Талбесік • 28 Мамыр, 2024

Жасыл желекке бөленді

41 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» акциясында Ертіс-Баян өңірінің халқы белсен­ділік көрсетіп отыр. Әр аптада өткізілген тазалық, эколо­гиялық іс-шаралар аясында елді мекендер абаттандырылды. Акция барысында облыстың елді мекендерінде жалпы саны 26,7 мың көшет егілген.

Жасыл желекке бөленді

Фото: malim.kz

Ел үлкендері мен жас­тар елді мекендерді көгал­дан­дыруға жер­лестерін ша­қыра отырып, алдағы уақыт­та ағаш егу игі дәстүрге айналса де­ген ниетін жеткізді. Ұйым­дас­тыру­шылардың айтуынша, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан басталады.

Алғашқы аптада «Берекелі өл­ке» атауымен коммуналдық қызмет­тер мен ұйымдар елді мекендердің аума­ғын тазалады. 510 шақырым көше­лер мен тротуарлар ретке келтірілді, 3 200-ден аса жол белгілері, 669 аялдама павильондары және 198 бағдаршам нысандары сырланды, жол бойындағы 350 құдықтың қақпағы қалпына келтірілді.

Бұдан соң «Менің аулам – ме­нің бағым» апталығы бойынша аулаішілік аумақтар ретке келтіріл­ді. 1 340 аула мен балалар ойын алаң­дары, 1 168 қоқыс контейнері және 2 963 қоқыс алаңы жиналды. 189 ескерткіш ретке келтірілді.

– Біздің аймақтың тұрғындары «Жасыл аймақ» апталығына да белсене қатысты. Облыстың елді мекен­дерінде 26,7 мың көшет отыр­ғызылды. «Табиғатты қорғау – адамның борышы» апталығында рұқсат етілмеген полигондар мен ластанған учаскелер жойылды. 32,4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды, – деп атап өтті өңірлік Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лық басқармасы бөлімі басшысы­ның міндетін атқарушы Ә.Теміртас.

Павлодар қаласының әкімдігі­нен хабарлағандай, Ертіс өзені жа­ға­ла­уындағы «Қазқонақ» табиғи ескерткіші маңында қарағай мен шырша ағашының 300 көшеті, Назарбаев интеллектуалдық мек­­тебінің гүлбағында әртүрлі ағаш­­тардың 150 данасы егілген. Ал қала­ның жасыл белдеуіне, яғни Фрегат-1 бағбаншылығы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ аралығына бүгінде 4 500 тал отырғызылған.

Экологиялық айлыққа бар­лығы облыста 107 мыңнан аса тұр­ғын, 3,2 мың шаруашылық жүр­гізуші субъекті, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, пәтер иелері­нің кооператив­тері жұмылдырыл­ған. Үй аулаларынан 54,2 мың тонна қоқыс шығарылған. Бүгін­гі таңда қалалар мен аудандар­дың мердігерлік ұйымдары елді мекендердің сани­тарлық жағдайын қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

 

Павлодар облысы