Инвестиция • 24 Мамыр, 2024

Жібек өндірісі жанданады

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 857,6 млн доллар болып, жылдық жос­пар 190,1%-ға орындалған. Биылға негізгі капиталға салынған инвестиция индикаторы 1 трлн 133,8 млрд теңге көлемінде бекітілген. Қазіргі уақытта бірінші тоқсанның қорытындысымен өңірге 132,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция – 116,1 млрд теңге, бюджеттік инвестиция – 16,1 млрд теңге.

Жібек өндірісі жанданады

Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн теңге

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында өңірде 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Жоба­лар­дың жалпы құны – 2,2 трлн теңге. Олар 18 263 жұмыс орнын ашуға сеп болуы тиіс. Агро­өнер­кә­сіпте – 37, өнеркәсіпте – 58, құрылыста – 19, туризм бойынша – 19 жоба және өзге де салалар бойынша да бірқатар жоба жоспарланған. Оның ішін­де, биыл жалпы құны 121,8 млрд теңгеге 2 270 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 44 инвес­ти­ция­лық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Облыс бойынша жеке инвесторлар есебінен іске асырылатын 77 жобадағы 741 жаңа жұмыс орнының ашылуы тұрақты бақылауға алынған.

Бекітілген кестеге сәйкес ин­вес­тициялық жобалар екінші тоқсанда басталады деп жоспарланып отыр. Барлық инвестормен төртжақты меморандум түзіліп, бүгінде 14 жоба басталып, 86 жұмыс орны ашылды. Жобаларды жүзеге асыруда өн­дірістік ай­мақтардың алар орны ерекше. Мысалы, Ордабасы ауда­­­нында екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индус­триалды аймағы 50 гектарға ұл­­ғаяды. Шұбар ауы­лында өн­дірістік аймақ құру үшін жос­пар­ланған 60 гектар жер Бадам-Шұбар автожолының бойын­да, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашық­тық­та орналасқан. Өндіріс­тік аймақта қуаттылығы 25 МВт қо­сал­қы станса, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жү­йесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғы­ма құрылысы жүргізілуі тиіс.

 

Логистикаға серпін берер өндіріс қажет

Өңірде өндіріс зауыттарын ашу мақсатындағы игі істерге отандық инвесторлар да белсенді атсалысып жатыр. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды «ЕвразияТранзитГрупп» ЖШС байқау кеңесінің құрылтайшысы және төрағасы, «Қазмехлитпром» ЖШС өкілі Серік Уалиевпен кездесіп, бірқатар жаңа жобаны жүзеге асыру барысын тал­қы­лады. Бұл компания облыс аума­ғында инвестициялық жоба­лар­ды іске асыру үшін арнайы ашыл­ған.

«Қазмехлитпром» көлік-экс­пе­ди­торлық қызметтер көрсе­­те­ді және Қазақстан мен ТМД елдерінің бүкіл аумағы бойынша жүк тасымалдайтын вагон-цис­тер­налар мен вагондар ұсынады.

«Қазақстанның логистикалық мүм­­кін­діктерін кеңейту мақса­тын­да Түркістан облысында Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы экспорт пен импортты кеңей­ту­ге мүмкіндік беретін құрғақ портты енгізу жоспарланып отыр. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – біздің басты бағы­­тымыз. Отандық компа­ния­лар­дың бизнесті дамыту жө­нін­де­гі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ын­ты­мақтастығымыз ұзақ мер­зімге жалғасады деп үміттенеміз», деді облыс әкімі кездесуде.

Жоспар жүзеге асқан жағ­дай­да жаңа кәсіпорын 20 гектар аумақта орналасады. Онда вагон бөлшек­те­рі, тау-кен, металлургия кешені үшін, құрылыс және ауыл шаруашылығы машиналарын жа­сауға арналған жабдықтар мен қосал­қы бөлшектер шығарылмақ Тарап­­тар Түркістандағы «TURAN» ар­найы экономикалық ай­­ма­ғын­да жаңа зауыт ашу бо­йын­ша бас­таманы жан-жақты пысық­тады. Отандық инвестор бұл мақсатта 20 млн доллардан астам қаражат құюға дайын. Жобаның қуат­ты­лы­ғы жыл са­йын артады. Ауы­сымына 200 тонна болат құя­тын зауытта 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс­пен қамтылмақ.

