Мәдениет • 22 Мамыр, 2024

Ауыл мәдениеті – елдік дәстүр мәйегі

38 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өңірдегі мәдениет ошақтары жалпақ жұртқа рухани азық сыйлап, ел бірлігін бекітіп, таным деңгейін арттырып, алаулап атқан әр таңды сәулелендіре түседі.

Ауыл мәдениеті – елдік дәстүр мәйегі

Тұтастай алғанда, өңірде 597 мемле­кет­тік мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. Дәтке қуат берер жай, жаңа мәдениет ошақтарының ашылуы. Мәселен, үш мыңға тарта тұрғыны бар Целиноград ауданының Тайтөбе ауылында ауылдық клуб ашылып, жұмыс істей бастады. Халыққа өте қажетті осы саланы қаржыландыруға 12,3 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Ендігісі мол қаржыны жөнімен жұмсап, ел мәдениетінің тыныс-тіршілігін екшеп, кәдеге жарату. Сөзіміздің басында жаңа нысандардың қатарға қосылуы туралы сүйінішті жайды айтқан болатынбыз. Сөзімізді тірілту үшін биыл 6 223 180,0 мың теңгеге 27 мәдениет ошағының құрылысын салу және жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл тараптағы қыруар жұмыс қолға алынып, сәтімен жүзеге асса, ел еңсесі бір көтеріліп қалатынын аңғаруға болады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жеті нысан салынбақ. Олардың барлығы дерлік ел ішіндегі, шалғайдағы шағын ауылдардағы мәдениет ошақтары. Астра­хан ауданының Новочеркаское ауы­лында, Аршалы ауданының Аршалы ауылында, Степногор қаласының Қарабұлақ ауылында мәдениет ошақтары салынбақ. Сондай-ақ бұрыннан жұмыс істеп тұрған мәдениет ошақтарын жөндеуге де жете көңіл бөлініп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 жоба қолға алынып, ел ішіндегі мә­де­­ниет үйлеріне күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Осындай оң іс, оңды жобалар облыс орталығында да бар. Көкшетау қаласындағы бірнеше музейге ағымдағы және күрделі жөндеу жұ­мыс­­тарын жүргізу межеленген. Об­лыс­­тық бюджеттен 7 мәдениет нысанына 818 971,0 мың теңге қаражат бөлініп отыр.

Мәдениет ошақтарын қысқы маусымға дайындау айрықша маңызға ие. Сол себепті облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, Жақсы ауданының Киев селолық клубына, Ерейментау ауданының Тайбай мәдениет ошағына блокті-модульдік қазандықтар орнатылмақ. Целиноград аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын да нығайту көзделген.

ит

Кітапханалар да көп-көрім жақсарып қалды. Өңірдегі кітапханаларда 42 коворкинг орталығы бар. 86 модельдік кітапхана жұмыс істейді. Бір жақсысы, олардың 57-сі ауылдық жерде орналасқан. Тағы бір айта кететін жай, 311 кітапхана компьютермен жабдықталған. Жалпы көлемнің 94 пайызын құрайды. Мемлекеттік кітапханалардағы кітап қоры жыл са­­йын толықтырылуда. Қазіргі күні 4 458 640 дана кітап бар. Мемлекеттік тілдегі үлес салмағы молайып келеді. Кітапхана рухани азық орталығы ғана емес, жалпақ жұртты жақсылыққа жұмылдыратын, ізгілікке үндейтін орын. Жыл басынан бері 298 437 адамды қамтитын 6 509 іс-шара өткізіліпті. Мұндай көпшілік жиналатын игі істің бір парасы акциялар аясында өткізілуде. Мәселен, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында 20 370 адамды қамтитын 1 139 іс-шара өткізілген. Айтулы мерекелер де назардан тыс қалмай, мәнді де мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Алғыс айту күні. Бұл күні өңірдегі кітапханаларда 4 313 адамды қамтитын 247 іс-шара ұйымдастырылған. Көпшіліктің ықыласын аударып, қызығушылығын туғызған шараның бірі – Наурыз мерекесі. Биыл бұл мерекеге айрықша көңіл бөлінді. Соның ішінде қайырымдылық күні аясында облыс кітапханаларында көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған «Жақсылық жаса» акциясы болды. Облыстық кітапхана Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін шаралар да­йын­дады. Аудандық кітапханаларда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, ұлт­тық стильде жұмыс істейтін сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. «Келіні жақсы үйдің керегесі кең» байқауы көп адамға ой саларлықтай мазмұнды болса, «Асыл әжелер» байқауы ғибратқа толы, өне­ге­мен өрілген шараның бірі еді. Осы орайда Ақкөл орталықтандырылған кітап­ха­на желісі «Шаңырақ күні», «Жеті ата – жеті ұрпақ» әдеби сабағы, «Наурыз – жылдың басы» кітап көрмелерін өткізіп, ел еңсесін бір көтеріп тастады. Мұндай қадау-қадау шаралар облыстың әр ауданында ұйымдастырылды. Сөзіміз дә­лелді болуы үшін «Жыл басы күні» кітапхана қызметкерлері өңірдегі аудандар мен қалалардың басты алаңдарында жергілікті жұрттың мәні мол, мазмұны терең, ілкі заманнан бері халқымен бірге жасасып келе жатқан ғажайып дәс­түрлерін көрсете білді. Оның ішінде көрермен қауымға ой салып, көңілдерін сәулелендірген тұстары аз емес еді. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауылым – таза өлкем» экологиялық акциясы. Осы іс-шара арқылы өңір тұрғындарына туған елдің түтінін түзу ұшыру, сәні мен салтанатын келтіру әркімге парыз екендігін ұқтырған салиқалы әңгіме сабақталды.

