Сұхбат • 09 Мамыр, 2024

Сексен жылдыққа 80 том дайын

124 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы мұрағат материалдарын мұқият зерттеуге бағытталған «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын айрықша атап өткен еден еді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы орайда жоба зерттеушісі Жұмабай ДОСПАНОВТАН осы кезеңге дейін мәлім болған қазақ топырағынан шыққан жауынгерлердің тағдыр-талайы туралы сұрап-білдік.

Сексен жылдыққа 80 том дайын

– Жұмабай Орынғалиұлы, қолға алған жоба туралы кеңі­рек айтып өтсеңіз.

– Қоғамдық негізде жұмыс істейтін жоба 1994 жылдың көктемінде басталды. Жетекшіміз – Бақтықожа Ізмұхамбетов сол кезде «ҚазақТүрікМұнай» бірік­кен компаниясының бас дирек­торы еді. Екіншісі –  Жазу­шы­лар одағының Атырау облыс­тық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, ал мен – әс­кери тарихшымын әрі облыстық сала­лық кәсіподақ комитетінің төрағасымын. Үшеуіміздің де ойымыз бір жерден шығып, әлі ешкім зерттемеген, мемле­ке­ті­міз­ге, хал­қы­мызға өте қажетті істі қолға ал­дық. Арада 5-6 жыл өткен­нен кейін барып діттеген мақ­­­са­ты­мыз­ға қол жеткізе баста­дық. Осы кезеңге дейін тарихи деректерден 56 том еңбек жарық көрді. Олардың 6 томы май­дан ше­бінде болған қыз-келін­шек­тер­ге арналған.

– Екінші дүниежүзілік соғыс­қа қатысқан қазақ офицер­ле­рі туралы қандай беймәлім дерек таптыңыздар?

– Жоба аясында жарық көрген еңбек­теріміз 56 томнан тұра­тын 7 кітап. Алғашқысы – 2015 жылдың сәуірінде Жеңістің 70 жылдығына жарық көрген «Екінші дүние­жүзілік соғыстағы қазақ офи­цер­лері» деп аталатын 10 томдық жинақ. Сол уақытқа дейін мұн­дай тақырыпта бірде-бір кітап басылмаған екен. 2005 жылы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілінің өзі қазақ офицерлері туралы сауалға «500-ден 1000-ның аралығы» деп жауап беріп, олар туралы толық мәлімет жоқ­ты­ғын мойындаған. Ал тұңғыш жи­на­ғымызға еліміз­ден аттанған 8 400-ден аса қазақ офицерлері енді. Оларды тарихи деректермен, құжаттарымен дәлелдеп бердік. Бір ай бұрын тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев қазақтан шыққан 15 батальон командирін тапқанын жарияласа, біздің кітапта олар­дың саны 120-ға жеткенін құжат­тармен көрсеттік. Бұдан басқа артиллерия дивизионын 20, авиа­ция эскадрильясын 2, партизан отрядын 7 қазақ басқарған. Подполковник шеніндегі командирлер саны – 149. Енді осы әскери құрылымдардағы аға офицер-майорға лайық қызметтердегі 55 комиссардың, 162 командирдің саяси, 145 саптық орынбасарын, 79 штаб бастығын, барлығы – 441, алдыңғы 149-ды қоссақ 590 майдангердің аты белгілі болып отыр.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғы­на орай екінші 25 томдығымыз жарық көрді. Мұнда баспадан 12 056 офицер майдангер туралы мәліметтерді шығардық. Соның ішінде 654-і өзге елде туған. Алдыңғы кітаптағы 590 аға буын лауазымдағы сардарымыздың саны кейін 961-ге жетті. Олардың ішінде батальон командирі – 185, дивизион командирі 39 болды.

Полктегі көрсеткішіміз де айтуға тұрарлық. Полк командирі – 16, полк комиссары – 10, полк командирінің саяси орынбасары – 13, полк командирінің сап бойынша орынбасары – 33, өзге орынбасарлар – 3, штаб бастығы – 20, авиаполк штурманы – 2, полк комиссарының орынбасары – 5, полк партия бюросының хатшысы – 66, полк қызметінің бастығы – 143, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері – 73. Барлығы 384 қазақ полкте аға офицер қызметтерін атқарған. Бригада басшылығындағы аға офицер-майорды атамағанның өзінде, тек подполковник шенінде 32 қазақтың есімі белгілі болды. Мәселен, партия комиссиясының хатшысы – 7, бригада қызметінің бастығы – 13, саяси бөлім басты­ғының орынбасары – 6, штаб бөлімшесінің бастығы – 6. Ал дивизия басшылығында майорды есепке алмай, тек подполковник лауазымдағыларды айтсақ, партия комиссиясының хатшысы – 7, дивизия қызметінің бастығы – 14, саяси бөлім бастығының орынбасары – 3, штаб бастығының орынбасары – 3, штаб бөлімшесінің бастығы 9-ға жетті. Корпустағы подполковник шеніне лайық лауазым атқарғандар туралы дерек те көп. Саяси бөлімнің аға нұсқаушысы – 5, әскери трибунал­дың мүшесі – 1, артиллерия шта­бы бастығының көмекшісі – 1, саяси бөлімнің инспекторы – 2, саяси бөлімнің үгітшісі – 1, штаб бөлімі бастығының аға көмек­шісі – 5, бөлім бастығының көмек­шісі – 6. Әйгілі «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штабтары жанда­рын­дағы жедел өкіл ретінде 59 қазақ­тың еңбегі тағы бар.

