Ғылым • 28 Мамыр, 2024

Жусаннан жасалған...

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ньютон ғылымды танып-білуде ере­же­ден мысал пайдалырақ дейді. Демек ғылымның дамуы теория­дан гөрі тәжірибемен өлше­­неді. Бұл өлшемде қалыс қал­­ған жоқпыз. Әсіресе биология бағы­­тында бәсіміз биік.

Жусаннан жасалған...

Еліміздің жас ғалымдары жусан шө­бінен диабетке қар­сы дәрі дайындап жа­тыр. Бұл – Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлт­тық университетінің Дәрі­лік өсім­діктерді ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы­ның аға ғылыми қызметкері Әлия Нұрлы­бекованың бастамасы.

ап

Қазір ғылыми зерттеу орталығында ел аумағында өсетін жусан түр­леріне кешенді зерттеу жүріп жатыр. Бізде жусанның 81 түрі өседі, оның ішінде эндемиктер бар. Жусаннан алын­ған қосылыстардың диабетке қарсы, қабынуға қарсы, коронавирусқа қарсы биологиялық белсенділігі зерттел­мек. Ал Әлия елде өсетін өсімдіктердің химиялық құрамын зерттейді. Ғылы­ми ізденісі қызық. Алдымен өсімдік­тер­ді анықтап, оларды жуып, кептіріп, артынан ұнтақтайды. Бұл – жұмыс­тың негізгі бөлігі. Ал содан кейін ұнтақтал­ған өсімдіктің сығындысын шығара­ды. Осылайша, қолданысқа адам денсау­лығы­на пайдалы табиғи өнім келеді. Дайын сығындыны өзге өсімдіктер­дің сығын­дыларымен қосқанда маңызды химия­лық өзгеріс жүреді. Жас ғалым осыған ерекше көңіл бөледі.

«Ғылыми жұмыс барысында алын­ған сығындылардың биологиялық бел­сенділігі зерттеуге жіберіледі. Ал әрі қарай оның химиялық құрамындағы өзгерістерге назар аударылады. Өзге­ріс­тердің ішінде осыған дейінгі ғылыми ізде­ністерімізде кездескен, яғни белгі­лісі, сол сияқты белгісіздері де бар. Бұдан бөлек фармакологиялық белсенділігі де зерттеледі. Жүргізілген зерттеу жұмы­сының нәтижесі бойынша биологиялық белсенді қоспалар, түрлі препараттар дайындап шығарамыз. Бұл отандастарымыз үшін өте пайдалы болмақ. Қанша дегенмен табиғи өнімдер арқылы жасалады. Құрамында синтетикалық өнімдер, химиялық қоспалар жоқ», дейді Әлия.

Биологиялық белсенді қоспалар Дә­рілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу ор­талығында зерттеуден толық өтіп, әзір­лену сатысында тұр. Қазір орталықта өн­дірген өнімдерді мемлекеттік тіркеу­ден өткізіп, әрі қарай құқықтық иелігі дұ­рыс болуын патенттеу жұмысын жүр­гі­зіп жатыр. Бұл отандастарымыз­дың нарыққа еш қиналмай шығуы әрі емін-еркін сату үшін аса қажет. Алды­мен ел аумағына шығаруды жоспарлап отыр. Егер сұраныс артса, әлемдік нарыққа да аяқ басу жоспар­ларында бар.

«Алғаш рет ел аумағында өсе­тін «Ligularia narynensis» және «Ligularia sibirica»-ның фитохимиялық құра­мы зерт­телді. Осы өсімдік түр­ле­рі­нен био­логия­лық белсенді қосы­лыс­тар оқшау­ланды. Сонымен қатар өсім­дік­тердің оқшауланған сығындылары, қосы­лыстардың биологиялық белсенділігі қаралды. Қосылыстар мен сығынды­лар тері ауруларына қарсы жоғары цито­ток­сикалық белсенділікті көрсетті. Бола­шақта осы қосылыстар негізінде фитопрепараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеу жоспарланып отыр», деп түсіндірді жас ғалым.

