Сұхбат • 15 Мамыр, 2024

Әзербайжан-Армения: Ортақ мәміленің жандануына Қазақстан да мүдделі

91 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күні кеше Алматыда өткен Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің кездесуіне өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке мүдделі Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия елдерімен стратегиялық әріптестігі қалыптасқан біраз ел басшылары құлақ түргені анық. Алматы келіссөзінде шекаралық шиеленіс түбегейлі шешілмесе де қос тарап мұндай диалогке алдағы уақытта да баруға дайын екендерін мәлімдеді. Осыған орай біз Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер инс­титуты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен ӘБЕНГЕ Әзербайжан-Армения тақырыбындағы өзекті мәселелерге қатысты бірнеше сұрақ қойған едік.

Әзербайжан-Армения: Ортақ мәміленің жандануына Қазақстан да мүдделі

– Дәурен Әбенұлы, Президент Қ.Тоқаев «Бұл маңызды іс-шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар» деп айтты. Әзербайжан-Армения келіссөздері үдерісінің елімізде өтуінің еліміз үшін қандай тиімділігі бар?

– «Көршің тыныш болса, көңілің де тыныш» деген сөз бар. Әзербайжан да, Армения да бізге бөтен елдер емес. Мен кеңес одағы құрамында бірге болған кешегі жақындастығымызды ғана меңзеп тұрған жоқпын. Әзербайжан – бауырлас түркітілдес ел, стратегиялық әріптесіміз, Қазақстанмен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы. Армения болса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы арқылы біздің әскери-саяси одақтасымыз және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі экономикалық серіктесіміз. Сондықтан осы екі елдің арасында бейбітшіліктің орнауы, қарым-қатынастың реттелуі еліміздің мүддесіне сәйкес келеді. Яғни біздің ресми билік те, халқымыз да алыс-берісіміз берік орныққан қос елдің бір-біріне көз алартып, қару кезенбеуін, қырғи-қабақ соғыспауын тілейді. Өйткені дипломатиялық әрекеттер өз жемісін бермей, Әзербайжан мен Армения татуласпай, Оңтүстік Кавказ қайтадан қақтығыс ошағына айналса, оның жалыны басқа аймақты да шарпуы мүмкін. Сонымен қатар егемен ел болғалы бері Қазақстан бірталай мемлекетаралық немесе ішкі саяси үдерістерге дәнекер, бітімгер ретінде қатысып, оң нәтижелерге жеткенін атап өту керек. Оның ішінде, Қарабақ мәселесінен басқа, Тәжікстандағы азаматтық соғыс, Қырғызстандағы саяси дағдарыс, Иран ядролық бағдарламасы, Түркия-Ресей кикілжіңін атап өтуге болады. Мұндай белсенді сыртқы сая­сат еліміздің халықаралық беделін арттырумен қатар Қазақстанның геостратегиялық жағдайын, геосаяси субъектілігін нығайтады, әлемдік қауымдастықтағы рөлін күшейтеді. Тоқетерін айтқанда, Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілікке қосқан үлесіміз ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге сеп болады.

– Әзербайжан-Армения елдері арасындағы бейбіт келісім аймақтың геосаяси ахуалына қаншалықты нәтиже береді?