Осыншама жұмыс істеп отырған кітапханалардың тынысын кеңейтуге бағытталып отырған қамқорлық та бар. Мәселен, облыстағы кітапханаларды жөндеп, кітап қорын көбейтуге мейлінше мән беріліп отыр. Ауылдық жерлерде жастар неге тұрақтамайды дейтін сойылдай сауалдың жауабы ретінде мә­дениет ошақтарының жоқтығынан дейтін жауап айтылатыны жасырын емес. Таразы басына тартсақ, соңғы жылдары қордаланып қалған сауалдар сәтімен шешіліп жатқандығын айта кету парыз. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында өңірдегі клуб нысандарын дамытуға 1 873 507,0 мың теңге бөлініп отырғандығын айта кететін болсақ, қамқорлықтың көлемі бірден көрінер еді. Ауылдық клубтар үшін 1 329 692,2 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Бизнес құрылымдары мен ел мерейін үстем етуді мақсат еткен меценаттар да шет қалып отырған жоқ. Олар музыкалық және жарық аппаратураларын сатып алуға 5 036,0 мың теңге қаражат қарастырса, сахналық кос­тюм­дермен қамтамасыз етуге 776,0 мың теңге бағыттаған. Тіпті штат бірліктерін, ғимараттарды ұстауға, іс-шаралар өткізуге де қамқорлық көрсетуде. Осындай ізгі ниеттің арқа­сында сала серпінді даму үстінде. Қа­зіргі күні облыста 2 476 клуб жұмыс істеп тұр.  Ауылдық  жерлерде  2 065 клуб бар. Мәдениет ошақтарының отымен жылынушылар да аз емес. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметіне қарағанда, клубтарда 8 078 іс-шара өткі­зі­ліп, 1,1 млн адам қамтылған. Қызғы­лық­ты шаралар да аз емес.

– «Ән аға – Шәмші аға» облыстық байқауы әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, – байқауға ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған өңірден жүзден астам әнші қатысты. Осы бір ғана шараның арқасында біз ән өнерінің аспанын биіктетіп, жас талапкерлерді қолдап, ел еңсесін бір көтеріп тастадық.

Айтса айтқандай, дәстүрлі әнді наси­­хаттау мақсатында жыл сайын әрқилы байқаулар өткізілуде. Сөз өнерін сүйекке сіңіру де ұмыт қалмаған. «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысы да осы қатарда. Биыл әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұса Асайыновтың, халық ақыны Көкен Шәкеевтің есімдері ұлықталып, шырайлы шығармашылықтарын насихаттаған әдемі кештер өткізілді.

Кейбір назардан қағыс қалған мәсе­ле­лердің мәніне тереңірек үңілу де бар. Зеренді аудандық мәдениет үйінде фоль­клор­лық ансамбльдердің қор­да­ла­нып қалған жайлары ашық айтылып, сол бір түйіндерді шешу талданды. Көп болып кеңескен мұндай шаруа өз жемісін берері анық.

Мәдениет саласында талмай жұмыс істеп жүрген, осы бір бейнеті мол ба­ғыт­тағы бар шаруаға жан-тәнімен бе­ріле қызмет еткендердің еңбегі еленген тұстары да баршылық. Айталық, шығар­машылық ұжымдардың 50 жетек­шісі Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі атанды.

Балалардың рухани нәр алып өсуіне мейлінше мән беріліп отыр. Балалар шығармашылығы үйірмелерін қолдау үшін ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Үйірмелердің жұмысын жақсарту, маз­мұнын байыту да назарда.

Ол үшін өткеннің өнегесін сәтімен сабақтап, өскелең ұрпақтың көкірегіне құю керек дейтін болсақ, тұлғалардың тамаша өнері жаңғыртылуда. Әдебиет және өнер мұражайының ұжымы жыл басынан бері қыруар іс-шара ұйымдастырды. Атап айтатын болсақ, «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» әдеби музыкалық композициясы, Қа­зақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Сексен көлдің Серісі», белгілі журналист Сарбас Ақтаевпен өткізілген сырлы сұхбат. Міне, осындай мазмұнды шаралар көпшілікті өзіне тартып, ыстық лебімен үйіріп, жан дүниелерін байытып тұрмақ.

Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру де қолға алынған. Мәлік Ғабдуллин атындағы музей 1995 жылы ұйым­­дастырған «Жас ұлан» әскери-патриот­тық клубы өскелең ұрпақ арасында айрықша беделге ие. Краснояр ауы­лындағы №3 мектеп-лицейіндегі әскери-патриот­тық клуб та табысты жұ­мыс істеуде.

Патриоттық тәрбиенің қайнар көзі аруақты аталарымыздың өшпес ерлік іздерінде жатыр. Облыстық мәдениет басқармасы жанындағы тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі орта­лығы орынды мәселелер көтеруде. Соның бірі Халық қаһарманы Рақымжан Қош­қарбаевқа бюст орнату. Ерлігін насихаттау. Мұндай шаруа шашетектен.

Облыс орталығындағы Шахмет Құ­сайынов атындағы облыстық қазақ музы­калық драма театрында Алаштың айтулы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының шы­ғармалары негізінде қойылған «Алаш» плас­тикалық драмасының премье­­расы та­бысты өтті. Тағы бір айта кете­тін жайт, театр саласындағы кәсіби қоғам­дас­тықты жаңа үрдістермен таныстыру, өзек­ті мәселелерді талдау мақ­­са­тын­да «Көк­шетау – мәдениет пен дос­тық­тың мекені» халықаралық форумы ұйым­­дас­ты­рылған еді.

Шиырып айтқанда, киелі Көкше баурайындағы жалпақ жұрт мәнді мә­де­­ниеттің мәйегімен сусындап, елдік дәс­түр­ді орынды жалғастырып келеді.

 

Ақмола облысы