Тарих • 23 Мамыр, 2024

Түркістан облысынан ханның айнасы табылды

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда адамдар айна ұстаған, алтын күмістен әшекей таққан. Бұған дәлел, Қараспан ауылы төңірегінен ханның айнасы табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысынан ханның айнасы табылды

Қарааспан – Түркістан облысына қарасты ауыл. Ежелгі уақытта бұл жерде Қарааспан деген шаһар болған.     

Қазба кезінде ескі қорымда ауқатты отбасы мүшелерінің мүрдесі мен бағалы дүниелері қоса көмілгені анықталған.

- Төлебай төбе қорымындағы үшінші обадан әр жылдары жерленген 5 адамның мүрдесі табылды. Археологиялық орынның 2 мың жылдан астам тарихы бар. Зерттеуге қатысқан мамандар құнды артефактілерге қарап осындай болжам жасап отыр, - деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасының тілшісі.

Археологтардың тапқан зергерлік бұйымдары жасалу технологиясымен ерекшеленеді. Айшық тәрізді алтын сырғалар асыл тастармен безендірілсе, тұрмыстық заттар да қоламен көмкерілген. Сондықтан бұл бірегей жәдігерлер Қаңлы кезеңінің мәдениетін тағы да тани түсуге жол ашты.

- Қос сырға зергерлік өнердің қайталанбас үлгісі іспетті. Мен сенімді түрде олардың Қаңлы мемлекетіне тиесілі екенін айта аламын. Сол заманның дәстүрлі мәдениетінде осындай алтындар қолданылған. Көбіне Грек қалалары мен Рим империясында кездеседі. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай, олар осы өз даламызда табылып жатыр, - деді Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ профессоры Александр Подушкин.

Қорымды зерттеу жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келеді. Бұл жолы 3 бірдей оба қазылып, соның екеуі тоналғаны анықталды. Дегенмен археологиялық ошақтан табылған хан айнасы құнды олжа санатында. Сонымен қатар ірілі-ұсақты моншақтар мен түйреуіш бар. Енді қаңқа сүйектері зерттелмек.

- Бұл жерде ауқатты адамдар жерленген. Яғни, бұл жерленген қаңқа сүйектеріне қарап, олардың әр уақыт аралығында жерленгенін байқауға болады. Табылған артефактілерге байланысты сондай шешім шығаруға болады. Антропологтарға берген кезде сүйектеріне және тістеріне қарап, олардың жасын анықтайды, - дейді археологиялық экспедиция мүшесі Гүлмира Стамқұлова

Тарихи маңызға ие жәдігерлердің біразы арнайы зерттеуден соң "Ордабасы" музейіне қойылады. Ал ерекше қолданбалы өнер туындыларын республикалық маңызы бар музей қорына өткізу жоспарланып отыр.

- Былтыр осы Төлебай төбеде жүргізілген қазба жұмысы барысында табылған көптеген заттар, соның ішінде керамикалық заттар, әшекей бұйымдар соның барлығы біздің Ордабасы қорық музей қорына өткізілген болатын. Биылғы жылы табылған заттардың бағалығына, құндылығына қарап, жетекшінің айтуынша, орталық музей немесе Ұлттық музейге өткізілетін болады, - дейді "Ордабасы" Ұлттық тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкері Бақытбек Қасымов

Сала мамандарының айтуынша, қорымда табылған жәдігерлер көне заман тұрғындарының ата-бабалардың тарихи-мәдени бай мұрасын тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ежелгі Қара аспан қалашығында қазба ісі қайта жанданады.