Мектеп • 17 Мамыр, 2024

Мектеп құрылысы қашан бітеді?

53 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Талғар ауданы Нұра ауылында сыйымдылығы 920 орындық орта мектеп 1969 жылы пайдалануға берілген. Мектептегі қазіргі бала саны 1 134, оларды 117 мұғалім оқытады. Білім шаңырағы былтыр күрделі жөндеуге жабылып, мұндағы 800 оқушы көршілес Туғанбай ауылындағы №30 орта мектепке 9 ай бойы тасымалданып оқытылса, қалған 334 оқушы ауылдық әкімдіктің ғимараты мен мәдениет үйінде жоқтан бар жасап, әупірімдеп оқығаны ащы ақиқат.

Мектеп құрылысы қашан бітеді?

Оқу орнының тарлығына қарамастан 2-3 сынып әкімдік табалдырығын тоздырса, Мәдениет үйіндегі «сыныптардың» жағдайы тіптен сорақы. Дәлізді ескі шкаф, сынық сөрелермен бөліп, қолдан сы­нып кабинеттерін құрастырып қойған. Ешқандай талап туралы сөз қозғауға кел­мейтін «кабинеттерде» жоғары сынып оқушылары бір партаға үш оқушыдан отырады. Техникалық базаны былай қойғанда тақтаның әрең ілініп тұрғанын байқау қиын емес. Тақта мен партаның арасы бір аттам жерде мұғалім артық қимыл-қозғалыс­сыз сабақ өтеді. Ол аздай арақашық­ты­­ғы 8 шақырымдық Туғанбай ауылындағы мектепке «шапқылайды». Осылайша, 9 ай­да табаннан тозған мұғалімдер мен оқушы­лар биылғы оқу жылын тарыдай шашы­рап жүріп тәмамдауға таяды.

Мәселенің мәнісін №12 орта мектептің директоры Ержан Нүсіпжаннан сұраған едік.

«Жалпы, Нұра ауылындағы Бәйдібек, Дулат, Нұра-1, Нұра-2 деп аталатын шағын аудандардан 300 оқушы мектепке тасымалданып оқытылатын. Мектебіміздің күрделі жөндеуге жабылуына байланыс­ты осы оқу жылында барлығын қосқанда 800 оқушыны Туғанбайдағы №30 орта мектепке 5 автобуспен алып барып, алып қайтады. Жоғары сыныптардағы 334 оқу­шы ауылдағы Мәдениет үйі мен ауылдық әкімдіктің ғимаратында санитарлық норма сақталмаған тар бөлмелерде қысылып-қымтырылып оқиды. Техникалық база кон­тейнерде жиналып тұр. Оны қосуға да, сақтауға да мүмкіндік жоқ. Мәде­ниет үйінің камерасы балалардың қауіп­сіз­дігін бақыламайды. Сол себепті, бала қауіпсіздігіне де алаңдаймыз», дейді мектеп директоры Ержан Қуатұлы.

Бор мен тақтаның ғана көмегімен сабақ өтетін мектеп мұғалімдері көрнекілікті қа­ғазға шығарып келіп, пайдалануға машық­талған. Ал денешынықтыру, химия мен физика пәндері туралы айту артық. 

Мектеп бітіретін түлектер де арысы Алматы қаласы, берісі Өтеген кенті, Байсерке ауылы мен жаңа атауға ие Алатау қаласына қатынап, тестке дайындалудан шаршағандарын жасырмайды. Биыл 11-сыныпты 27 оқушы бітіреді. Ал мектептің күрделі жөндеуге жабылуына байланысты 0-сыныптар мүлдем ашылмаған.

«Мектептің жабылуына байланысты 60-қа таяу жоғары сыныптағы үлгерімі жақсы оқушыларды ата-аналары қаладағы мектептерге тасымалдап оқытып жатыр. Оған ауыл тұрғындарының бәрінің мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан білім сапасына да кері әсер етеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар балаларын алысқа тасы­мал­дай алмайды. Орын жоқтығынан қо­сымша сабақ өткізілмейді. Жоспар бо­йынша мамыр айының 24-і күні мектепті қабылдап алуымыз керек болған. Өкініш­ке қарай, әлі күнге дейін құрылыстың жарты жұмысы да аяқталған жоқ. Алдағы 3 жарым айда қалай аяқталатыны белгісіз. Мына қарқынмен жаңа оқу жылында көшіп-қонып бастамасақ болғаны», – дейді мектеп басшысы.

Білім сапасымен қоса, жолдың қауіп­сіздігі де ұстаздар мен ата-аналарды алаң­датып, сары уайымға салып келеді. Бала­лардың тәртібі мен тәрбие сағатына, спорт пен өнерге баулуға да жыл бойы мүмкіндік болмаған. Қыстан дірдектеп шыққандарын да ұмытпақ емес.