Қан майданда қазақ офи­цер­лері комсомол мен жас­тарға бас­шылық етіп, тәрбие­леуде, оларды жігерлендіріп, шабуылдарға бастауда өз міндетін абыроймен атқарды, ерен ерлігімен әйгі­ленді. Олардың саны 270-ке жетті. Соның ішінде батальонның ком­сомолдық ұйымдастырушысы – 168, дивизионның комсомолдық ұйымдастырушысы – 8, полк комсомол комитетінің хатшысы – 70, бригада саяси бөлімі бас­тығының комсомол бойынша көмекшісі – 7, дивизия саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 13, корпус саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 1, армия саяси бөлімі бастығы комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 1, майдан саяси басқармасы бастығының комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 2.

– Жоба аясында Кеңес Ода­ғының батыры атағына ұсы­нылып, бірақ оны алмаған деректер де кездеседі екен. Осы жөнінде не айтасыз?

– 2018 жылы екі томдық «Кеңес Одағының батыры атағы беріл­меген қазақстандықтар» жинағы оқырманға жол тартты. Оған ресми түрде осы жоғары атаққа ұсынылған, бірақ берілмей, ордендермен ұлықталған 318 май­дан­гердің ерлігі толық баян­далған, өмірдерек-құжат­тарымен енген. Бұған дейін олардың оннан бірі ғана белгілі болатын.

Төрт жыл бұрын Жеңістің 75 жылдығына бүкіл бұрынғы кеңестік республикаларға үлкен тарту жасадық. «Не ставшие Героями Советского Союза» деген 3 томдыққа бұл атаққа ресми ұсынылған, бірақ атақ берілмеген бұрынғы 15 одақтас республикадан 8 097 майдангерді архивтермен жұмыс істеу арқылы та­уып, кітабымызға енгіздік. Соның ішінде Қазақстанның 417 май­дангері бар. Олардың арасында бірнеше рет Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, ала алмағандар бар. Сол одақтас республикалардан қатысқан бір адамға 4 дүркін, 9-на 3 мәрте, 207-не 2 рет осы атақ берілмеген. Олардың 22-сі елімізден шықса, соның алтауы қазақ. Оның ішінде Зейтен Байжанов, Құдайберген Жансеріков, Қабыш Көктаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мінай­құл Сағындықов, Сейітхан Темір­баевтың есімі аталады. Батыр ата­ғы берілмеген Орал қаласының тумасы Любовь Тележинская 301-атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкінде 2,5 жыл Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге соғысқан. Бұған дейін еш жерде жарық көрмеген бұл кітапқа енуге лайықтылардың жалпы саны бүгінде 9 мыңға жетті.

– Алты қаһарманымыз екі мәрте «Алтын Жұлдыз» тақ­қанда, Талғат Бигелдинов жал­ғыз болмайтын еді, әттең... Бұл кітаптар бұрынғы кеңестік елдерге тарады ма?

– Өкінішке қарай, орыс тілінде жарыққа шыққан жинақтар шетелдерге жеткізілген жоқ. Тек былтыр жоба жетекшісі Бақтықожа Салахатдинұлы Мәскеу­де өткен ТМД Ардагерлер кеңес­терінің басқосуында соңғы 3 кіта­бымызды апарып, таныстырды. Сонда Ресей мен Беларусь ғалымдары мен генералдары еңбектерге жоғары баға берді.