Кейбір деректерге сүйенсек, еліміз­де 5700-ге жуық өсімдік түрі бар екен. Оның 1500-ге жуығы сирек кездесетін, қорғауға алынатын өсімдіктер қатары­на енгізілген. Ал оның ішінде 760 эндемик өсімдік пен 500-ге жуық емдік шөп бар. Даламызда өсетін көптеген дәрілік өсімдік қаншама сырқатқа шипа болатын дәрі-дәрмек, дәрумен, био­логиялық қоспа, жақпа май, жапсырмалар әзірлеуге болады.

«Қанды сұйылту, қан айналысы қызметін жақсарту, бауыр және жү­рек-қан тамырларына көмегі бар, көп аурудың дауасы болатын дәрілік өсім­­діктер елімізде көп екенін біле бер­мейміз. Қазақ шипагерлері осындай дәрі тағайындағанда науқастың қан айналысы қызметін жақсартуды негізгі мақсат ете отырып емдейді. Со­нымен бірге науқастың ішкі бес мүше­сі байланыс тепе-теңдігін сақ­тау үшін жұмыс істейді. 5 мүше дегеніміз – жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және көкбауыр. Осылардың ішкі тіл алысымдылығы жақсы болғанда адам ауырмайды, денсаулығы мықты болады. Адамның ішкі ағзалары да адамның өмір сүріп жатқан сол кездегі қоғамына ұқсайды. Мысалы, бауыр ауырса, қан айналымы бұзылады. Бүйректе дерт болса, тізе және буындар ауырады, адам­ның көңіл күйі болмайды. Жүрек-қан тамырының тығындалуы өкпе мен көкбауырдың әлсіздігінен болады. Осыларды негізге ала отырып, қазақ даласында өсетін дәрілік шөптерден адамның денсаулығына пайдалы дәрі-дәрумендер жасап шығуға болады», дейді фармацевт-ғалым Арғынбек Қабылқақ.

Ғалымдардың айтуынша, негізі әр­бір өнімнің зерттеу сатысынан өтуі, оның әзірленіп, халыққа жеткізу уақыты әр­түрлі. Болашақта косме­тика­лық өнімдерді әзірлеу жоспарланып отыр. Жалпы, бұл бағытта адам денсаулығы­на тікелей әсер ететін өнім әзірлене­тін болғандықтан, сынақ жұмысына ерек­ше көңіл бөлінеді. Еске сала кетейік, былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің Дәрілік өсімдік­тер­ді ғылыми зерттеу орталығында өсім­дік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылған-тын. Мұнда шығарылатын өнім бірша­ма. Сұраныстағысы – адам ағзасы­ның иммундық жүйесінің белсенділі­гін арттыратын, вирустық тұмау кезінде асқыну қаупін азайтуға көмектесетін биологиялық белсенді қоспа.

«Шыны керек, еліміз импорттық өнімдерге өте тәуелді. Ал дәрі-дәр­мектердің арасында синтетикалық өнімдермен әзірленген тауарлар өте көп. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, отандық табиғи өнімдер әзірлеуді Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығы ашылған сәттен ­бас­тап алдымызға мақсат еттік. Бұл өз кезегінде ел экономикасына да оң өз­геріс берері сөзсіз. Біз өзіміз ізденетін бағытта ғылыми жобаларға қатысып, жұмысымызды ұсынып, жеңіп алып жатамыз. Бұл – бізге қаржылық жағынан да, өзге де мәселелерді шешу жағы­нан да мемлекет тарапынан көрсеті­ліп жатқан үлкен қолдау. Осы жоба­ның аясында өзімізге қажет түрлі құрал-жабдықтар сатып ала аламыз», деді Ә.Нұрлыбекова.

Бұрын Кеңес одағының фармацев­тiк өнеркәсiбiне өсiмдiк шикiзаты­­­ның 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Орталық Азияда дайындалған деседі. Демек біздің дәрілік өсімдіктерді өсіріп, бап­тайтын, арнайы шаруашылық құ­ра­тын мүмкіндігіміз бар.