін бірде-бір бұрымдымыз сары құрлықтың басты додасында осындай көрсеткішке қол жеткізген жоқ еді. Сол себепті де мұны тарихи жүлде деп бағаласақ та болады. Бірақ басты бәсеке көпсайыс еді. Өзбекстанның ас­танасында дәл сол жарыстың қорытындысы бойынша Париж Олимпиадасының соңғы жолдамасы сарапқа салынды. Өк­ініш­ке қарай, бұл бәсекеде Бауыр­жанованың бағы жанбады. 50,699 ұпай жиған ол төртінші орында қалып қойды. Бұл додада алғаш­қы үш орынды қытайлық Цзиа­фей Ху (50,699 ұпай) мен Синуй Цин (50,566) және филиппиндік Эмма Малабуйо (50,398) иеленді.

Бұл күндері Бангкокта бокс­тан іріктеу турнирі өтіп жатыр. Алда басқа да спорт түлерінен та­ғы бірнеше ірі дода бар. Со­лардың арасынан жеңіл атлеттерге үлкен үміт артып отырмыз. Таяу күндері дзюдошылардың рей­тингі жаңартылады. Сол жа­рыстардың нәтижесі бойынша тағы бірнеше спортшымыз Олимпия ойындарының жолдамасын иеленетіні анық.