 

Табиғи талшықтың тамашасы

Облыста жұмыс істеуге қы­зы­ғу­шылық танытып отырған шетел­дік компаниялар да аз емес. Олар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі секілді салаларды дамытуда бірлесе жұмыс істеуге дайын. Облыс бойынша дайын инфрақұрылымы бар 9 индустриялық аймақ орна­лас­қан. Сонымен қатар 42 шағын өнер­кәсіптік аймақтың құ­ры­лысы жүргізілуде. Биыл 9 шағын өнеркәсіптік аймақтың құры­лысы аяқталады. Ауыл шаруа­шы­лығы саласында егістікті әр­тараптандыру, терең өңдеуге басымдық берілген. Мысалы, негізінен мақтамен айналысатын Жетісай ауданында жібек кластерін дамыту мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынған. Ауданда тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру бағытында өткен жылы көршілес Өзбекстан елінен әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, тұт ағаштарын отырғызуға 31,8 гектар жер қарастырылып отыр.

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Мамандар табиғи жібек талшықтарынан тоқылған маталар ерте замандарда жоғары бағаланғанын, Қытайдан шығарылатын жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүниежүзінің басқа аймақтарына таралып, саудагерлерге мол табыс әкелгенін айтады. Асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді екен. Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып, 52 гектар жердің 25 гектарына «Шапағат Нұры-2» шаруа қожалығы тұт ағашының «Мархаба 2017» сор­тынан 250 мың түп көшет отырғызған. Биыл жос­пар бойынша Жетісай ауданында 400 гектар жерге тұт өсірілмек. Алдағы уа­қыт­та тоқыма өндірісін дамыту көз­делген.

«Бұл өте ұтымды жоба, сон­дық­тан осы саланы дамытуымыз керек. Жаңа істің пайдасын диқандар әлі білмей жүр. Бұл – ағаш өсіріп, оны ұрпаққа мұраға қалдыратын кәсіп. Суды аз қажет етеді, шығыны да көп емес. Экологиялық тұрғыдан да қолайлы. Жібек өндірісі – әлем­де­гі ең табысты кәсіптердің бірі. Жібек талшығы жібек құртынан алынады. Ал жібек құртының негізгі азығы – ол тұт ағашы. Бір гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Осылайша, шаруа ұтады. Одан жіп, мата шығару ісін дамыту керек. Іс дамығанда жұмыс орны көптеп ашылады. Сондықтан жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі», деді аудан шаруаларымен кездесуде облыс әкімі.

 

Өңірдегі даму қарқыны біркелкі емес

«Ауыл аманаты» жобасы аясында жүргізіліп жат­қан жұмыс­тар­ды жүзеге асыруға «Оң­түс­тік» аймақтық инвести­ция­лық орталығынан 100 млн теңге несие алынған. Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер өңірде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса, өнімдерді Шығыс Еуропа мен Жапония, Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға бо­ла­ды. Ал өндірілген өнімнің килосын көршілес өзбекстандық ин­вес­торлар 600 теңгеге дейінгі баға­да сатып алуға ниет білдіріп отыр.

Жыл басында бағалы матаның өндіріс көлемін өсіру мақсатында жол картасы бекітілген болатын. Оның негізгі бағыты – 2029 жылға дейін 10 мың гектар аумаққа тұт ағаштарын отырғызу. Сонымен қатар 2029 жылға қарай 100 миллион тұт көшеті мен 500 мың жәшік жібек құртының ұры­ғын өсіру жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ жібек жіп өндірісінің көле­­мін 2,8 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Айта кетелік, биылғы бірінші тоқсанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Көрсеткіштер жақсарған. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар индикатордың орындалуы төмен деңгейде. Өнеркәсіп пен өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемінің нақты көлем индексі Мақтаарал, Шардара, Отырар, Сауран және Сарыағаш аудандарында орындалмаған. Негізгі ка­питалға тартылған инвес­ти­ция­ның нақты көлем индексі Отырар, Кентау, Мақтаарал мен Жетісайда төмендеу орындалып отыр.

 

Түркістан облысы