Спорт • 21 Мамыр, 2024

Ташкенттен табысты оралды

34 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанның астанасы Ташкентте спорттық гимнас­тикадан өткен Азия чемпионатында Қазақ елі намысын алты өрен қорғады. Олар – Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ілияс Әзизов, Фарух Нәбиев, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек.

Ташкенттен табысты оралды

Жоғарыда есімдері атал­ған саңлақтар арасынан На­риман Кұрбановты ай­рықша атап өтуге болады. Ол ат жат­тығуында 15.600 ұпай жиып, бас жүлдені олжалады. Бір айта кетерлігі, күні бү­гінге дейін әлемнің бірде-бір гим­насшысы дәл осындай көр­сеткішке қол жеткізген емес.

«Азия чемпионатында жос­парымды толықтай жүзе­ге асырдым. Команда қор­жынына барынша көп ұпай салып, өзім алтын тұғырға көтерілдім. Сонымен қатар ірік­теу кезеңінде 15.666 ұпай иеленіп, жаңа рекорд орнаттым. Күллі әлемде осыншама мол ұпайды әлі ешкім ен­шілеген емес. Осы жағы мені ерекше қуантты. Финалдағы көрсеткішім де жаман емес – 15.600 ұпай. Осылайша, барлық қарсыласымды артқа тастадым», дейді Нариман.

Жаттығудың бұл түрінде өзбекстандық Абдулла Әзимов күміс алса, иорданиялық Әбу әл-Сауд Ахмад қолаға қол созды.

Ал медаль санының мол­­дығы жағынан Милад Ка­­­рими алдына жан салмады. Көпсайыста ол екінші орын­ды иеленді. Жерлесіміз филип­пиндік Карлос Юлодан ғана қалып қойды. Десек те біз үшін бұл алтынға бергісіз күміс еді. Себебі күні бүгінгі дейін еліміздің бірде-бір өрені көп­сайыста жеңіс тұғырына көте­рілген емес. Ондай бақ Ми­ладқа бұйырды. Сондай-ақ Ка­рими еркін жаттығуда да кү­міс медаль алса, кермеде бас жүлдені қанжығасына байлады.