Ұлттық спорт • 04 Мамыр, 2024

Көшпелілер ойындары AIPS-те насихатталды

36 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Испанияның Санта Су­санна қаласында Ха­лық­аралық спорт басы­­лым­дары қа­уым­дас­­ты­­ғының (AIPS) 86-конгресі өтті. Кон­гресс аясында Астанада өте­­тін V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарының бағ­дар­ла­масы таныстырылды.

Көшпелілер ойындары AIPS-те насихатталды

Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтетін, журналистер «спорт басылымдары арасындағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы» деп атап кеткен AIPS конгресі жыл сайын түрлі елдерде ротациялық негізде өт­кізіледі.

1924 жылы құрылған AIPS – спорт тақырыбына маманданған журналистердің халықаралық кәсіби ұйымы. Қазіргі уақытта оның 100-ден астам елден 8000-ға жуық мүшесі бар. Осы жолы 96 елден келген 230-дан астам делегат спорт басылымдары форумына қатысты.

86-AIPS конгресі аясында Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 8-14 қыркүйек ара­­лы­ғында Астанада өтетін  V Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойын­дарын таныстырды.

Делегация Дүниежүзілік көш­пелілер ойындардың басты миссиясы – әлемдік этноспорт қозғалысын дамыту, жаһандану дәуірінде тарихи-мәдени мұраны және әлем халықтарының алуан түрлілігін сақтау, этноспорт түрлерін, әлем халықтарының дәстүрлі ойындары мен сайыс­тарын халықаралық аренада насихаттау, дінаралық және мә­дениетаралық диалогті, әлем халықтары арасындағы өзара түсіністік, достық пен келісімді нығайту екенін түсіндірді. Қаты­су­шыларға Қазақстан билігінің бұл іс-шараға ерекше мән бере­тіні де айтылды. Конгресс қа­тысушылар таныстырылымды зор ықыласпен тыңдады.

Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының президенті Джованни Мерло­ның пікірінше, «Астанада Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарын өткізу Ұлы даланың ғасыр­лар бойғы бірегей мәде­ниетімен танысуға қолайлы мүм­кіндік бе­реді. Су тасқынына қарамастан, Қа­зақстан би­лі­гінің көшпелілер ойындарын өткізуден бас тарт­пағаны қуан­тады. Бұл Қазақстанда спорт­қа зор мән берілетінін айғақ­тайды».

– Біз өзіндік креативті стилі бар, әлеуеті зор Қазақстандағы спорт журналистикасын асқан қы­зығушылықпен бақылап отыр­мыз. Қазақстан делегациясы AIPS форумдарына белсенді қатысып, оның барысында өз бастамаларын тұрақты негізде ұсынып келеді, – деп атап өтті Халықаралық спорт басылым­дары қауымдастығы Азия бөлім­шесінің (AIPS ASIA) бас хат­шысы Амджад Малик.

– Форумға қатысушылар ала­пат су тасқынына байланыс­ты еліміздің бірқатар ма­ңызды ха­лықаралық іс-шара­дан бас тар­­тып, бюджет қа­ра­жатын үнем­дегеніне қарамастан, Қа­зақ­­стан әлі де Дүние­жүзі­лік көш­пе­лі­лер ойын­дарын өт­кі­зуге дайын екенін құптады, – деді Ха­лық­­­аралық спорт басы­лым­да­ры қа­­уымдастығы Азия бө­лім­­­­шесінің (AIPS ASIA) атқа­ру­шы ко­ми­тетінің мүшесі Ілияс Омаров.

Сондай-ақ AIPS конгресі аясында жаңа «Sport Plus Qazaq­stan» телеарнасының тұсау­кесері өтті. Сонымен қатар қаз­ақ­стандық делегация өкілдері Қауымдастықтың 100 жылдығы шеңберінде тәжірибе алмасу мақ­сатында Қазақстанда жас тіл­ші­лер үшін (AIPS Young reports) халықаралық AIPS семинарын ұйым­­дастыруға дайын екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар