Қоғам • 04 Мамыр, 2024

Оңалту орталығындағы сауапты іс

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғаты тамаша тау бөктеріне жақын орналасқан, аумағы 7 гектар болатын «Ақ бұлақ» оңалту орталығында балаларға жасалған жағдай, тың әдістер бүгінде өзге мекемелерге үлгі етіліп келеді. Орталық жұмысын жетілдіре түсу үшін қызметкерлері Рамазан айында пітір садақаларын арнайы қорға жинап, сол қаражатты жақсы бастаманы жүзеге асыруға жұмсаған.

Оңалту орталығындағы сауапты іс

Денешынықтыру кабинеті, ән және ойын терапиялық бөлмелері зама­науи үлгі­де жасақталып, арнайы мектеп каби­нет­тері ұлттық нақыш­та безендірілген. Бір бөлме аспан ғалам­шарларымен көркемделіп, телес­коп аппараты қойыл­ған, яғни бала­лардың қиялына ерік беретін мүмкін­дік жасалған. Облыстық балаларды оңалту орталығы 3 жастан бас­тап кәмелетке толмаған мүмкінді­гі шек­теулі балаларға медициналық көме­гін ұсынады. Мұндағы 175 төсек-орынның 85-і неврологиялық, 90-ы ортопедиялық сырқаттарға арналған. Былтыр мұнда 2 800 бала оңалту ем-шараларын қабылдаған. Орталықта 177 адам тұрақты жұмыс істейді.

«Біз садақаны сауапты іске жұмсап, орталық қызметін жақсарта түсу мақса­тындағы бастаманы біраздан бері ойлап жүргенбіз. Ем алуға келген балаларды барынша қызықтырып, өмір сүруге құлшынысын арттыруды қаладық. Түрлі кабинеттер ашып, баланың зейінін көтеруге мүмкіндік сыйладық деп ойлаймын. Біздің орта­лыққа келген балалар 18 күн ішінде білім алып, жан-жақты дамиды деген сенімдемін. Осы бастамамды қолдап, қолұшын созған кәсіпкерлерге, ұжым­дағы барлық қызметкерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Сырттан адам шақырмай, барлық істі жұмыла атқардық. Ойым­дағыдан да керемет дү­ниелер шықты», дейді оңалту орта­лығының басшысы Нұрхан Нарымбетова.

Орталықта балалардың медицина­лық ем-шаралармен қоса үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету мақсатында бас­тауыш, негізгі және жалпы орта білім беру көлемінде математика, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, Қазақстан және дүние жүзі тарихы, жаратылыстану, география пәндері базалық тәртіпте оқытылады. Математика пәні Qalan.kz интерактивті онлайн пор­талы арқылы өткізіледі. Ерекше бала­лардың математикалық сауатын арт­тыру маңызды екенін ескеріп, атал­ған порталды бір жыл тегін пайдалану мүмкіндігін сыйлаған Qalan.kz-тің негі­зін қалаушы Асқар Болатқа орталық қызметкерлері дән риза. Іскер басшы Нұрхан Мәдәліқызының осындай балалар үшін жасаған игілікті де сауапты ісі әріптестеріне үлгі болып отыр.

«Ұжымдағы мейіргерлер, кіші қыз­меткерлер бірігіп, бірі қабырғаға сурет салып, бірі ою ойып, тұсқағаз жа­быс­тырып, бірі арнайы аппарат сатып алып беріп, бірі қолданыстан тыс қалған арбасын әкеліп үлкен ұйым­шылдық танытқан. Арнайы бөлме ыңғай­­ластырып, телефонға телмір­ген ба­лаларға пайдалы дүниені үйре­тудің өзі – үлкен қуаныш. Ауыз толтырып айтуға боларлық бұл бастама жалғасын табады деп ойлаймын», дейді Денсаулық сақтау басқармасының облыс бойынша штаттан тыс балалар реабилитологі Мариям Парманова.

Айта кетелік, Түркістан облысында мүгедектігі бар 11 мыңға жуық бала есепте тұрады. Соның 30 пайызы – жүйке жүйесі ауруларына шалдық­қан ерекше балалар. Оларға өңірде 4 оңалту, 3 қамқорлық орталығы қызмет көрсетеді.

 

Түркістан облысы