Сенат • 24 Мамыр, 2024

Сенатта әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесіп, тараптар еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зиянды еңбек жұмысымен айналысатын адамдарды қорғау жөніндегі мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта әлеуметтік қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Фото: А.Байжұманов

Сенатор әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, еңбек нарығының ағымдағы жай-күйі мен даму келешегін бағалау, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды қолдау шаралары мен халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру мәселесіне депутаттар ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Президент Жолдауында еңбек нарығын дамыту және қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып, еңбек нарығындағы түбегейлі өзгерістерді, оның ішінде жарты миллионнан астам адамды қамтитын цифрлық экономика мен жұмыспен қамту тұғырнамалық тұрғыда өсе түскенін және осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтуды тұғырнамалық түрде реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, өндірістегі жарақаттану деңгейінің жоғары екені туралы мәселе көтерілді, кәсіби қауіптердің алдын алу үшін құжаттарды әзірлеу туралы министрлікке тапсырма берілді. Парламент Президент айтқан міндеттер мен мақсаттарды басым деп санайды, сондай-ақ тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындау үшін осы міндеттерді іске асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын», деді Нұртөре Жүсіп.

Светлана Жақыпова өз кезегінде қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмыссыздықтың алдын алу, әлеуметтік қамсыздандыру саласында уақытында мемлекеттік қызмет көрсету әрі сапасын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге бағытталған министрліктің жұмысы туралы айтып берді.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша үдерістерді оңтайландыру мен әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастарының неғұрлым ашық әрі қолжетімді жүйесін құруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.