Білім • 25 Мамыр, 2024

Төрт мың ұл-қыз мектептен түлеп ұшты

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында 111 мыңнан астам бала кезекті оқу жылын аяқтайды. Оның 4 256-сы – 11 сынып түлектері. 138 озат «Алтын белгіден» үмітті. 261 оқушы үздік аттес­тат алуға талаптанып отыр. 24 мамырда өңірдің барлық мек­тептерінде «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті.

Төрт мың ұл-қыз мектептен түлеп ұшты

Фото: zharar.com

Аталған тәрбие са­ғат­­та­рын­да сынып же­тек­ші­ле­­рі оқушы­лар­ды өткен оқу жылының қоры­тынды­сымен та­ныс­тырып, келесі жылда өтілетін жаңа пәндер бойынша бағыт-бағдар берді.

Соңғы қоңыраудан кейін 9 сынып оқушылары мен 11 сынып түлектері қорытынды аттеста­ция тапсырады. 9 сыныптарға арнал­ған қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығына жос­парланып отыр. Ал 11 сынып оқушылары 28 ма­мырдан 11 мау­сым­ға дейін мем­ле­кеттік емти­хандарын тапсырады.

Биыл бірінші рет 5-8 сыныптар мен 10 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен емтихан тап­сырмақ. Ал «Алтын белгі» иегерлері бар­лық мектептегі емтихандар аяқ­тал­ғаннан кейін марапатталады.

11 (12) сынып түлектеріне аттес­тат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихан аяқталғаннан кейін өтеді.

«Биыл оқушыларымыз 15 ха­­­лық­­аралық сыйлықты жеңіп ал­ды, оның 4-еуі – алтын медаль. Ха­лық­­аралық марапаттардың дені «Білім – Инновация» лицейі оқушы­ларының үлесінде. Мыса­лы, таяуда ғана аталған лицейдің оқушысы Жан Дәуітов математика пәні бойынша Балқан олим­пиадасы­ның алтынын ие­лен­ді. Соны­мен қатар 55 оқушы – ре­с­публи­калық олимпиадалар мен ғылы­ми жобалар байқауында жеңім­паз, жүлдегер атанды. Оқушы­ларымыз республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша 25 жүл­делі орын алды. Мұның сыртында, облыс оқушыларының 6 жоба­сы «Дарын» республикалық ғы­лы­ми-практикалық орта­лы­­ғы­ның грамоталарымен мара­пат­­тал­ды. Биыл Қостанай облы­сының олимпиадашылары 29 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде респуб­ликалық оқушылар олим­пиа­­дасының 5 алтын, 10 күміс және 14 қола медалі бар. Әсіресе «Білім – Инновация» лицейін ерек­­ше атап өткім келеді. Оқу жылы­ның қорытындысы бойын­ша аталған лицейдің енші­сінде 9 медаль бар. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы да­рын­ды балаларға арналған мек­теп-интернат, Қостанайдағы №2 мек­теп-лицейі, М. Қозыбаев атын­да­ғы №23 мектеп, Рудный қала­сы­ның №5, №2-гимназия­лары рес­пуб­ликалық оқу­шылар олим­пиа­да­сы­ның қорытындысы бойынша ал­дыңғы қатарлы жүз мектептің қа­тарына ілікті», дейді облыстық бі­лім басқармасы басшысының орын­басары Данагүл Сүйіндікова.

 

Қостанай облысы