– Қандай аймақта болсын ұзақ уақытқа созылған мемлекетаралық жанжал­дардың аяқталуы, бейбіт өмірге келуі өңірдегі геосаяси ахуалдың жақсаруына, қауіпсіздік саласын­дағы жағдайдың тұрақталуына әкеле­ді. Сондықтан Әзербайжан мен Армения­ның 80-жылдардан бері созылып келе жатқан қарулы қақтығысқа нүкте қоюға бағытталған қадамдарын, оларға келіссөз алаңын ұсынып отырған Қазақстанның бастамасын жақсылықтың нышаны ретінде қабылдауымыз қажет. Бейбітшілік, тұрақтылық жоқ аймақтағы мемлекеттер әлсіз келеді, әсіресе сыртқы қауіп-қатерге, ықпалға тиімді түрде тойтарыс бере алмайды. Жылдар бойы дау­ласып келе жатқан екі тарап осы жайтты түсініп, саяси ерік-жігер көрсетіп, өзара бейбіт келісімге қол жеткізсе және оны екі елдің парламенттері мақұлдаса, Оңтүстік Кавказдың ашылып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланатын әріптестік және ынтымақтастық аймағына айналатынына кәміл сенемін. Әрине, бұл аймақта, ең алдымен, Грузияның территориялық тұтастығын қалпына келтіру және тәуелсіздігі мойындалмаған Абхазия мен Оңтүстік Осетияның мәртебесін айқындау сияқты басқа да шешімін таппай тұрған даулы мәселелер бар. Әзербайжан мен Армения келіссөз арқылы Қарабақ мәселесін түбегейлі шеше алса, аймақтағы бір-бірімен біте-қайнасып, жылдан-жылға жалғасып келе жатқан өзге де жанжалдар да бейбіт шешімін табады.

– Оңтүстік Кавказдағы тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің аймақ экономикасына берер тиімділігі жөнінде не айтасыз?

– Ұзақ жылдар бойы Әзербайжан мен Армения қарулы қақтығыста жеңу үшін ұлттық ресурстарының көп бөлігін әскери әлеуеттерін күшейтуге жұмсап келді. Жалпы соғыс – кез келген мемлекет үшін үлкен шығын. Дегенмен бұл жағдайда мұнайға бай Әзербайжан әскери тұрғыдан да, экономикалық даму жағынан да блокадада қалған Армениядан басып озды. Шекаралық қақтығыс тоқтап, өңірде бейбітшілік орнаса, әрмен қарай екі ел қордаланып қалған ішкі мәселелерді шешуге, өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік алар еді. Одан басқа, Баку мен Ереван Тбилисимен серіктесіп, Оңтүстік Кавказдың транспорттық-транзиттік әлеуетін арттыратын өңірлік жобаларды іске асыра алады, көршілес Түркия, Иранмен сауда-саттық, көлік-логистикалық, инвестициялық және басқа да салалар бойынша қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталған келісімдерге қол жеткізуі мүмкін. Яғни шекаралық дау-дамай, әскери қақтығыстар елдің мазасын алып, экономикалық тұрғыдан шығынға батырумен қатар, өзге де көршілеріңмен арадағы қарым-қатынасқа кедергісін келтіретіні анық.

– Кейінгі жылдары Транскаспий көлік бағыты туралы көп айтыла бастады? Өйткені Украина-Ресей қақтығысына байланысты өңірдегі транзит мәселесінде кедергілер пайда болды. Арменияның әзірге Транскаспий көлік бағытына еш қатысы жоқ екені белгілі. Бірақ екіжақты келіссөздер нәтижелі аяқталса, болашақта Армения аумағы аталған көлік бағытының бір тармағы болуы мүмкін бе?

– Балама жүк тасымалдау бағыт-бағдарларын дамыту қажеттілігін біздің ел Украина-Ресей қақтығысына дейін де, коронавирус пандемиясынан  бұрын да түсінген. Бірақ ол үшін біресе экономикалық мүмкіндік, біресе саяси ерік-жігер жетпеді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Оңтүстік Кавказ Орталық Азияны Еуропа елдерімен байланыстыратын көпірге айналды. Сондықтан осы аймақ елдерімен бірлесіп Транскаспий мультимодальді көлік дәлізін дамыту Қазақстанның мүддесіне сәйкес келеді және Арменияның бұл жобаға қатысуы көп логистикалық мәселелерді шешуге септігін тигізер еді. Осы орайда Армения «Бейбітшілік тоғысы» инфрақұрылымдық жобасын ұсынғанын, ал Әзербайжан Зангезур дәлізі жобасын қолдап отығанын білеміз және осыған байланысты екі тарап арасында келіспеушілік туындап отыр. Транскаспий көлік бағыты толыққанды жұмыс істеу үшін оған қатысатын әрбір тараптың ұлттық мүддесі есепке алынуға тиіс. Армения өз аумағы арқылы өтетін барлық инфрақұрылым Ереванның егемендігі мен юрисдикциясында болу керек деп есептейді және бұл талап орынды көрінеді. Өз кезегінде Армения билігі ел арқылы өтетін көлік-коммуникация желісінің, адамдардың, көліктердің және жүктердің қауіпсіздігін жоғары дең­гейде қамтамасыз етуі керек. Бір-бірі­нің мүддесін сыйлаған жағдайда ғана Оңтүстік Кавказ аймағының мемлекеттері өзара сауда-экономикалық байланыс­тарды ілгерілеуге, аймақ­тың транзиттік әлеуетін іске асыруға жан-жақты мүмкіндік алады.

