Аймақтар • 09 Мамыр, 2024

Командирлер даярлаған училище

269 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Атырауда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жаяу әскер командирлерін даярлайтын училище ашылған. Училищені қысқа мерзім ішінде 200-ден астам атыраулық бітіріп, соғысқа аттанған. Олардың арасында майдан даласында қаза тауып, тіпті із-түзсіз кеткендер де бар.

Командирлер даярлаған училище

Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің дерегіне жүгінсек, КСРО Қор­ға­ныс комиссариаты кадрлар жөнін­дегі бас басқармасының 1942 жылдың 26 ақпанындағы №0106 бұйрығымен Гурьев жаяу әскер училищесі құрылған. Ал 2 наурызда Гурьев облысы атқару коми­теті қалада әскери училищені орна­ластыру жөнінде №102 арнайы шешім шығарған. Онда училищеге ғимараттар, оқу-жаттығу, нысана ату алаңдарына арнайы жер телімін беру, шаруашылық жүргізу үшін полигон бөлу жөнінде мәселе қаралған. Гурьев жаяу әскер училищесін құру міндеті полковник Н.Богданов пен комиссар И.Нифонтовке жүктелген. Училищені ашу жұмыстары күрделі жағдайда жүрген. Оның бас­ты себебі – қалада әскери училищеге лайықты ғимараттың аздығы. Училищеге №44 мектеп, бұрынғы партия курсы тыңдаушыларының жатақ­ханасы, мұғалімдер үйі, облыстық автобасқарманың бөлмесі, өкпе ауру­лар ауруханасы, қалалық әскери комис­сариаттың 1-қабаты, су көлігі вок­залы, Ленин атындағы мектеп, Куйбышев атындағы орта мектебі, мұнайшылар клубының оң жақ қанаты мен «Қазақ­мұнай» комбинатының асханасы бөлініп берілген.

Училище бастығы, полковник Н.Богданов, комиссар И.Нифонтов, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Яралов және Оңтүстік Орал әскери округінің 1-рангалы әскери технигі Зорин округтік интендант генерал-майоры Финогеновке баянхат жолдаған. Онда «Облыстық атқару комитеті тарапынан пәтер қорымен көмектесу жеткілікті дәрежеде емес. Кейбір жеке мәселелер жедел шешімін таппайды. Құрылыс материалдарымен көмектесу барысында қарсылық болды. Облыстық атқару комитетінің жедел түрде жұмыс жасамауынан училищеге бөлінген ғимраттарды әскери оқу орны үшін қайтадан бейімдеу жұмысы мен қажетті мүліктермен қамтамас ету кешеуілдеді. Басшылық құрам қалалық тұрғын үй басқармасы қызметкерлерінің пәтерлерінде тұрып жатыр. Ал казармалар қаладағы құ­рылыс ұйымдарының көмегімен екі қатарлы нарлармен жабдықталды. Өкпе аурулар ауруханасының бөлмелерін оқу сыныптарына лайықтап жабдықтау, орталық жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмысы кешеуілдеді. Тамақтандыру блогіне сорғы стансасын, таза су құбыры, резервуар салу мәселелерін қарастыру қажет», делінген.

«1942 жылдың басында сол кездегі Гурьев қаласына училище бастығы, командалық-оқытушылар құрамы келіп жетті. Жаңа ашылатын училищенің негізгі әскери мамандары Одесса жаяу әскер училищесінің түлектері мен сол оқу орнында қызмет еткендер еді. Училище басшыларына жүктелген негізгі міндеттерінің бірі – майдан үшін кіші командирлер құрамын даяр­лау. Осы училищені қысқа мерзім ішінде 200-ден астам атыраулық бітіріп, майданға аттанған. Қалалық әскери комиссариаттың архивінде сақталған тізімде 1942 жылдың наурыз, сәуір айларында майданға шақырылған 22 атыраулықтың осы училищеге оқуға жіберілгені анықталды.

Училищеге Қазақ КСР-нің Гурьев (Атырау), Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан, РФКСР Чкалов (Орынбор), Челябі облыстары мен Башқұрт АКСР-нің азаматтары жіберілді. Олардың бәрі 1923 және 1924 жылы туғандар. Курсанттар құрамын жасақтау өте шапшаң қар­қынмен жүргізілді. 1942 жылдың ақпан айында 278 адам (атқыштар, пуле­мет­шілер, минометшілер), наурыз айында 1929 адам алынды. Сол жылдың 15 сәуірінде 2387 курсант әскери-соғыс ісінің қыр-сырын оқыған», дейді Аққали Ахмет.

Курсанттардың оқу курсы үш ке­зең­ге бөлінген екен. Бірінші кезеңде жеке жауынгерлік іс-тәжірибе, екінші кезеңде взводта, рота мен батальонда жеке жауынгерлердің іс-қимылы, үшінші кезеңде взводтың іс-қимылы, взводты, рота мен батальонды басқару тәжірибиесі оқытылған. Әр кезеңде курсанттар отрядының оқу-жаттығу күндері 3-5 күнге, екінші кезеңде оқу-жаттығу 11 күнге созылды. Атқыш, пулеметші, минометші курсанттар әкімшілік ісі, авиа­ция, автобронотанк ісін, артиллерия, әскери тарих, инженерлік іс, нысана ату дайындығы, қару-жарақ ісі, байланыс, тактика, топография, әскери-хи­миялық іс, әскери жарғы (әскери, гар­низон қызметі, тәртіптік, қарауыл) секілді жеке пәндерді оқыған.

