Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Әйел саламаттылығының қоғамдық маңызы

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның отырысында жасөспірім қыздарға медициналық қызмет көр­сету және фертильді жастағы әйелдермен аку­шер­лік-гинекологиялық қыз­мет­тің жұмысы мәсе­лелері қа­ралды. Ерекше назарда – ауылдық елді ме­кен­дердің тұр­ғындары.

Әйел саламаттылығының қоғамдық маңызы

Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемле­кет­тік органдардың өкіл­дері қатысты. Жиында Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева халықтың репродуктивті денсау­лы­ғын қорғау мемлекеттік сая­сат­тың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.

«Бұл мәселе жалпыұлттық маңызға ие, өйткені біз сала­уат­ты ұлт, елдің болашағы туралы айтып отырмыз. Жасөспірім қыздар мен фертильді жастағы әйелдердің репродуктивті ден­саулығын сақтау және ны­ғай­ту, олардың бала туу туралы жеткілікті ақпарат алып, шешім қабылдау мүмкіндігін арттыру, жүктілік және босану кезіндегі тәуекелдерді азайту мақсатында әлеуметтік-экономикалық және емдеу-профилактикалық шаралар кешені іске асырылуда. Біздің сарапшылар медициналық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, ана өлімін азайтуға мүмкіндік бере­тін шаралар кешенін қа­был­дау қажеттігін атап өтті. Жалпы, бар­­лық уәкілетті орган­дар­дың бел­сенді жүйелі жұмысы қажет деп санаймын», деп атап өтті министр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова осы саладағы қазіргі жағдай мен жұмыс жүйесін жетілдіру шаралары туралы хабардар етті. Ал сенатор Ләззат Қалтаева оты­рысқа қатысушылардың назарын мүгедектігі бар әйелдерге медициналық қызмет көрсетудің проб­лемалық мәселелеріне аудар­ды. Өз кезегінде Ұлттық комис­сияның мүшесі, қоғам қай­раткері Тоғжан Қожалы шал­­­ғайдағы ауылдарда әйел­дерге көмек көрсететін аку­шер­лік-гинекологиялық қыз­мет­тегі бірқатар мәселелерді атап өтті.

Өңірлердегі ауыл­дық аурухана­­­­лар­ға, фельдшерлік пункт­­терге барып, осы мәселе­лерді егжей-тегжейлі зерделеген Ұлттық комиссия сарапшылары денсаулық сақтау менеджерлерімен, дәрі­гер­лермен және пациенттермен кездесу барысында әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау үшін инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеу мәселесіне назар аударды.

Комиссия отырысында әйел­дер консультациялары, пер­зент­ханалар, отбасын жоспар­лау кабинеттері, ауылдық ауруха­налар, жастар денсаулық орта­лық­тары әдістемелік тұрғыда көмек көрсетуді қажет ететіні ай­тылды.

Сондай-ақ отбасын жоспарлау кабинеттерінің жеткілікті санына қарамастан, жүктіліктің 40%-ы жоспарланбағаны, ал прегравидарлық дайындықтан өткен жұптардың үлесі 30%-дан аспайтыны сөз болды. Осы тұр­ғыда аталған жұмысты ұйым­дас­тырудың тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.

Азаматтардың өз денсау­лы­ғын сақтау мен нығайтуда жауапкершіліктің төмендігі осы процеске барлық уәкілетті органдардың атсалысуын қажет етеді. Қоғамдық ұйымдар, са­рап­тамалық және ғылыми қо­ғам­дастық халық арасында, мақсатты аудиториялар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Отырысты қорытындылай келе, Ұлттық комиссия төрағасы Денсаулық сақтау министр­лі­гінің жергілікті атқарушы органдармен, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім ми­нистр­ліктерімен бірлесіп, фертильді жастағы қыздар мен әйелдер­дің денсаулығын сақтау, жасөс­пі­рім­дердің репродуктивті ден­сау­лығын нығайту, сондай-ақ жастарды саналы ата-ана болуға дайындау жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік ұлттық комиссия жасөспірім қыздарға меди­ци­налық қызмет көрсетудің және акушерлік-гинекологиялық қыз­меттің өңірлік деңгейде фер­тильді жастағы әйелдермен жұ­мыстың егжей-тегжейлі мони­торингін жалғастырады.