– Делимитация және демаркация мәселесінде Армения халқы, әсіресе оппозициясы ел Үкіметінің шешімімен келіспей мыңдаған адам көшеге шығып, Үкімет басшысы Пашинянның кетуін талап етті. Соған қарағанда Армения үкіметі тығырыққа тірелген сияқты. Бұл келіссөздер әлі ұзаққа созылады деген сөз бе?

– Қазақстанның тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең алдымен, шекара мәселелерінің түбегейлі шешілгенін талап етеді. Сондықтан Әзербайжан мен Армения өзара бейбітшілік пен сенім орнату үшін делимитация және демаркация бойынша келіссөз бастады. Екі тараптың уағдаластығына орай мемлекетаралық шекара 1991 жылғы Алматы декларациясының негізінде кеңес одағы кезіндегі республикааралық әкімшілік шекараға сәйкес келтірілуге тиіс. Әзербайжанға қайтарылып жатқан төрт елді мекен сол елге тиесілі, бірақ соғыстың аты соғыс қой, аталған ауылдардан басқа да дау тудырып отырған елді мекендер, оның ішінде эксклавтар бар. Қарулы қақтығыс салдарынан туындаған жағдайды шешу оңайға соқпайды, көп уақытты қажет етеді, сондықтан келіссөз созылып кетуі де ғажап емес.

– Демек екі тарап ендігі бейбіт келісімге келетін кез жеткен сияқты...

– Дұрыс айтасыз, Армения халқының бір бөлігі ресми Ереван жасап жатқан қадамдармен келіспей наразылық ұйымдастырып жатыр. Дегенмен ел болашағын ойлаған билік басындағы қайраткерлер Армения мемлекетінің қауіпсіздігі үшін бейбітшіліктен басқа балама жоғын жақсы түсінеді. Ең бас­тысы, екі ел қол қоятын бейбіт келісім халықаралық құқыққа, оның ішінде күш қолданбау, егемендікті құрметтеу, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы қағидаттарына негізделген әділ құжат болуы керек.

– Армения 1990 жылдан бері өз бақылауында ұстап келген төрт ауылды Әзербайжанға беруін армениялық биліктің ұзақ жылдар бойғы әскери қақтығыстардан шаршауы деп қабылдауға бола ма?

– Соғыстан екі тарап та шаршады. Әзербайжан негізгі мақсатына жетіп, Қарабақты азат етті. Шұғыл қажеттілік туындамаса, әскери әре­кеттерді жағастыруға мүдделі емес. Ал Арменияның қарулы қақтығысты жалғастыруға шамасы да, қауқары да жоқ. Ереван келіссөзден бас тартса, Оңтүстік Кавказда жаңа шиеленіс бас­талатынын жақсы түсінеді, ал сырттан оны қолдайтын, әскери көмек көрсететін мемлекеттің табылуы екіталай. Сонымен қатар қазіргі жағдайда Армения экономикасы Әзербайжанмен басталуы мүмкін қарулану жарысын көтере алмайды. Осының бәрін ескере отырып, Армения бейбітшілік жолын таңдайды деп есептеймін. Әрине, келіссөздер барысында қиындық туындайды, шекаралық қақтығыстар болуы мүмкін, бірақ олар толық ауқымдағы соғысқа айналу қаупі төмен.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»