Барлық оқу-жаттығу қала сыр­тындағы белгіленген алаңда өткі­зілді. Нысана көздеу бойынша бірінші батальондағы 538 курсанттың 127-сі «үздік», 163-сі «жақсы», 159-ы «қанағаттанарлық» бағаға тапсырса, 89 курсант нысанаға ататын үш оқтан бірде-бір оқты тигізе алмаған. Курсанттар үшін нысанға дәл тигізу оқу-жаттығудың ең қиын түрі болған. Өйткені көптеген курсант винтовкамен атудың қарапайым әдіс-тәсілдерін білмеді. Нысанаға ату жаттығуын взвод командирлері жүргізген. Ал олардың көпшілігі училищені жаңадан аяқтап, қарумен атудың тәсілдерін толық мең­гермеген. Сондықтан училище бас­шылығы взвод командирлеріне қосымша айына үш рет, күніне 9 сағаттан кәсіби дайындалу үшін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.

«Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының наурыз айында әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылық құру туралы бұйрығы шықты. Училище бастығы Н.Богдановқа өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бау-бақша өсіру, балық аулау бригадасын ұйымдастыру секілді қосалқы шаруашылық жұмысын жүргізу міндеті қоса жүктелді. Алайда училище басшылығының бұл жұмыстарды жүргізетіндей базасы болмады. Соған байланысты қосалқы шаруашылық үшін қаладан 18 шақырым жерден 56 гектар жер телімі берілді. Училище басқармасы қосалқы шаруашылықты жүргізу мақсатында «Қазақмұнай» комбинатымен келісімшарт жасаған. Келісімшарт бойынша комбинат өз тарапынан жер жырту, су жіберу жүйесін жасау секілді міндеттерін алды. Ал курсанттар судан құтқару үшін 4 шақырымға созылған 75 мың текше метр бөгет салып шыққан. Бірақ комбинат келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамай, көктемгі тасқын кезінде барлық өңделген жерді су басып, егін егуге жарамсыз болып қалған. Сондықтан қаладан 12 шақырым қашықтан көлемі 24 гектар болатын басқа жер телімі берілді», дейді А.Ахмет.

Кейін бұл жерден 2 мың центнер картоп, 1 мың центнер қырыққабат, 750 центнер қызанақ, 680 центнер қияр, 75 центнер пияз, 220 центнер асханалық қызылша, 420 центнер қарбыз, 140 центнер қауын мен асқабақ, 280 центнер азықтық қызылша, 1 центнер темекі өнімдері алынған. Балық аулау мақсатында қаладан сегіз шақырым жердегі жағалау беріліп, 29 сәуір мен 10 мамыр аралығында 1949 кило сазан, 77 кило көксерке, 441 кило шоқыр, 27 кило бекіре, 70 кило пілмай (шип) балығы ауланды. Сәуір айында училище басшылығы облыстық тұтынушылар одағына ұжымшарлардан 60 мүйізді ірі қара, 100 қой, 50 шошқа алуға сұраныс берген. Соған қарамастан, қосалқы шаруашылық өнімдері училище курсанттарын, командалық-оқытушылар құрамын, олардың отбасыларын, жабдықтау бөліміндегі қызметкерлерді азық-түлікпен толық дәрежеде қамтамасыз ете алмады.

«Бұл училище сол кездегі Гурьев қаласында уақытша ашылғандықтан, бұл шаһарда көп тұрақтамайтыны о бас­тан белгілі болған еді. Аталған училище 1943 жылғы 6 сәуірде Ресейдің Астрахан қаласына көшірілді. Ал училищенің түлектері 1942 жылы Сталинградты қорғауға, 1943 жылы Курск доғасындағы шайқасқа, 1944 жылы Донбассты, Белоруссияны, Прибалтика мен Молдавияны, Днепрді азат ету, 1945 жылы Висла мен Одер өзендерінен өтуге, Берлинді алуға қатысты. Училище түлектерінің арасынан 1944 жылдың 9 мамырында Севастополь қаласы үшін шайқаста Т.Гилязетдинов (1924) өзі басқарған взводпен бірге жаудың екі танкісін, екі зеңбірегін жеке құрамымен жойған. Жараланған лейтенант жаудың бір танкісін отқа орады. Осындай ерлігі үшін лейтенантқа КСРО Жоғары Кеңесінің 1945 жылдың 24 наурыздағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені тапсырылды. Майдан даласында М.Ғабдиев, И.Морянов, С.Сағызбаев, К.Сұпығалиев, Ә.Қайырболатов, С.Хайреденов, С.Тамбовцев, Б.Агафонов, Г.Вольнов, Ф.Демяшев, М.Қабиев, Ә.Кенжебаев, С.Бекхожин, Б.Ерманов, Б.Шанбасов, Н.Мұсағалиев, И.Баянов, Е.Нұрымов секілді жерлестеріміз қаза тапты. Із-түзсіз жоғалғандар тізімінде Б.Иманғалиев, Ж.Дүйсенбаев, Ш.Айденов, А.Құлбаев, К.Насенков, А.Недомовный, И.Тарабрин секілді боздақтар бар. Училище түлектері Қ.Түгелбаев, Б.Қаленов, О.Қарасаев, И.Свербихин, И.Прикмета, А.Смыслов, О.Каршев, М.Әбілхасов Қ.Досымбетов, Ж.Есенбаев, тағы басқалары соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне араласып, әр салада жемісті еңбек етті», деді Аққали Ахмет.

 

Атырау облысы