Басылым • 25 Мамыр, 2024

Басқа басылымдардан: Әріптестік орнату ұсынылды

41 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сингапур мен Қазақстанның бірқатар компаниясына технология мен инновация, жаңартылған энергия көздері және биотехнология салаларында ынтымақтастық орнату ұсынылды.

Басқа басылымдардан: Әріптестік орнату ұсынылды

Бұл ұсыныс екі ел бірлесіп өткізген бизнес форумда айтылды. Сингапур премьер-министрінің орынбасары Хенг Суи Кит ондаған жыл бойы екі ел арасында байланыс, білім және басқару, сауда және инвестиция, сондай-ақ адам ресурстары бағыты бойынша кең ауқымды ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.

«Екі мемлекет те ашық әрі ережелерге негізделген халықаралық экономикалық жүйе халқының еңсе тіктеуіне және олардың өмірі мен тұрмысының жақсаруына көмектесетін өсу мен дамудың маңызды драйвері екенін мойындайды», дейді Хенг Суи Кит.

Бүгінде Қазақстан Сингапурдың Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең ірі сауда серіктесі болып отыр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылы шамамен 50 пайызға өсіп, 600 миллион доллардан асып жығылды.

 

Қандастар атажұртына оралды

а

Қазақстанға бас­­­қа елдерде тұ­ра­­­тын этностық қазақ­тар қоныс аударып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың қаңтар–сәуір аралығында 4 351 этностық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

1991 жылдан бері 1 132 700 этностық қазақ елге оралды. 2023 жылдан бастап «бір терезе» қағидатымен «қандас» мәртебесін берудің қанатқақты жобасы бо­йынша Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы  7 518 этностық қазақтың өтініші қабылданды. Биыл оралғандардың 51,1%-ы Қытайдан, 31,9%-ы Өзбекстаннан, 6,4%-ы Түрікменстаннан, 5,4%-ы Моңғолиядан, 3,7%-ы Ресейден, 1,5%-ы басқа елдерден келген. Еңбекке жарамды жастағылар – 59,1%, кәмелетке толмағандар – 31,7%, зейнеткерлер – 9,2%.

Ел үкіметі этностық қазақтарды елдің солтүстігі мен шығысындағы жұмыс қолы тапшы өңірлерге, атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар облыстарына қоныстандырып жатыр.

 

Энергетикалық жүйе туралы меморандум

ап

Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан үш елдің энергетикалық жүйелерін біріктіру бойынша ынты­мақтастық туралы меморандум жасады. Кабель Каспий теңізінің түбімен тартылады.

Құжатқа Ташкентте үш елдің экономика және энергетика министрлерінің кездесуінің қорытындысы бойынша қол қойылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Әзербайжанның экономика министрі Микаил Чингиз оглы Джаббаров мәлімдеді. Меморандумды жүзеге асыру үш тарапқа «жасыл» энергияны өндіру және оны Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттауды ұйымдастыруда өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.

 

Жаңа көлік торабы

см

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ), ресейлік «Славтранс-сервис» АҚ және Қытайдың Сиань еркін сауда портын салу және пайдалану жөніндегі компаниясы Мәскеу облысының Селятино стансасында «CRK Terminal» жаңа көлік-логистикалық орталығының құрылысын бастады.

Жаңа логистикалық хаб Сиань (Қытай), Ресей және басқа елдер арасындағы Қазақстан – Қытай терминалындағы тікелей көлік байланысын дамытуға арналған.

2023 жылы Қытай мен Ресей арасындағы Қазақстан арқылы теміржол жүк тасымалдау көлемі 3,8 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35%-ға артық. 2024 жылдың бірінші тоқсанында «Қытай – Ресей – Қытай» бағыты бойынша транзиттік тасымал 0,9 миллион тонна болып, тұрақты деңгейде қалды.

 

ОПЕК+ келісімі сақталады

р

Қазақстанның Энерге­тика министр­лігі 2024 жыл­дың 1 тоқ­са­нында артық мұнай өндіру­­ді жою жоспарын жариялады. Бұл міндеттеме ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (БММК) 53-отырысының директиваларына сәйкес келеді. Энергетика министрлігі ел ОПЕК+ уағдаластығы аясында келісілген өндіру көлеміне сәйкестендіру үшін 2024 жылы өтемақы төлеудің егжей-тегжей жоспарын ұстанатынын айтты.

«Біз әрбір елдің өз міндеттемелерін және мұнай нары­ғын тұрақтандыру үшін ынтымақтастықты сақтаудың маңыздылығын түсінеміз», деп жазылған Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Қазақстан Үкіметі артық өндірісті басқарудың стратегиялық тәсілін әзірледі, ол келесі жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл бастама – 2024 жылы нау­рыз­да тіркелген артық өндіріске жауап болып отыр. Аталған уақытта мұнай өндіру көлемі шектен тәулі­гіне 131 000 баррельге асып кетті, бұл ауа райының қолай­сыздығы мен жылыту маусымының ұзаққа созылуы­мен байланысты болды. Министрлік болашақта өндіріс көлемін түзете отырып, осы міндеттемені орындайтынын мәлім етті.