Аймақтар • 17 Мамыр, 2024

Үкімет Риддерге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің жылумен жабдықтау жүйесін кешенді түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Риддердегі жұмыстарды күшейту үшін Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет Риддерге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді

Фото: Үкімет

Риддердің жылу желілерінде былтыр жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары олардың тозу деңгейін 78,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда бұл тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз. Жалпы алғанда, өткен жылыту маусымында жылу желілерінде 25 технологиялық бұзушылық фактісі тіркелді, соның салдарынан тұтынушылар үшін шектеулер енгізілді.

Кейінге қалдыруға болмайтын қажетті шұғыл жұмыстарды ескере отырып, Үкімет резервінен Риддер қаласының «Водоканал» ШЖҚ МКК жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл олардың тозу деңгейін жарамды көрсеткіштерге дейін жеткізуге және қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 50-ден астам учаскеде жұмыстар жүргізілмек.

Естеріңізге сала кетейік, бір айдан аз уақыт бұрын Премьер-министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін реконструкциялауға қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойған болатын. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінді.

Жалпы алғанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аясында Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногорск, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланып отыр.

Республиканың жылу көздері мен жылу желілерін кешенді түрде жаңғырту мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.