Былтыр шыққан үш томдық «Молодые полководцы РККА во Второй мировой войне», екі томдық «Молодые фронтовики-с­таршие офицеры» кітабымызға 4 мың жас қолбасшы енген. Оның ішінде де еліміздің батырлары көп. Рекордтық көрсеткіш – бүкіл Қызыл Армияда 19 жасында батальон, дивизион басқарған 23 офицер болса, алтауы Қазақстанда өмірге келген. Мәселен, Капьят Төлекеев деген батырымыз 1940 жылы 17 жасында әскери училищеге алынып, 6 айда лейтенант шенімен мерзімінен бұрын үздік бағаға бітіреді. 19 жасында 192-атқыштар дивизиясының 753-полкінде шені подполковникке тиесілі штабы, 800-ге тарта жауынгері бар 3-атқыштар батальонының командиріне тағайындалады. Бес айдан кейін 21 жасында майор шенімен осы полк командирінің орынбасарына дейін жоғарылайды. Сол сияқты А.Невский, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған Заманбек Батырбеков 20 жасында батальон командирі қыз­метін атқарған. Дәл осындай ордендермен марапатталған Ораз Қоңырбаев та 20 жасында атқыштар батальонының коман­дирі болды. Кеңес Ода­ғының батыры атағына екі рет ұсынылып, берілмеген Сағадат Нұрмағамбетов те 20 жасында 1-атқыштар батальо­ны­ның командирі болған. Жасына қарамастан Жеңіс туын желбі­ре­туге үлес қосқан мұндай батырларымыз өте көп.

– Алда Жеңістің 80 жылдығы келе жатыр. Ел тарихы үшін ерекше маңызды жоба қашан аяқталады?

– Былтыр ақпанда Атырауға келген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен осы жоба туралы сөйлестік. Ол мүмкіндігінше  том санын 100-ге жеткізуімізді айтқан еді. Бүгінге дейін 50 том­дық «Қазақстандық майдангер офицерлер корпусы» кітабын шы­ғарсақ, 80 жылдыққа дейін 80 том дайын болады деп жоспарлап отырмыз.

Оқырман көптомдық еңбек­те­рімізден батырларымыз туралы тың деректерге куә боларына сенімдіміз. Қазақ батырлары бұл алапат соғыста ерліктің, қа­һар­мандықтың, отаншыл пат­риотизмнің небір үлгілерін көр­сетті. Үкімет тарапынан сол кезде, одан кейін ерліктері баға­ланғандары бар. Сондай-ақ еңбегі еленбей, ескерілмей қалғандар да аз емес. «Ештен – кеш жақсы» деген, Үкімет жыл сайын өмірде жоқ болса да, ерен ерлік көрсеткен батырларды ұлықтап келеді. Бұл іске біздің жобаның септігі тиіп жатыр. Жергілікті жерлерде батырлардың есімдері алаң, көшелерге беріліп жүр. Бұл өнегелі іс, әсіресе, Атырау облысында жемісті жүзеге асып жатыр.

– Майданда қазақ қыздары да ерлік көрсеткені анық. Ол туралы қандай деректер кездесті?

– Ал 2019 жылы өмірге келген бесінші еңбегіміз «Женщины-фронтовики Казахстана» деген 6 томдығымыз. Оған қазақ жерінде кіндік қаны тамған 7 477 майдангер қыз-келіншекті кіргіздік. Бұған дейін қолдарына қару ұстап жауға қарсы барған қыз-келіншектердің нақты саны анықталмады. Оның өзінде оннан бірінің ғана соғысқа қатысқаны туралы құжаты болған еді.

– Кеш болса да Рейхстагқа ту тіккен батырымыздың ерлігін марапаттадық. Алайда сол кезде 150-атқыштар дивизиясының екі полкіне жол ашқан танк командирі, қазақ жігіті мен оның экипажы жоғары марапаттан құр қалды.

– Ол батырымыздың есімі – Айтмахан Нақыпов. Ол  70-механи­ка­ландырылған бригаданың 229-танк полкіндегі Т-34-танк мұна­расының командирі болды. Сол жылдары 23 сәуір мен 2 мамыр аралығында Берлин қаласы ішіндегі қиян-кескі ұрыстарда танкісімен бір өзі ғана өздігінен жүретін зеңбірек қондырғысын, 4 пулемет пен 65 фашисті жойған ерлігі үшін «Өжеттігі үшін» медалімен марапатталған. Бұдан бөлек, 1943 жылдың 9 қаңтарында Сталинградты жаудан құтқарудағы ауыр шайқаста 180 метрлік биіктік Мамаев қор­ғанының ұшар басында жаудың 6 ро­тасымен 284-атқыштар ди­ви­зиясының 1045-атқыштар полкі құрамындағы 2-атқыштар батальонының командирі, лейтенант Шәмшит Қабдонасов та бір тәулік бойы тынбастан айқасып, қарсыластың екі ротасын жер жастандырады. Осылайша, 17 тәулік бойы фашистердің дүркін-дүркін қарсы шабуылдарына тойтарыс беріп, ерлік жасайды. Бірақ көзсіз ерлікке барған әрі қайсарлықпен қорғанды қорғаған батырымыз бар болғаны «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Қошқарбаевпен бірге осы екі батырымызды да бірге ұлықтап, ерлігін ұрпаққа жеткізген жөн. Бүгінде Мамаев қорғанына қазақ батырының ескерткіш тақтасын қойған орынды болар еді. Жеңіске қол жеткізуде қасық қаны қалған­ша күрескен майдангердің лайық­ты бағасын беру де үлкен жеңіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»