Президент • 21 Мамыр, 2024

Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтады

67 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, іс-шараға жиналғандарды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтады

фото: Ақорда баспасөз қызметі

«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.

«Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылатынын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.

«Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына «ұлттық» және «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады», деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді.

«Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті.

«Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз дарынды ұл-қыздарын қашанда қадірлей білгеніне назар аударып, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

«Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінде көптеген жас өнерпаздар ерекше дарынымен бүкіл әлемді таңғалдырып жатқанын атап өтті. Бұл орайда Мемлекет басшысы Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын шырқап, көк туын желбіретіп жүргенін айтты.

«Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлт болашағына қауіп төндіретін бес кесел туралы айттым. Қоғамды осы кеселдерден тазартуға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен нашақорлықтың зиянын ашып көрсететін тың туындылар шығып жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама», деді Президент.