Көрме • 07 Мамыр, 2024

Президенттік орталықта бірегей көрме ашылды

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

3 мамыр күні Президенттік орталықта Отан қорғаушылар күніне, Жеңіс күніне және Р.Қошқарбаев пен С.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесінің ашылуы өтті. Аталған көрмеде Президенттік орталықтың қор жинақтарынан тапаншалар топтамасы көрермен қауымға алғаш рет ұсынылды. 

Президенттік орталықта бірегей көрме ашылды

Фотолар: Қырмызы Жұмағалиқызы

Шара басталмас бұрын, Президенттік орталық директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Ботагөз Қайыповамен тілдесіп, пікірін сұрағанымызда: «Тапаншалар тарихына қатысты үлкен кешенді көрме ұсынып отырмыз. Үш бөлімнен тұратын осы көрме – жүректі толқытатын өте ерекше. Көрме – отандастарымыздың ерліктерін жан-жақты сипаттап, әңгімелеп беретін жәдігерлерден құралған. Көрмеде Қазақстаннан аттанған майдангерлерді қолдау мақсатындағы Мәлік Ғабдуллиннның, Сәбит Мұқановтың жазбалары, хаттары, т.б. ұсынылған. Көрме – кешенді түрде 27 тапаншаның тарихымен таныс қылады. Сонау XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі әртүрлі тапаншалар көрсетілген. Соның бәрі көрермендердің қызығушылығын тудырады деген ойдамын», деді.

Қ.Ж.Мемлекеттік күзет қызметінің құрмет қарауыл ротасының дефиле көрсетілімімен, сондай-ақ Президенттік оркестрдің шығармашылық ұжымының музыкалық композицияларымен басталған салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлегендер сәулетті еліміздің өзіндік қорғаныс қабілетін білдіретін аталған мерекелермен құттықтап, Президенттік оркестрдің солистері және  Ұлттық Ұланның ән-би ансамблінің ерлер хоры өнерлерімен мерекелік көңіл-күй үстеді.

Қ.Ж.

Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, патриоттық тәрбие тұрғысындағы осынау көрменің мақсаты – еліміздің тарихына деген қызығушылықты арттыру. Сол орайда Президенттік орталықтың музей қорынан көрмеге алғаш рет әскери тарих пен әскери өнердің ажырамас бөлігі – тарихи және заманауи қарулардың бірегей үлгілері қойылған. Көрмеде барлығы 80 экспонат, оның ішінде 30-дан астамы атыс қаруы.

Н.Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан сөйлеген сөзінде халқымызға жігер беретін, әскери күштерді жаңа бір деңгейге көтеретін, тарихымыздың тереңде жатқанын дәлелдейтін осындай көрменің өткізілуі өсіп келе жатқан келешек ұрпаққа бағыт берер салиқалы саясаттың бір көрінісі екенін тілге тиек етті.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов: «Кең байтақ жеріміз батырлықпен ғана емес, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың арқасында сақталды. Патриоттық тәрбиенің бағыттарының бірі – елдің, халықтың тарихын білу, мемлекеттің дамуына зор үлес қосқан ата-бабаларымыздың ерліктерін білу және қастерлеу. Ойлап көріңіздерші, бүгінгі көрменің кейіпкері Сағадат Нұрмағамбетов 20 жасында-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған. Рейстахқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев та небәрі 20 жаста еді. Міне, осындай батырларымызды жас сарбаздарымыз мақтан тұтып, олардан үлгі алу керек. Сонда ғана біздің Қарулы күштеріміздің болашағы зор болады», дей келе, «Сағадат Нұрмағамбетовті көзіміз көрді, екінші әкеміз еді. 1992 жылды білесіздер, ақша болмаған, жанармай жоқ, тамақ аз болған қиын заманда министр болып келген ол кісі еліміздің Қорғаныс саласының аяқтан тұруына зор үлес қосты», деді.

Қ.Ж.Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, полковник Ермиян Бятовтың өз сөзінде, еліміздің Қарулы Күштері күрделі даму жолынан өтіп, қазір Қазақстанның тәуелсіздігін сенімді қорғайтын және соғыс жылдары ата-бабаларымыз салған дәстүрлерді жалғастыратын жауынгерлік қабілеті жоғары армия екенін айта келе, есімдері аңызға айналған Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовке арналып алдағы уақыттарда ашылатын ескерткіштер, деректі фильмдер, өткізілетін іс-шаралар туралы тоқталып өтті.

Үш бөлімнен тұратын көрменің 1-ші бөлімінде соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы материалдар жұртшылық назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Рейхстагқа алғашқы болып қызыл туды тіккен Рахымжан Қошқарбаев, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов, майдан даласында ерлікпен шайқасқан жаужүрек ерлер, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда, И.Павлов, сондай-ақ батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен қазақ әйелдері Ә.Молдағұлова, М.Мәме­това, Х.Доспанова туралы деректер бар. Сонымен бірге гвардияшы-панфиловшы Аяп­бергенов Сағынай Адамұлының жеке мұрағатынан алын­ған материалдар ұсынылды.

Қ.Ж.

 Қ.Ж.

Қ.Ж. 

«ҚР ПІБ Президенттік орталы­ғы­ның қорынан тапаншалар топтамасы» атты екінші бөлімде Президенттік орталықтың қорынан алын­ған атыс қаруларының түр­лері, атап айтқанда револьверлер­ден қазіргі заманғы атыс қаруларына дейін көрсетілді. Адамзат баласы қадым замандарда жасап үйренген қарабайыр қарулармен аң аулап, азық-түлік өндіргені мәлім. Инженерлік ойдың, ғылымның, техниканың дамуы қарудың жаңа түрлері – атыс қаруын жасауға ықпал етті. Экспозиция Лефоше, Кольт, Браунинг, Федерле, Стечкин және тағы басқа көрнекті қару-жарақ құрастырушылардың туындылары таныстырылды. Еуропа, АҚШ, Ресей және Түр­кия­дағы жаһандық қару өндіру­­ші­лердің револьверлері, тапаншалары көрме сөрелеріне қойылған. Экспонаттар арасында бундель револьвері, Лефоше револьвері, дуэльдік тапаншалар секілді антикварлық үлгілер де бар.

Қ. Ж.

Қ.Ж.«Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» деп аталатын үшінші бөлімде көрермендер ел әскерінің қалыптасу тарихымен танысты. Аталған тарих жылнамасы 1992 жылдың 7 мамырынан бастау алады. Өйткені, дәл сол күні ҚР-ның Мемлекеттік қорғаныс комитетін ҚР-ның Қорғаныс ми­нистр­­лігі етіп қайта құру туралы және Қазақ­стан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлықтарға қол қойылған болатын. Ел армиясы 30 жылдан астам уақыт ішінде өзінің даму тарихында күрделі жолдан өтіп, әлемдегі кез келген қуатты армия санасатын заманауи күшке айналды.

Айта кетсек, Пре­зи­денттік орталықта өтіп жат­қан «Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесі 1 маусымға дейін өтеді.