Тоғыз ай тарыдай шашырап оқу жылын аяқтаған ұстаздар мен оқушылардың, ата-аналардың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – өздері сарыла күтіп жүрген мектептің құрылысы сапалы аяқталып, жаңа оқу жылын жайлы мектепте бастау. Алайда мамыр айында күрделі жөндеу аяқталуы тиіс мектепте жұмыс сылбыр, тіптен құрылыстың жартысына жуықтамағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оны жұмысшылар еңбекақыларының уақтылы берілмеуімен байланыстырады.

«Қыстай ішкі жұмыстарды аяқтауға болар еді, оған мердігер компания жұмыс­шылардың еңбекақысын бермеді. 50 адамнан осы күні он шақтысы ғана қалды. Соның салдарынан жұмыс өнбей отыр», дейді бригадир Серік Смағұлов.

Біз орын алған мәселеге байланысты мектеп құрылысына жауапты мердігер «SHEBERBUILD» ЖШС-ның жоба жетек­шісі Марат Қожамқұловпен хабарласқан едік. Ол осы уақытта үш қабатты нысанның бірнеше блогінде қабырға мен төбесінің ішкі әрлеу жұмысы, сыртқы қасбеті жасалып жатқанын, сонымен қатар электр­монтаждау, ішкі қабырғаларды қалау және сылау, әктеу жұмыстары жандана түскенін айтты. Нысанның сыртқы абаттандыру жұмысы қарқын алып, мектеп айналасындағы қоқыстар түгел тазартылып жатқанын хабарлады. 

«Мамырдың 13-інен бастап жұмысшы­лар саны 50-60-қа жетіп, нысанды бір ай мерзімге кешіктіріп, яғни маусымның аяғына дейін тапсырып беруге тырысамыз», – деді Марат Қожамқұлов.

Тоғыз ай бойы тұралап, белгіленген мерзімінен кешігіп жатқан бұл жобаға 1 млрд 10 млн теңге бөлінген.

Жылға жуықтаса да еңбекақысын ала алмаған жұмысшылардың зарына «Amanat» партиялық бақылау комиссиясы құлақ түріп, жалақы бойынша 25 млн теңге қарызды қайтаруға көмектескені туралы облыстық «Amanat»  партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Талғар ауданы Нұра ауылындағы мектеп құрылысымен айналысқан 12 құрылысшы бес ай бойы жалақыларын ала алмай келген. Олар жалақыларының кешіккеніне қарамастан, ешбір үзіліссіз жұмыс кестесіне сай еңбек еткен. Алайда басшыларымен болған келіссөз ешқандай нәтиже бермегеннен кейін құрылысшылар «Amanat» партиясынан көмек сұраған.

«Партиядан көмек сұрамас бұрын, бұл адамдар бірнеше рет өз басшылығымен тікелей сөйлесуге тырысқан. Алайда олар уақытты созып, жұмысшылармен кездесуден қашқан. Осылайша, бас-аяғы 12 адам бізден көмек сұрады. Біз құрылыс алаңын қарап шықтық, компания директорына хабарластық, содан кейін жалақы бойынша барлық қарыз өтелді. Нәтижесінде, жұмысшыларға берілген еңбекақының жалпы сомасы 25 млн теңгені құрады», дейді «Amanat»-тың облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Тимур Нүкебаев.

Пария өкілдері нысанды аралап, ат­қары­лып жатқан жұмыспен таныс­ты. Қазіргі уақытта мектеп құрылысы жал­ғасып, құрылысшылар ішкі әрлеу жұмысына кіріскен.

«Менің қызым 4-сыныпта, Туғанбай ауылына барып оқиды. Мектебіміздің күрделі жөндеу жұмысы өткен жылдың 16 мамырында басталып, биыл осы уақытта аяқталуға тиіс еді. Бекітілген мерзім бітті. Жұмыс өте баяу жүргізілуде. Мына түрімен қыркүйектің 1-іне дайын болады дегенге сене алмаймыз. Біздің балалар қашанғы басқа ауылға барып оқиды? Онда сабақ үш ауысымда оқытылады. Балаларымыздың білім сапасы мен жолдағы қауіпсіздігіне кім жауап береді?», деп налиды бастауыш сынып оқушысының анасы Мадина Абайқызы.

Осылайша, қыруар қаржыға жасалып жатқан мектеп құрылысының уақтылы аяқталып, жаңа оқу жылына сақадай сай болуы ауыл тұрғындарының басты арманына айналып отыр.

 

Алматы облысы