Экономика • 10 Мамыр, 2024

Ел азаматтары мемлекеттен 1,4 млн теңге ала алады: Шарты қандай?

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 20 мамырда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінім беру басталатынын хабарлады. Үміткерлер Business.enbek.kz порталында өтініш беру керек. Бизнесті қолдауға берілетін қаржы - 1 476 800 теңгені құрайды, деп жазады Egemen.kz.

Ел азаматтары мемлекеттен 1,4 млн теңге ала алады: Шарты қандай?

Фото: caspianlife.kz

Өтінім қабылдаудың 1-легінде 4500 тұлғаға грант беру жоспарланып отыр.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру грантына өтінім бере алатын азаматтар: 

-  тіркелген жұмыссыздар;

- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

- мүгедектігі бар адамдар;

- қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;

- өңіраралық қоныс аударушылар;

- аз қамтылған отбасы мүшелері;

- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Сондай-ақ үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

«Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді», делінген министрлік мәлімдемесінде.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Ал комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды белгілі шарт негізінде бағалайды.

Грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ электрондық форматта жасалады.

Айта кетейік, грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін беріледі.