Аймақтар • 22 Мамыр, 2024

Көпшілік қолдаған акция

29 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыр өңірінде тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруді көздеген «Таза Қазақстан» республикалық акциясының әр кезеңі ұтымды ұйымдастырылып, тазалыққа жұмылған жұрттың қатары көп болды. Мемлекет басшысы бастамашы болған акция аясында облыс пен аудан орталықтары ғана емес, ауылдарда да мыңдаған көшет егіліп, күл-қоқыс шығарылды. Бір-біріне жалғасқан сенбіліктер нәтижесінде су айдындары мен өзен-көл жағалаулары тазартылды.

Көпшілік қолдаған акция

Акция басталған 9 сәуір күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үндеу жариялап, онда әр үйдің тазалығы тұтас қала мен ауылдың тазалығы екенін айтқан еді. «Таза өлке» атауымен басталған акцияға алғашқы қатарда үн қосқан Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылы болды. Облыстағы «Үлгілі ауыл» бай­қауы­ның жеңімпазы атанған елді мекен тұрғындарының саны 2 мыңнан асады. Солардың 150-ге жуығы «Таза өлке» апталығын бастап, ауылдағы аллеялар және арықтарды тазартты.

Жалпы, жыл басынан бері аудан­да 6 мыңға жуық ағаш отыр­ғызылып, таза­лық жұмыстары жүйелі ұйымдас­тырылып келеді. Тазалыққа арналған «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апта­лықтарында да облыс халқы ұйым­шылдық танытып, ортақ іске үлкен үлес қосты.

Былтырдан бастап облыс­та «Үлгілі елді мекен» конкурсы тұрақты өткізіліп келеді. Ондағы әр аталым бойынша жеңімпаздарға осы уақытқа дейін 29 арнаулы техника табыс­талыпты. Бұл өңір жұртының қоршаған орта тазалығын сақтап, айналасын абаттандыруға ай­рық­ша мән беретінін байқатса керек.

Акция аясындағы әр апта тын­дырымды істермен түйін­деліп тұрды. «Жасыл аймақ» апта­лығында әуежайдан облыс орталығына жеткізер күре жол бо­йындағы «Рәміздер ала­­ңында» тал егілді. Облыс әкімі Н.Нә­лі­баев пен өңірде са­­парда жүрген сенаторлар қа­тысқан сенбілікте бой көтер­геніне көп болмаған алаң аума­ғы көшеттермен көм­керілді. Осы күні жаңадан ша­ңырақ көтер­ген 10 отбасы был­тыр ғана ел игілігіне берілген Отбас­ы орталығы алаңына ағаш көшет­терін отырғызды. Жаңа өмір бас­таған жастардың бұл бастамасын жұрт­шылық жылы қабылдады. Шиелі ауданындағы «Ру-6» мен «Semizbai-U» серік­тес­тіктерінің қызметкерлері мекеме аумағын абаттандырып, 500 түп ағаш екті. Барлық аудан мен ауыл­да жалғасқан «Жасыл аймақ» ап­та­лығы нәтижесінде өңірде 7 мың­­нан аса тал отырғызылғаны бел­гілі болды.

Жалпы, қысы қатал, жазы аптап Сырда тал-дарақ егуге ерекше қарайды. Биыл облыс ор­талығынан 2 гектарлық жер аршылып, 3 тұқымбақ әзірленіп жатыр. Қызылорда–Астана бағытында салынып жатқан бас­ты жолдың қос қапталына да жасыл белдеу қалыптастырылады.

Тұтас елді қамтыған акция қорытындысындағы «Мөлдір бұлақ» апталығы да Сырда ерекше өтті. Оған мемлекеттік мекемелер, жеке ұйым өкілдері, жас­тар мен волонтерлер, тұрғындар қатысып, барлығы 245 техника жұмылдырылды. Оның аясында Сырдария өзенінің жағалауы, «Ақ­құмшық» жағажайы, «Кәрі­бөгет» көпірі, «Лайкөл», «Қам­баш», «Жалаңаш», «Шөмішкөл», «Райым», «Тұщы», «Иіркөл», «Қара­өзек», «Әлімкөл», «Жа­манкөл» көлдері мен «Қал­ған­дария», «Елтай», «Шіркейлі» арна­ларының жағалауы қоқыс­тан, тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Су айдындары мен аяқсу арықтарынан 40 тоннадан аса қоқыс полигондарға жеткізілді.

Облыста күн жылып, жер жібігеннен-ақ екі айлық сани­тарлық тазалық, көркейту-кө­галдандыру шарасы басталған еді. Наурыздан мамыр айына дейін созылатын екі айлық аясында да 35 мың түп саялы ағаш егілді. Оларға облыс ор­талығында жаңадан құрылған «Жасыл-Қызылорда» мекемесі күтім жасайды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА