Жастар • 16 Мамыр, 2024

Ұйымның жұмысы қарқынды

54 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір кей өңірлерде тасқынмен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақтарда құтқарушылар, жергілікті тұрғындар жұдырықтай жұмылып, ортақ іске атсалысып жүр. Олардың қатарында «Жастар рухы» жастар қанатының 3 мыңнан аса волонтері де бар.

Ұйымның жұмысы қарқынды

Фото: Asylkhan Seidakhmet. JASTARRUHY

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, су тасқыны басталғалы бері құтқарушылармен қатар көмек көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрген жастар саны арта түскен.

«Жергілікті органдар мен волонтерлер өзара тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Апаттан зардап шеккен тұрғындарға қажет заттарды жеткізу керек. «Жастар рухы» жанынан еліміздің барлық өңірінде жедел әрекет ететін Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Судан зардап шеккен тұрғындар немесе волонтерлер қатарына қосылам деуші жастар осы штабқа хабарласа алады. Еліміздегі барлық республикалық волонтерлік бірлестіктер жұмыла жұмыс істеп келеді. Олардың жұмысын «Жастар рухы» жастар қанаты үйлестіріп отыр. Мәселен, жуырда Атырау облысына жеткен 30 тонна гуманитарлық көмекті «Жастар рухы» мен Қазақстан студенттері Альянсы волонтерлері қабылдап алып, пункттерге жеткізді. Сондай-ақ «Dauletten» қайырымдылық қорымен бірге Солтүстік Қазақстан облысына керекті заттарды жөнелттік», деді А.Искандерова.

Су тасқыны басталғалы бері волонтерлердің бірлескен күш-жігері табиғи апат салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтсақ, халықты қауіпсіз орындарға көшіру, су бөгеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз ету, су астында қалу қаупі бар үйлердің маңын қардан тазарту жұмыстары атқарылып жатыр.

Сондай-ақ «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен азық-түлікпен қатар электр жарығынсыз отырған ауылдарға генераторлар да жеткізілді. Осы тұста айта кететін жайт, гуманитарлық көмекті тез әрі дереу жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақпен қамтамасыз етті. Әуе жолы арқылы көмек Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына жетті.

Өкінішке қарай, су тасқыны басталған сәтте Абай облысында адамдар жоғалды. Оларды іздестіру жұмысына да еріктілер атсалысты. Сондай-ақ «Жастар рухының» 100 волонтері Қостанай қаласы әкімінің шақыруын қабылдап, жағалауды құм салынған қаптармен нығайтуға көмектесті. Волонтерлер өңірдегі су басу қаупі бар аумақтарда тұрғындармен иық тіресе жұмыс істеп, жағаға бөгет қою ісіне белсене атсалысты. Осыған ұқсас жұмыс өзге өңірлерде де ұйымдастырылды.

«Өзен тасиды дегеннен бері қала маңындағы шағын аудандарда қаптарға құм толтырып, бөгет салып жатырмыз. Волонтерлер қатарында жасөспірімдер, егде жастағы тұрғындар, түрлі сала қызметкерлері бар. Уақытпен санаспай апаттың алдын алуға барынша күш салудамыз», дейді атыраулық волонтер Жалғас Халелов.