Қоғам • 16 Мамыр, 2024

Атбасарлықтардың алғысы

36 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктемгі су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған Атбасар ауданының 27 отбасына жаңа пәтерлер табысталды.

Атбасарлықтардың алғысы

Көпшілікті көл-көсір қуа­нышқа бөлеген жаңа пәтер­лердің жалпы құны – 162 млн 700 мың теңге. Жаңа пәтерлер «Асар Астана» қоғамдық қорының қаржысына алынды. Әлі де елу отбасы жергілікті атқарушы органдардың көмегімен өздеріне лайықты пәтер іздестіріп жатыр.

Пәтер бірінші кезекте баспаналары мүлдем жарамсыз болып қалған тұрғындарға берілді. 334 отбасына 123 млн теңге бір жолғы көмек төленіпті. Су тасқы­ны­нан зардап шеккен әр отбасына келтірілген залалды есептеу жалғаса береді.

«Қалада салынып жатқан 100 пәтерлі екі көпқабатты үйдің құрылысын аяқтап, тағы бір дәл осындай тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұзақ уақыттан бері пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды, мүгедектігі бар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жататын адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз. Алдағы уақытта жыл са­йын су тас­қынының зардабын шек­пес үшін Жабай өзенінің арнасын кеңейтіп, түбін тазалап, жағалауын биіктету жұмыстарын жүр­гіземіз»,  дейді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жаңа пәтерлердің кілтін алған атбасарлықтар ел Президентіне, еріктілерге және жанашыр жан­дар­ға шынайы алғыстарын жет­кіз­ді. Жаңа салынып жатқан екі үй көктемгі су тасқыны қаупі үнемі төніп тұратын қызыл аймақ­тағы тұрғындарды көшіруге ар­нал­ған. 2021 жылы құрылыс ма­териалдарының бағасы өсіп кетуіне байланысты аяқталмай қалған. Енді алдағы жоспар оңынан оңғарылса, 200 отбасы қоныс то­йын тойламақ. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ауданда су басқан 250-ге жуық үй толық тексеріліп, сараптама берілді. Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде алғашқы көмек көрсетілді. Комис­сия қорытындысы бо­йынша 40 млн 136 мың теңге шығын кел­гені анықталды, 77 үй апатты жағ­дайда деп танылып, 173 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек», дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.

Су тасқыны кезінде 6 елді мекен аудан орталығымен қатынаса алмай қалған. Екі аптаның ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендердің арасында қатынас орнатылған. Тұрғын үйлермен қатар №1 жалпы білім беретін мектеп пен «Есіл» сауықтыру лагері де зардап шеккен екен. Залал көлемі – 236 млн теңге. Қазір жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жаңа оқу жылына дейін мұқият жөндеуден өткізілмек.

Ел елеңдеген қауіп-қатер де сейілді. Жергілікті тұрғындар атқарушы органдардың әбжіл көмегіне разы.

«Сәуірдің оны күні бізге үлкен көлемде тасқын судың келе жатқаны туралы хабарланды. Үй жиһаздарын жоғары көтеріп қойдық та, қауіпсіз жерді паналадық. Бір әттеген-айы, ұзақ жыл баспанамыз болған үйі­міздің қабырғалары құлап жатыр. Өзім көпбалалы ана болғандықтан, төрт бөлмелі үй тие ме деп үміттеніп отырмын. Ауыл әкімдігінің мамандары қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Жанашыр жандарға мың алғыс», дейді Борисовка аулының тұрғыны Наталья Заика.

Қызыл су жүрген кезде үрей бұлты торлаған Атбасардың ас­паны шайдай ашылып келеді. Бұл – ең алдымен, берекелі істің нәтижесі.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы