Қоғам • 28 Мамыр, 2024

Академиялық тәжірибе

62 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада PhD бағдарламаларды басқару және дамыту саласындағы академиялық біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған «PhD Insights: NU-дың академиялық тәжірибесімен бөлісуі» атты семинар өтті. Іс-шараны NU және Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұйымдастырды.

Академиялық тәжірибе

NU оқытушылары елі­міздің өңірлеріндегі 30 жо­ғары оқу орны өкіл­дері­мен, жоғары білім беру са­ласындағы 70-тен астам басқарушымен PhD бағ­дар­ламаларын басқару, зерт­теу жұмыстары бойын­ша ұсыныстар дайындау және кәсіби тұрғыдан да­му тәжірибелерімен бө­ліс­ті. Тыңдаушылар пікір­талас­тарға, практикалық сабақ­тарға қатысып, универси­тет кітапханасына экскурсия жасады. Семинар жұмысын аша отырып, Ғылым және жоға­ры білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету коми­теті төрағасының орынбасары Ғани Есенбаев NU-дың PhD даярлаудағы оң тәжірибесін атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, біз ғылыми кадрларды – ғы­лым кандидаттарын, док­торларын даярлаудың дәс­түрлі жүйесінен PhD даяр­­лауға көштік. Әлі күн­ге дейін бізге жаңа жүйе бо­йынша көптеген сұрақ ке­ліп түсуде, көпшілікке тү­сініксіз болып отыр. Сол се­бепті осындай семинар өт­кіземіз деп шештік. Осы уақыт ішінде NU PhD даярлауда жақсы тәжірибе жинады деп айта аламыз. Сон­дықтан семинарды ұйым­дастыру жұмыстарын уни­верситетке тапсырдық. Үш күн ішінде NU сіздермен сәтті тәжірибесімен бөлі­седі деп үміттенеміз», деді Ғ.Есенбаев.

Өз кезегінде NU-дың дипломнан кейінгі бағ­дар­­ламалар жөніндегі қауым­дастырылған провосты доктор Луис Рохас-Солорзано док­торанттарды даярлау бо­йынша кейбір мәліметтер­мен бөлісті. «NU құрылған­нан бері 13 жыл ішінде 108 PhD дәрежесі бе­ріл­ді, бұған биылғы үміткер­лер саны кірмейді. Оның 47-сі ғылым, инженерия және ­техноло­гия cаласындағы филосо­фия докторы дәрежесін алып, ал 35-і білім беру саласын­да философия докторы атан­ды. Диплом беру рәсімі жы­лы­на үш рет өтеді, маусым айын­да тағы бір лек марапаттал­мақ», деді ол.

Семинардың бірінші күні PhD бағдарламаларын басқарудың негізгі аспек­ті­леріне арналды. Оқытушы­лар NU жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалары үшін оқу жоспарлары мен курстарды әзірлеу туралы айтып, академиялық жазу және зерттеу әдістері тақыры­бын қозғады, біліктілік емтиханы бойынша бағалау және талдау критерийле­рін талқыла­ды. Әрі қарай ақпараттық сессия өтті, онда Провост кеңсесі басқа жоғары оқу орындарының докторанттары үшін тағылымдамалар туралы айтты. Семинардың екінші күні диссертациялық зерттеулердің негіздемеле­рін дайындау мәселелеріне арналды. Тыңдаушылар­ға PhD зерттеулеріне арнал­ған жа­рияланымдар мен стра­тегияларға қойылатын талаптар туралы айтылды. Мақала жариялауға жақ­сы журналдарды таң­дау, оларды дайындауға және ұсынуға көмектесу, ғы­лыми еңбектердің стра­тегия­сын анықтауда ғы­лы­­ми жетекшінің рөлі сияқ­ты мәселелерге ерекше на­зар аударылды. Әрі қа­рай NU оқытушылары дис­сер­тацияны жазу және қор­ғау тақырыбына толы­ғы­рақ тоқталды. Семи­нар бағ­дарламасы NU кітапха­на­сының қызметкерлері жүр­гізген ақпараттық сессия­мен аяқталды, олар жо­ғары оқу орнынан кейінгі бағ­дарламаларда білім алу­шы­ларға кітапхананың қалай көмектесе алатыны туралы айтып берді.

«Мен бұл семинарға арнайы жазылдым, себебі докторанттарды даярлау мә­селелері – барлық отандық жоғары оқу орны үшін, со­ның ішінде біздің университет үшін де өте маңызды мәселе. Үш күн ішінде NU және халық­аралық ғылы­­ми кеңістік жағ­­­дайында PhD ­даярлау жүйесімен та­ныстық. Шақырылған спикерлер өз елдеріндегі PhD ­даярлау жүйесі туралы айтып берді. Біз үшін бұл – біре­гей тә­жірибе, себебі Қазақстан­да және шетелде докторант­тарды даярлау жүйесі тү­бегейлі ерекшеленеді», дей­ді Е.А.Бөкетов атындағы Қа­рағанды университеті Ше­тел тіл­дері факультетінің де­каны Гүлназ Тілеужанова се­минардан алған әсер­лері­мен бөлісті.